ҰЛЫ ЖЕҢІС — ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысып, ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен майдангерлердің қатары сиреп барады. Бүгінде облысымызда сол жылдардың бір жүзден астам куәгері тұрып жатыр. Омырауына таққан орден-медальдары олардың жеңімпаз жауынгер екендіктерінің айғағындай. Қатары қатты сиреген ардагерлеріміз Ұлы Жеңістің 73-ші көктемінде жылдағы дәстүр бойынша Петропавлдағы “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне қарай аяңдады.

Ардагерлерді және жиналған халықты облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

– Жеңіс күні – ерлік пен бірліктің, даңқ пен батырлықтың мерекесі. Ұрпақтың болашағы үшін жан аямай күресіп, ұрыс даласында қалған жауынгерлерді еске алып, майданнан оралған ардагерлерге құрмет көрсететін күн. Елде отырып, майданды қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің еңбегі де өлшеусіз. Бүгінде ардагерлеріміздің қатары сирегенімен, ерлік даңқы асқақтай береді. Жастар бірлік пен бейбітшіліктің бағасын біліп өсуі керек. Аталарының аман алып қалған кең даласын, елін дамытып, өркендету – бүгінгі өскелең ұрпақтың парызы, – деген Асқар Жоламанұлы Ұлы Отан соғысына өңірімізден 910 мыңнан астам адам кеткенін, оның 34 мыңға жуығы майдан даласынан оралмағанын атап өтті. 52 солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының батыры атанса, 11 жерлесіміз Даңқ орденінің толық иегері болды.

Шара барысында соғыс ардагері Петр Гладков басынан кешірген қаһарлы күндерді, майдандағы бауырларын есіне алып, өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке алғысын бір шумақ өлеңмен білдірді. Соғысқа 1943 жылы аттанған ардагер бірінші Украина майданында соғысып, екі рет ауыр жараланыпты. Бүгінде жасы тоқсаннан асса да қайраты қайтпаған, жүрісі нық, дауысы мығым.

Қан майданнан оралмаған боздақтардың рухына тағзым ету үшін “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылып, Отан үшін от кешкен жерлестеріміз бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Жеңіс күнін тойлауға жиналған ардагерлер мен жұртшылықтың назарына жергілікті әншілер Бақыт Ілиясов пен Ұлан Қабылдың орындауында “Журавли”, “Әлия” әндері мен “Движение” ансамблінің биі ұсынылды. Бір-бірімен көптен көріспеген ардагерлер Ұлттық ұлан әскери институтының курсанттары әзірлеген солдат ботқасынан дәм татып, арқа-жарқа болып, әңгіме тиегін ағытты.

Соңғы жылдары дәстүрге айналған “Мәңгілік полк” акциясы биыл да жалғасын тапты. Шерудің мақсаты – ел қорғаған жауынгерлердің есімін дәріптеп, ерлігін жас буынға үлгі ету. Осы күні акцияға жалпы саны сегіз мыңға жуық кәрі-жас қосылып, облыс орталығының Пушкин – Букетов – Әуезов – Қазақстан Конституциясы көшелерін бойлай жүріп, басты алаңға аялдады. Мән-маңызы зор шеруге қатысушы Әйгерім Дидар нағашы атасы Рақымжан Елеукиннің суретін ала шығыпты. “Нағашы атам 1915 жылы Жамбыл ауданының Орталық ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Австрия, Венгрия, Чехословакия елдерінде соғысты. Әуе десантында қатардағы жауынгер болып, жеті рет парашютпен секірген. 1992 жылы 80 жасында қайтыс болған атам 10 бала өсірді. Отан үшін толарсақтан саз кешкен атамды мақтаныш етемін”, – деді атасын сағынышпен еске алған немересі.

Ал Есіл ауданының тумасы Қалимолда Теміровтің портретін шеруге ұлы Аманжол Теміров ала келіпті. Сталинград майданында байланысшы болған жауынгер 1945 жылы жараланып, елге оралған. Ұл-қыздарын жеткізіп, 20 немере сүйген. Аманжол аға бүгінгі өскелең ұрпақ Жеңіс күніне ерекше құрметпен қарауы тиіс екенін айтып, қабырғаны қайыстырған соғыс қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

Басты алаңда ұйымдастырылған “Желбіре, Жеңіс жалауы” атты театрландырылған мерекелік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Иә, 1418 күнге созылған соғыс біреуді әкесіз қалдырса, енді біреуді аға-бауырынан айырып, қайғы шектірген еді. Алаңда орындалған композиция көрерменге бүгінгі бейбіт өмірге баға жетпейтінін түсіндіргендей болды.

Бұл күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен “Сбербанк” акционерлік қоғамы облыстық филиалының қызметкерлері де әскери киім киіп, Жамбыл және Парк көшелерінің аралығында соғыстан сыр шертетін көрмелер ұйымдастырды. Автокөліктері мен мотоциклдеріне жеңіс лентасын таққан жүргізушілер шеруі мереке мерейін одан сайын үстем етті.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет мұнан әрі “Жеңіс” саябағында жалғасты. Мұнда Жеңіс стеласына гүл шоқтары қойылып, майдан туралы шағын қойылымдар көрсетілді. №6637 әскери бөлімнің сарбаздары ата-бабадан қалған аманатқа адалдығын концерттік бағдарлама арқылы жеткізсе, кешке жастар “Естелік шамшырағын” жақты. “Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс!” мерекелік бағдарламасы отшашумен қорытындыланды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика