ЕЛОРДАДАН ЭЛЕКТР ПОЙЫЗЫ ҚАТЫНАЙДЫ

Енді астаналықтар мен ақмолалықтар Айыртау ауданының танымы мол, тарихы терең, табиғаты әсем жерлеріне жол машақатын көрмей жете алады. Астана – Көкшетау – Саумалкөл бағытындағы жаңа электр пойызын аудан тұрғындары ерекше қуанышпен қарсы алды.

Аудан басшысы Бейбіт Исманов облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, Инвестиция және даму жөніндегі министрліктің көлік комитетінің қолдауымен ашылған жаңа бағыт аудан тұрғындарына мол мүмкіндік, ал туризм саласына серпін береріне сенімін білдірді. “Жеріңдей Айыртаудай жерің бар ма, Шалқардай шалқып тасқан көлің бар ма?!” – деп туған өлкесін аламан айтыста паш еткен Мұса Асайыновтың жырлары бүгінгі Айыртау жайлы естіп-білгісі келгендерге таптырмас құнды дерек көзі болса, жаңа пойыз ауданның ақындар жырға қосқан тұмса табиғатына жол бастары сөзсіз.

– Бұл – елорда мен ауданды тікелей жалғастыратын алғашқы электр пойызы. Аудан тұрғындары Астана қаласына жайлы жағдайда жету мүмкіндігіне ие болып отыр. Ауданымызда Шалқар, Имантау секілді тамаша демалыс орындары, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы, Шоқанның мұражайы орналасқан. Аудан жұртшылығын жаңа бағытпен құттықтаймын, – дей келе аудан әкімі ішкі туризмді нығайту мүмкіндігі молайып отырғанын атап көрсетті. Айыртау ауданының киелі топырағы ұлы зерттеуші Шоқанды, ән мен жырдың серкелері Біржан сал мен Ақан серіні, Үкілі Ыбырайды дүниеге әкелген. Айыртаудағы тағы бір ерекше мәнге ие киелі жердің бірі Сырымбет – Шоқан Уәлихановтың балалық бал дәурені өткен мекен. Бүгінде мұнда ұлы зерттеушіге арналған мұражай орналасқан.

Ауданда Айғаным қонысы, “Ботай” неолитик тұрағы, басқа да тарихтың талай құпиясын ішке бүккен киелі жерлер қаншама?!

376 орынға шақталған 6 вагоны бар пойыз әзірше жұма және жексенбі күндері қатынайды. Жолаушылар көп болса, тағы да екі вагон қосуға мүмкіндік бар. “Володарское” станциясының басшысы Алмас Кенжекеевтің айтуынша, вагондар сыныптарына сәйкес жұмсақ орындықтар, бейне-бақылау камералары, теледидар, интернет, кондиционер сияқты жолаушылардың жайлылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Халықаралық қала төңірегіндегі талаптарға сай пойыз екі аралықты 5 сағат 35 минутта жүріп өтеді.

– Станциямыз арқылы Павлодар, Қостанай, Қарағанды қалаларына баратын және халықаралық “Қарағанды-Брест” бағытындағы пойыздар жүреді. Солардың қатарына жаңа бағыт қосылып отыр. Бұл біздің ауданның тұрғындарына өте қолайлы. Тәулігіне шамамен 50 жолаушы станциямыздан жолға шығады. Ауданымызға тынығуға келетін туристер де аз емес. Сұраныс болса, электр пойызы күн сайын қатынайтын болады, – дейді станция басшысы.

Жалпы облыс бойынша 30 туристік бағыт болса, олардың 12-сі Имантау-Шалқар курортты аймағына апарады. Ресми деректерге сүйенсек, Айыртау ауданының аумағында ғана 30-ға жуық тарихи және мәдени ескерткіш, 37 туризм нысаны бар. Биыл ауданға ат басын тіреген 30 мың туристке 34,5 миллион теңгенің қызметі көрсетілген.

Жайлы да жылдам пойызбен айыртаулықтар Астана қаласына бірінші сыныпты вагонда 1504 теңгеден 1943 теңгеге жетсе, Көкшетау бағытына билет құны 599-775 теңге аралығында. Ақмола облысына жиі қатынайтын айыртаулықтар жол жүру құнының 3 есеге төмен болатынына дән риза.

– Мен Саумалкөлде тұрамын. Жаңа осы пойызбен Көкшетаудан келдім. Бірінші сыныптағы вагон өте жайлы. Билет бағасы да қолжетімді. Осыған дейін Көкшетауға жету үшін таксиге 2 мың теңге төлейтінбіз, енді электр пойызбен бар-жоғы 700 теңге ғана жұмсаймыз. Бұл көп жеңілдік емес пе?! Жаңа бағыт, әсіресе, Көкшетау, Астана қалаларында оқитын студент жастарға қолайлы болары сөзсіз. Алдағы уақытта Астанаға баруды жоспарлап отырмын, – дейді алғашқы жолаушылардың бірі Илья Лазоркин.

Көкшетауда тұратын келін-баласына жиі қатынайтын Асыл Ермекова да жаңа бағыттың ашылғанына қуанышты. “Жас келгенде автобуспен алыс жолға шығу оңай емес. Пойыздың аудан орталығынан жүретінін естіген балам хабарласып, сүйінші сұрап жатыр. Электр пойызының ішін аралап шықтым. Ұнады, жайлы екен. Рамазан айында айыртаулықтар үшін бұл үлкен сый болды. Енді немерелеріме жылы-жұмсағымды жиі апарып тұратын боламын”, – дейді ол.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика