ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЙМАҚ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Петропавлға келген “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамының бас директоры Тимур Безымянниковты қабылдады. Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы мен аталмыш кәсіпорын арасындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды.

Тараптар 2018-2022 жылдарға арналған “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясының өндірістік қуатын қайта құру бағдарламасы шеңберінде атқарылуы тиіс жұмыстардың орындалуына назар аударды. Өңір басшысы “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілетін қайырымдылық шараларына қатысуы мәселесіне тоқталды.

Екі тараптың мұндай жоғары деңгейдегі кездесуі 2014 жылы “Уралтранснефтепродукт” пен “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамдарының бірігуінен кейін бірінші рет өтіп отыр. Қорған мұнай басқармасының “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясы Уфа-Омбы және Уфа-Петропавл магистралды мұнай өнімдері құбыры арқылы мұнай өнімдерін тасымалдауды, “Петропавл мұнай базасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне отын жеткізуді, Тәжікстан мен Қырғызстандағы тұтынушыларға жөнелтілетін темір жол вагондарына мұнай құюды қамтамасыз етеді. Бүгіндері “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясында екі жүзден астам адам еңбек етеді, олар Уфа-Омбы және Уфа-Петропавл магистралды мұнай өнімдері құбырының 257 шақырымына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын жыл сайын екі миллион тоннаға жуық мұнай өнімдерін тасымалдайды.

“Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясында соңғы жылдары он бір өндірістік нысан, оның ішінде Есіл өзені арқылы өтетін су асты магистралды мұнай өнімдері құбыры техникалық қайта құрылды, тоғыз ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. 2018 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика