МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАН ТАБЫС МОЛ

Биыл табиғат тосын мінез танытып тұр. Десе де, егіс науқанына білек сыбана кіріскен айыртаулық диқандар ауа райының әр қолайлы сәтін қалт жібермеуге тырысуда. Өткен сенбіде облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

Үстіміздегі жылы көктемгі жер өңдеу жұмыстарын тыңғылықты аяқтаған аудан диқандары 382,2 мың гектар алқаптың 240,4 мың гектарына – дәндi, 86 мың гектарына майлы дақылдар сеппекші. Одан бөлек, 45,5 мың гектарға жемазықтық дақылдар, 1,7 мың гектарға көкөніс себу, 8,6 мың гектарға картоп отырғызу көзделген. Арзандатылған жанар-жағармаймен қажетінше қамтамасыз етілген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бұл жоспарды орындау үшін уақытпен санаспай еңбек етуде. Мәселен, “Айыртау Әліби” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты науқанды аяқтауға жақын.

Агроқұрылым директоры Корней Шевченконың айтуынша, қазіргі таңда жұмыс 70 пайызға орындалған. Жоспарланған 516 гектар алқапқа майлы дақыл толық егілген. Барлық алқапта химиялық және механикалық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ауа райы мүмкіндік берсе, серіктестік директоры облыс басшысын егісті екі-үш күннің ішінде аяқтайтындарына сендірді.

Кездесу барысында Құмар Ақсақалов диқандар назарын майлы дақылдардың тиімділігіне аударды. Биыл өңірімізде майлы дақылдар алқабы көлемін бір миллион гектарға жеткізу көзделген. “Арай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні оны 400 гектарға жеткізген. Ал өткен жылы рапстың гектарынан – 23,5, күнбағыстан 18 центнер өнім алған “Достық-Дән” серіктестігі бүгінде майлы дақылдардың 70 пайызын сеуіп үлгерді. Құмар Іргебайұлы ауыл шаруашылығын әртараптандыруда жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан серіктестіктердің жұмысына оң бағасын берді.

Ауданда жол мәселесі өзекті. Биыл 3,096 миллион теңгеге “Қарасай және Ағынтай батырлар” мемориалдық кешенін, “Ботай” қонысын, сонымен қатар “Имантау-Шалқар курорттық аумағын” байланыстыратын 106 шақырым автокөлік жолын жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ, өңір басшысы диқандарға алдағы уақытта өңірімізде комбайндар құрастырылатынын хабарлады.

– Елордада өткен ХІ Астана экономикалық форумы аясында “CLAAS” компаниясымен меморандумға қол қойдық. Оның аясында өңірімізде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын ашу жоспарланған. Аталмыш компания – сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы зауыттардың бірі. Зауыт өңірімізде астық комбайндары мен тракторларын жинақтаумен айналысатын болады. Күзде комбайндардың бірінші партиясын құрастыру жоспарланып отыр. Яғни, қазір комбайнның құны 100 миллион теңгені құраса, диқандар оны 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие болады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан соң өңір басшысы табиғаты әсем ауданның демалыс орындарын аралады. Алдымен суы шипалы Шалқар көлінің жағасында орналасқан “Тұрпан” демалыс орнына ат басын бұрған Құмар Іргебайұлын оның туристік әлеуетімен “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы директорының міндетін атқарушы Медеу Ражанов таныстырды. Демалыс базасы өткен жылы республикалық бюджетке 3,5 миллион теңге кіріс түсірген. Үш филиалында жыл сайын 30 мың турист демалады. Бүгінде автокараванинг жобасы әзірленіп, оның жұмысын бір аптаның ішінде аяқтау жоспарланған.

– Демалыс базасында тазалықты қадағалап отыру керек. Осы жерден жанына сая табатын туристердің саны 60 мыңға жетсе, құба-құп. Сондықтан үш-төрт жоба жасауымыз керек. Қаражат қажет болса, көмектесуге дайынбыз. Ұрлыққа жол берілмес үшін, демалыс орны жақсы күзетілуі тиіс. Жағажайды кәсіпкерлерге жалға беру жұмыстарын да шешу маңызды, – деді Құмар Іргебайұлы.

1979 жылы негізі қаланған “Шалқар Су” демалыс орнының төртқабатты жатын ғимараты әбден тозыпты. Жылда сырланып, ақталғанымен, алты жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жылыту жүйесі жоқ, кәріз жүйесі істен шыққан. Жалпы, 120 адамға шақталған нысан директорының орынбасары Виктор Игренев осы жайларды алға тартты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика