ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ

Қазақстан халқы бұрнағы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. ХХ ғасырдың қасіретке толы отызыншы жылдары мыңдаған адамның өмірінде өшпес ізін қалдырды. Сол себепті де бұл күннің ел жүрегінен алар орны ерекше.

Облыс орталығындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткіші алдында өткен аза тұту митингісіне жиналған қызылжарлықтардың қарасы қалың болды. Олар зұлмат жылдары жапа шеккен жерлестерімізді бір сәт үнсіздікпен еске алып, ескерткіштер алдына гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров солақай саясаттың қаһары мен қолдан жасалған ашаршылыққа ұшыраған, еріксіз туған жерінен қуылған жандарды еске алып, рухтарына тағзым ету, есімдерін жаңғырту еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мүмкін бола бастағанын тілге тиек етті. Қуғын-сүргінге ұшыраған солтүстікқазақстандықтар есімдерінің ұмыт болмай, тарих қойнауында қалуына зор үлесін қосып жүрген “Память” қоғамдық қорының еңбегіне оң бағасын берді.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қабырғасында 7600-ден астам жерлесіміздің есімі жазылған. “Память” қорының төрағасы Болат Сағындықов жуырда бұл қаралы тізім тағы да сегіз адамның есімімен толыққанын айтты.

– Облысымызда сегіз мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 1650-і ату жазасына кесілді деп есептеледі. Елімізде нақты қанша адамның ашаршылыққа ұшырағаны сияқты, бұл деректің де түбегейлі аныққанығына жету уақытты талап етеді. Дегенмен, осы мақсат үшін біз бар күшімізді жұмылдыруға тиіспіз, – деді ол.

Қазір қоғамдық қордың облыс орталығынан қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мұражай ашу туралы ұсынысы облыс әкімдігі тарапынан қолдауға ие болып отыр. Болат Сағындықовтың айтуынша, ендігі кезекте қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалын өңіріміздегі киелі орындарының қатарына енгізу міндеті тұр. Сонда бұл жер ел тарихында мәңгі өшпес ізін қалдырған жылдардан сыр шертетін қасиетті орынға айналады. Мұнымен қоса, бірқатар ауылда жазықсыз жапа шегіп, “халық жауы” атанған жерлестерді еске алуға арналған ескерткіштер ашу ісі қолға алынуда. Мәселен, солардың бірі Мамлют ауданының Бостандық ауылында ашылмақшы.

Қазақстанға жер аударып келген жүздеген этнос өкілдерінің тағдыры мен олардың ұрпағының бүгінгі бейбіт өмірдегі бейқам тыныс-тіршілігі жайында сөз сөйлеген Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов, зұлмат жылдары аяусыз қырылған ұлтымыздың беткеұстарлары, Алаштың арыстары жайында әңгімелеген Еуразия гуманитарлық институтының проректоры, профессор Қадыр Ахметов халқымыздың басына бұдан былай ешқандай да қара бұлттың төнбеуін тіледі.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика