ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынас уақыт өткен сайын нығайып келеді. Әсіресе, шекаралас орналасқан өңірлер әріптестік көкжиегін кеңейтіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Омбы облысының губернаторы Александр Бурков бастап келген іскерлік делегациямен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екі облыс арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатымен келген делегация “ТНС-Экспорт” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Астық қабылдау кешені үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2014 жылы іске қосылған. Сыйымдылығы 120 мың тонналық автоматтандырылған кешен сағатына 600 тонна астық қабылдайды.

Серіктестік аумағында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті. Бұл жерде өңір басшысы омбылықтарды “Қазтехмаш” АҚ-ы “Авагро”, “Петропавл трактор зауыты”, “СТ-Агро” серіктестіктері шығарған техникалармен таныстырды. Құмар Ақсақалов бүгінгі таңда заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын өзімізде шығару үшін бірнеше шетелдік кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, облыс әкімдігі Германияның “CLAAS” компаниясымен келісімшартқа отырған. Енді олар Петропавл қаласында зауыт ашып, жыл соңына дейін 30 ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруды жоспарлап отыр.

Содан кейін қонақтар “МаслоДел” ЖШС-нің жаңа сүт зауытында болды. Өңіріміздегі алматылық компанияның филиалында күн сайын ұзақмерзімді сақтауға арналған 60 тонна сүт пастерленіп, 4 тонна май, 8 тонна құрғақ сүт өндіріледі. Сонымен қатар айран, қатық, қаймақ, ірімшік жасалады. Өндіріс аясын кеңейтуді көздеген серіктестік басшылығы былтыр 3 млрд. теңге инвестицияға жаңа зауытты іске қосқан болатын. Нысанның директоры Тамара Михайлованың айтуына қарағанда, швециялық “TetraPak” жоғары технологиялық қондырғыларымен жабдықталған компания экологиялық таза, табиғи өнімдер шығарады. Аталмыш зауыттың қуаты тәулігіне 10 тонна құрғақ сүт және 320 тонна басқа да сүт өнімдерін шығаруға жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ірі өндіріс орындарының бірі – “Металлпластикалық өнімдер зауыты” ЖШС-і делегация мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Бұл серіктестік Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы “Радуга” компаниясының қарамағына кіреді. Биыл пластик бұйымдар шығаратын цех облыс орталығына көшірілмек. Бүгіндері серіктестікте шығарылатын 80 түрлі өнімнің 60 пайызы қайта өңделген полиэтилен қалдықтарынан жасалады. Серіктестіктің директоры Дмитрий Шарапаев цехтың жұмысымен таныстырды.

Делегация мүшелері елімізде тұңғыш рет құрғақ таңғы ас пен түрлі жүгері қауыздарын шығару жобасын қолға алған “РимКазАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехтарында болып, жұмыс барысымен танысты. 2004 жылы құрылған серіктестік былтыр жылдам пісетін ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін шығаруды қолға алған.

Омбылықтар өңіріміздегі алғашқы жеке индустриялық аймақ құру жұмысының барысымен танысты. Серіктестік алдағы уақытта құрғақ таңғы ас, ұн, тез дайындалатын кеспе, пісте, пластик өнімдері мен құбырлар, санитарлық-гигиеналық қағаз және тағы басқа бұйымдар шығаруды жоспарлауда. Сөйтіп, алдағы екі жылдың ішінде зауыттың жанынан бой көтеретін жаңа индустриялық паркте 14 өндіріс орны ашылады. Жобаға 10 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, үш жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұдан кейін қос өңірдің басшылары облыс орталығындағы Мәңгілік алауға және Абай мен Пушкин ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Омбылықтар “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде де болып, тарихи орынмен танысты.

“Garden Hall” мейрамханасында көршілес екі облыс арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздеген жиын өтті. Кездесу барысында тараптар тауар айналымын ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынасты жетілдіру мәселесін қозғады. Өңір басшысы Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде тәжірибесі мол омбылықтармен тығыз қарым-қатынас орнату маңызды екенін айтты.

– Облысымыз әріптестік қатынас орнатқан сексеннен астам елдің бірі – Ресей. Өңіріміздің Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымының үлесі – 80 пайыз. 2017 жылы екі ел арасындағы сауда-саттық 357 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Қазіргі таңда 200-ден астам солтүстікқазақстандық кәсіпкер Омбы облысында сәтті жұмыс істеуде. Біздің өңірде егін және мал шаруашылықтары жақсы дамыған. Сондықтан Омбы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы байланыс екі тарапқа да пайдасын тигізері анық, – деген Құмар Іргебайұлы тамыз айында әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында Омбыға арнайы делегация жіберуге дайын екендігін жеткізді.

Өз кезегінде Александр Бурков Қызылжар өңірі сенiмдi серiктес екендiгiн баса айтты. Оның айтуынша, бүгіндері Омбы облысы сыртқы сауда айналымының үштен бірі – Қазақстанға тиесілі. Қазiр өңірде ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсiбi саласында бiрлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан қадірменді мейман Құмар Ақсақаловты алдағы уақытта өзара экономикалық іскерлік байланысқа дәнекер болуға шақырды.

Бүгінгі таңда ресейліктер солтүстікқазақстандықтармен бірлесіп бірнеше жобаны қолға алмақ. Омбы облысының басшысы Петропавл қаласында егiс және топырақ өңдеушi техника шығаратын бiрлескен зауыт ашуға көмек сұрады. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, жан-жақты қолдауға уәде берді.

Өз кезегінде өңір басшысы Омбы облысымен шекарадағы бақылау бекеттерінің жұмысын тілге тиек етті. Мәселен, “Қарақоға” бақылау бекетінен Қазақстаннан Ресейге және кері қарай тәулігіне екі мыңға дейін автокөлік, бес мыңдай азамат өтеді. Алайда, жаздыгүні азаматтар сағаттап ұзын сонар кезекте тұрып, алтын уақытын кетіруге мәжбүр. Осыған орай, Құмар Іргебайұлы Қазақстан-Ресей шекарасынан өтуді жеңiлдету үшін бiрлесiп жұмыс істеуге шақырды. Сақшылардың жұмысын тездету және жеңілдету үшін бекеттерде автоматтандырылған жүйе орнату қажеттігін жеткізді. Ал Омбы губернаторы трансшекаралық кластерді құру, туризм саласын дамыту туралы ұсыныс жасады.

Ресми кездесу соңында Солтүстік Қазақстан облысы мен Омбы облысы арасындағы ынтымақтастықты арттыру жөнінде 11 меморандумға қол қойды.

Түс ауа облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Қызылжар ауданына қарасты Новоникольск ауылындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің мал шаруашылығы кешенінде болды.

Қонақтарды шаруашылық жұмысымен оның басшысы Геннадий Зенченко таныстырды. Асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтың қорасында 8200 ірі қара болса, оның 2700-і – сауын сиырлар. 500-ден астам адамды жұмыспен қамтыған шаруашылық сүтті Петропавл қаласындағы өз зауытына жөнелтеді. Мұнда тәулігіне 67 тонна сүт сауылып, оның 40 тоннасы – Астанаға, 6-7 тоннасы – Ресейдің Қорған облысына, 17-19 тоннасы Петропавл қаласына жіберіледі. Серіктестік басшысы алдағы уақытта күнделікті сауылатын сүт мөлшерін 85 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

– Сүт көлемін арттыру үшін мал басын көбейтпекпіз. Осы орайда, екі аптадан соң 600 сиырға арналған кешен ашуды жоспарлап отырмыз. Екі ай бұрын Қорған облысының нарығына кіріп, “Метрополис” компаниясымен әріптестік байланыс орнаттық. Алдағы уақытта өнімдерімізді Омбы облысында саудалауға ниеттіміз, – деді Геннадий Зенченко.

Серіктестіктің мал шаруашылығы кешені қыста зығыр сабанымен жылытылыпты. Өйткені, оның майлылығы басқа дақылдардың қалдығына қарағанда жоғары. Омбылықтар өздеріне таңсық жылыту әдісіне қызығушылық танытты.

– Зығыр сабанын ұсақтап, сығымдап, жеке секторда қолдануға болады. Яғни, үйді жылыту үшін ешқандай көмірдің қажеті жоқ. Оны сатып алған тұрғындар біріншіден, ақшасын үнемдесе, екіншіден, экологиялық жағынан да тиімділігін көреді. Өйткені, сабаннан ешқандай қалдық қалмайды, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан соң қонақтар ауылдықтардың игілігіне қызмет етіп тұрған “Энергия” дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, жабық хоккей кортының және ауылдағы Мәдениет үйінің жұмысымен танысты..

Қанат АТАМАНОВ,

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика