ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДҮБІР

Бүгіндері өңір диқандары көктемгі егіс жұмыстарын бастап кетті. Жауапты науқан барысында 4,1 миллион гектар алқапқа дәнді уақтылы сіңіру басты мақсат болып табылады.

Биылғы науқанға ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдырып, қырдағы қарбалас қыза түскендердің арасында Қызылжар ауданы көш басында келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өмірбай Омаров 16 мамырдағы дерек бойынша аудан аграршылары 1500 гектар алқапқа – бидай, 200 гектарға – сұлы, 2 мың гектарға – жасымық, 500 гектарға – рапс, 600 гектарға – зығыр, 200 гектарға картоп сеуіп үлгергенін айтады.

– Егін себумен айналысатын жергілікті 315 агроқұрылым 16,5 мың гектар жерге ылғал сақтау, топырақты өңдеу шараларын тыңғылықты жүргізді. Жалпы 33,2 мың тонна бидай ашық алаңға шығарылып, кептірілді. Сондай-ақ, 22,2 мың тонна бидай дәріленді. Агроқұрылымдар 20 мың гектар жерге тыңайтқыш сіңірді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көктемгі дала жұмыстарына қажетті 2900 тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Өткен жылы майлы дақылдардың көлемі үш мың гектарға ұлғайтылған болатын. Ал биыл шаруалар рапс, зығыр, күнбағысқа басымдық беруде, – дейді Өмiрбай Дайрабайұлы.

“Карасев және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдаланып, тұқым себуді өзгелерден бұрын бастаған агроқұрылымдардың бірі. Новокаменка ауылында орналасқан серіктестіктің бүгінгі жұмыс қарқыны жоғары. Қыс бойы техникаларын сайлаған шаруашылық жауапты науқанды алдағы он күннің ішінде аяқтауды жоспарлауда. Серіктестіктің директоры Юрий Перепечиннің айтуынша, екі ауысымда жұмыс істеп жүрген жұмысшылар бірінші репродукциялы “Тобыл” тұқымын 300 гектар жерге сіңіріп үлгерген.

– Біз мемлекеттік қолдаудың арқасында тұқымымызды сеуіп, шыққан егінді өңдеп, еңбегіміздің жемісін көрудеміз. Биылғы науқанға да тыңғылықты дайындықпен келдік. Соңғы екі күннен бері барлық еңбеккерлеріміз бен заманауи техникаларымыз тұқым себу жұмыстарына жұмылдырылуда. Шаруашылығымыздың иелігінде 2100 гектар егістік жер бар болса, оның 1300 гектарына – бидай, 120 гектарына арпа сіңіруді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта картоп отырғызу аяқталды. Ал екі-үш күннен кейін майлы дақылдарды себуге кірісеміз, – дейді Юрий Леонидович.

2004 жылы құрылған шаруашылық жиырмаға жуық жергілікті тұрғынды, әсіресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оларға төленетін орташа айлық жалақы 90 мың теңгеден асады. Серіктестік еңбеккерлеріне сонымен қатар қысқа қажетті отын, жемшөпті де үлестіреді.

Еңбек майданында маңдай терін төгіп жүрген еңбекқор жігіттер серіктестіктің жұмысын өрге сүйреуде. Әсіресе, Максим Артемьев, Виталий Туринцев сияқты еңбек адамдарын ерекше атап өткен жөн. Бұл азаматтар серіктестікте он жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Егер көктемде трактормен жер жыртып, дән сіңірсе, күзде комбайнды тізгіндейді.

Жыл өткен сайын өрісін кеңейткен шаруашылық, негізінен, дәнді дақылдарды өсірумен айналысып келген еді. Алайда, бәсекелестік заманында көш соңында қалмаудың амалын іздеген агроқұрылым нарықтың сұранысын зерттей келе, майлы дақылдарды себумен айналысуға бекінген. Алдын ала қамданған кәсіпкер биыл 290 гектар жерге зығыр сіңірмек. Заманауи техникалар кешенін толық пайдаланудың арқасында шаруашылық жыл сайын жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, әр гектардан 16-18 центнерден өнім алуда. Былтырғы жылдың да көрсеткіші жаман емес. Бұған шетелдерде озық әдіс ретінде қолданылып жүрген нөлдік технологияны меңгеруі көп септігін тигізген. Серіктестіктің астық танаптарынан жиналатын алтын дән шаруашылықтың жеті қоймасы мен астық қабылдай алатын ашық алаңдарға жеткізіліп, тазаланады, кептіріледі.

Жұмыс қарқынын арттыру үшін шаруашылық заманауи техникалармен қамтамасыз етілуде. Шаруа қожалығына тиесілі шөп шабатын және жинайтын, астық бастыратын “Нива” комбайндары, “МТЗ” және “К-700” тракторлары бар. Соңғы жылдары 40 млн. теңгеден астам несие қаражатына техника паркі жаңартылып, бірнеше қондырғылар сатып алынған.

Бір атап өтерлігі, кәсіпкер ауылдағы “Широкое” және “Прибрежное” шаруа қожалықтарына да жетекшілік етеді. Қожалықтардың иелігіндегі бір мыңға жуық гектар алқапқа дәнді дақылдармен қатар картоп та егіледі. Былтыр 50 гектар жерге отырғызылған картоп жақсы өнім берген. Нәтижесінде, 800 тонна картоп жиналды. Жұмысшыларын жыл бойы еңбекпен қамтуды алдына мақсат етіп қойған кәсіпкер соңғы екі жылдан бері мал шаруашылығын қолға алған. Шаруашылық басшысы жеке қаражатына елуден астам канадалық етті бағыттағы герефорд тұқымды сиырларды сатып алып, қорасын малға толтырған.

– Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін заман ағымына орай атқаратын жұмыстарымыз аз емес. Тіпті, шөп дайындаудың өзін толық механикаландырдық дей алмаймыз. Осы орайда, облысымыздағы тасы өрге домалаған ірі шаруа қожалықтарынан үйренеріміз әлі де көп екенін атап айтқым келеді. Ең бастысы, нарыққа сай еңбек етіп, шүмектеп төгілген тердің жемісін көргенге не жетсін?! – дейді шаруашылықтың директоры Юрий Перепечин.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика