ДАМУДА ӨСІМ БАР

Кеше облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, облыстық бюджеттің орындалуы, көктемгі егіске дайындық жұмыстарының барысы және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысының өкімімен Арман Сарбайұлы Оразғұлов облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы, ал Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Өңіріміздің үстіміздегі жылдың төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты екені туралы облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев айтып берді. Статистикалық деректерге сәйкес, қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 85 млрд. теңгенің өнімін шығарған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге артып, 8,6 млрд. теңгені құрады. Өндіріс пен сауда-саттық 5,8 пайызға, ал ауыл шаруашылығы 4 пайызға өскен.

Қайта өңдеу саласында едәуір өсім тіркелген, мысалы тамақ өнімдерінің өндірісі 37,2 пайызға артқан. Ал машина жасау саласындағы көрсеткіш, керісінше, 19,4 пайызға кеміген. Төрт айдың ішінде Есіл, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілген.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы, алайда, бұл бағытта әлі де біраз іс атқару қажеттігін атап көрсеткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов жыл басынан бері тындырылған жұмыс нәтижесіне оң бағасын берді.

Бұған дейін өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің жалақысын өсіру қажеттігін бірнеше мәрте ескерткен болатын. Соңғы деректер бойынша, орташа айлық жалақы 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 8,9 пайызға өсіп, 102254 теңгені құраған. Облыс бойынша ең төмен жалақы мәдениет, ойын-сауық, демалыс, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету салаларындағы қызметшілерге тиесілі. Олар сәйкесінше, 71598 және 66903 теңге еңбекақы алады. Ал аудандардың ішінде ең төменгі көрсеткіш Уәлиханов (79297 теңге) пен Мамлют (78931 теңге) аудандарында тіркелген. Бір атап өтерлігі, Жамбыл ауданы (100,4 пайыз) мен Петропавл қаласын (101,3 пайыз) есептемегенде, басқа аудандар ең төменгі жалақының деңгейін жұмысшылардың санын қысқарту арқылы өсірген.

Мұндай көзбояушылыққа жол берген аудан әкімдері өңір басшысының сынына ілінді. Құмар Ақсақалов кеңеске қатысқан аудан басшыларына еңбекақыны көтеру үшін барлық шараларды қолға алуды тапсырды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов төрт айға жоспарланған бюджет қаражаты 99,2 пайыз орындалғанын хабарлады. Ал республика бюджетінің игерілмеген сомасы 344,9 млн. теңге болса, жергілікті бюджет бойынша бұл көрсеткіш 74,4 млн. теңгені құрады. Қазына қаржысын тиімді игере алмағандардың тізімінде Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Ақжар, Айыртау аудандары көш бастап тұр. Ауыл шаруашылығы (197,8 млн.теңге), құрылыс, сәулет және қала құрылысы (75,9 млн. теңге), денсаулық сақтау (35,8 млн. теңге) басқармалары да бөлінген қаржыны уақтылы жұмсап үлгермеген.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе – көктемгі егіске дайындық жұмыстарының барысы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың айтуынша, өңір диқандары дән себуге дайын. Шаруалар ылғал жабу жұмыстарын толығымен аяқтап, 138,7 мың гектар жерге тыңайтқыш сіңіріп үлгерген.

– Биыл Қызылжар өңірінде 4,1 млн. гектар алқапқа дән сіңіріледі. Оның 2,6 млн. гектарын дәнді және бұршақты дақылдар құрайды. Ал майлы дақылдар егістігі бір миллион гектарға жеткізілмек, яғни өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға көп. Жалпы 421 мың гектарға жем-азықтық дақылдар сіңіріледі. Сондай-ақ, 50 мың гектар алқапқа картоп, 10,8 мың гектар жерге көкөніс отырғызылады. Бүгіндері өңір диқандары тұқыммен және тыңайтқышпен қамтылып жатыр. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отыны да жеткізілуде, – деді Қайрат Омаров.

Көктемгі егіс науқанына 548 мың тонна тұқым дайын. Оның 474,9 мың тоннасына сараптама жүргізілген. Бұл жұмыс Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Тайынша, Уәлиханов және Жамбыл аудандарында сылбыр жүргізілуде.

Сондай-ақ, Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 66,6 мың тонна жанар-жағармайдың 79 пайызы, яғни 52,7 мың тоннасы шаруашылықтарға жеткізілген. Биыл “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ына облыс диқандары тарапынан 23,5 млрд. теңгенің техникасын сатып алуға 235 өтініш түссе, бүгіндері оның 200-і қаржыландырылды.

Облыс әкімінің орынбасары, облыстық көктемгі су тасқынына қарсы штабтың жетекшісі Антон Федяев көктемгі су тасқынының барысы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, биылғы көктем өткен жылмен салыстырғанда қалыпты деңгейде өтуде. Үстіміздегі жылы қар аз жауып, су қоры 14-54 миллиметр аралығында болған. Бұл жылдағы көрсеткіштен екі есе, ал былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төрт есе аз. Барлық сақтық шаралары қолға алынғанымен, облыс орталығы маңында Есіл өзені арнасынан асып, өңіріміздің бірқатар елді мекендеріндегі жолдарды және Петропавл қаласындағы Заречный кенті мен Былғары зауыты шағынауданында орналасқан саяжайларды су басты. Тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ.

Жамбыл мен Қызылорда облыстарынан келген 44 құтқарушы, 6 жүзу құралы және 12 мотопомпа Тайынша, Есіл және Шал ақын аудандарында шоғырландырылды. Ал Есіл өзенінің бойында орналасқан Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдары, Петропавл қаласындағы Заречный кентінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандарынан және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен жасақталған жедел топтардың бақылауында болды.

Баяндамашы Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі түсе бастағанын, 10 мамырдағы дерек бойынша, 58 сантиметрге дейін төмендегенін хабарлады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика