ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ

Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шаралар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Петропавл қаласындағы бас алаңда облыстық ішкі істер департаменті мен Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы, саптық бөліністер, мамандандырылған күзет басқармасы, Ұлттық ұлан әскери институтының және 6637 әскери бөлімінің қызметшілерінен құралған 26 топ сап түзеді. Бұл күні ордендері мен медальдарын тағынған ішкі істер органдарының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

– Тәуелсіздік жылдары өз қызметін атқару кезінде ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қаза тапты, үш мыңнан астамы жарақат алды. Батылдығы мен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бір мыңға жуық қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Басты байлығымыз – халқымыздың амандығы мен тыныштығын сақтау жолындағы еңбектеріңіз абыройлы болсын! Жас қызметкерлерді патриоттық рухта тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып, қоғам тыныштығын сақтау жолында өнеге болған ішкі істер органдарының ардагерлеріне алғыс білдіремін. Олардың ішінде отставкадағы полковник Сұраған Көпеевті ерекше атап өткім келеді. Ол ішкі істер органдары мен әскери қызметте 28 жылдан астам уақыт адал еңбек етті.

Ал оның жалпы еңбек өтілі жарты ғасырдан асады, – деген Айдарбек Сейпілұлы облыстық ішкі істер органдарының қызметіне тоқталып, бүгінде планшеттер мен қылмысты жылдам ашуға септігін тигізетін басқа да заманауи құрылғыларды тиімді пайдаланып, қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу қолға алынғанын айтты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде қылмыстардың ашылу деңгейі айтарлықтай жақсарған. Айдарбек Сапаров кәсіби мерекелеріне орай облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалинге, Жамбыл және Шал ақын аудандық ішкі істер басқармаларының бастықтары, полиция полковнигі Арман Құтышев пен полиция майоры Қабидолла Нұрахметовке, облыстық ішкі істер департаментінің басқарма бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамеджановқа облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Мерекелік шара Жастар сарайында салтанатты жиынмен жалғасты. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов бір жүзден астам полиция қызметкері мен ішкі істер органдарының ардагерлерін марапаттады. Қызметін адал атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін үш полиция қызметкері офицерлік шендерін мерзімінен бұрын алды, ал 13 тәртіп сақшысына кезекті шендері берілді.

Мереке қарсаңында облыстық ішкі істер департаментіне Ішкі істер министрлігінен, Ресей Федерациясының Түмен, Омбы және Қорған облыстарының ішкі істер органдарынан құттықтау жеделхаттары келіпті.

Өңіріміздегі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында адал қызмет етіп жүрген полицейлердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шара мерекелік концертпен аяқталды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика