ТӘУЕЛСІЗДІК ҚОРҒАНЫ

Отан қорғаушы күні мерекесіне арналған салтанатты шарада солтүстікқазақстандықтар мен қала қонақтары ең алдымен Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалардың рухына тағзым етті. Бұл шараға соғыс және еңбек ардагерлері, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің, қаланың еңбек ұжымдарының, жастар ұйымдарының өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.

Тарихқа сүйенсек, қос батыр жоңғарлармен болған шайқаста қаза тапқан. Есім ханның қол астында шайқасқан оларға облысымыздағы Айыртау ауданының топырағы бұйырып, ол жерде батырларға арналған мемориалдық кешен тұрғызылған. Облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтайдың достығын бейнелейтін ескерткіштің де орны ерекше. Оның алдына жиналған соғыс және еңбек ардагерлері батырлардың ерлігін жастарға үлгі етті. Жиналғандар жоңғар шапқыншылығында елімізді қорғаған батырлардың ерлігіне бас иіп, тағзым етіп, Қазақстанда мәңгілік бейбітшілік орнасын деген тілектерін жеткізді.

Мерекелік шара орталық алаңда жалғасын тапты. Жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев құттықтады.

– Бұл күн, шынында да, ержүректіктің, батылдық пен отаншылдықтың үлгісі болып табылады. Бүгін біз мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын лайықты қамтамасыз ете отырып, өз өмірлерін әскери қызметке арнаған адамдарға құрмет көрсетеміз. Бұл күні біз шынайы отаншылдықтың, адалдықтың және Отанға қалтқысыз қызмет етудің өнегесі болып табылатын соғыс ардагерлеріне алғыс пен ілтипатқа толы, ең жылы лебіздерімізді білдіреміз. Бүгінгі таңда соғыс қаһармандарының немерелері мен шөберелері аталарының ісін лайықты түрде жалғастырып, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, отандастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда, – деді Антон Владимирович.

Содан кейін қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін №6637 әскери бөлімінің барлаушысы Самат Ахметжановқа, облыстық қорғаныс істері департаментінің бөлімше бастықтары Николай Покидько, Гүлмира Рамазанова және Гүлмира Өтегеноваға І және ІІ дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін” медалі табысталса, сегіз жерлесіміз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл жерде қызылжарлықтар мен қала қонақтары арнайы орнатылған “LED” экраннан Отан қорғаушы күніне орай Жамбыл облысындағы “Отар” әскери базасының аумағында өткен әскери шеруді тікелей байланыс арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шеруге үш мың әскери қызметкер, 300 бірлік қару-жарақ пен әскери техника, 40 ұшу аппараты қатысты.

Еліміздің бүгінгі әскери әлеуетін паш еткен шараға қатысқан Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртшылықты Отан қорғаушы күнімен құттықтап, еліміздің бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.

– Баршаңызды Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап бізге аманат етіп қалдырды. “Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді” деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Әскери шеру барысында аумақтық әскери бөлімдердің қызметкерлерінен құралған 19 жаяу шеру тобы алаңда жүріп өткен соң, барлау әскери бөлімдері қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техниканы қолданып, тактикалық әрекеттер көрсетті. Тактикалық эпизодтарды орындау барысында “Точка-У” тактикалық зымырандық кешені, “Град” және “Прима” зымырандық жүйесі, “МСТА-Б” және “Д-30” зеңбіректері, “Солнцепек” ауыр зымырандық жүйесі, “Штурм-С” танкіге қарсы зымырандық кешені және ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері паш етілді. Әскери-әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтары әуе ұрысын жүргізіп, ұшқыштар тобы шеберлігін көрсетті.

Қызылжарлықтардың әскери шеруге көңілі толып, еліміздің Қарулы Күштерінің күш-қуатына бір марқайып қалғаны сөзсіз. Шара соңында “Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы” мерекелік концертінде әннен шашу шашқан Ұлттық ұланның әскери институтының курсанттары және №6637 әскери бөлімінің сарбаздары мерекенің сәнін келтірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика