АЛАШТЫҢ АЛДАСПАНЫ АРДАҚТАЛДЫ

“Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге жарар ол” – деген екен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев. Ұлтымызда ұлықтауға лайық перзенттерінің бірі – Мағжан Жұмабаев. Жыр жұлдызының 125 жылдық мерейтойын Қызылжар халқы зор қуанышпен тойлап, ақын рухына тағзым етті. Еліміздің белгілі ақын-жазушылары, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, Алматы, Астана, Тараз қалаларында тұратын ұрпақтары және шетелден де арнайы меймандар келіп, дүбірлі тойдың сән-салтанатын тамашалады.

Неше күннен бері бір толастамай жауып тұрған жаңбыр Мағжан тойында сап тыйылды. Табиғаттың өзі ақынның алдында бас игендей. Алдымен таңмен таласа тұрған жұртшылық облыс орталығындағы Алаш ұлының есімі берілген көшеге асыға жетті. Осыдан бірнеше күн бұрын “Мағжанға жаңа ескерткіш қойылады”, – деген сүйінші хабар көпшілік арасында тез тараған еді. Ақын мүсінін көруге жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов: “Тәуелсіздіктің таңымен жеткен сан жақсылықтың бірі – азаттық үшін күрескен қайраткерлер есімінің елге оралуы. Солардың бірі – ұлы Мағжан. Мағжан – халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Ол – заманынан оза туып, кейінгіге үлгі болған классик, аз өмір сүріп, көп мұра қалдырған ақын, халқының ертеңі үшін күрескен қайраткер”, – деді. Өңір басшысы ақын тойы жалпы еліміз үшін ғана емес, түркі әлемінің ортақ қуанышына айналғанын атап өтті.

“2018 жылды “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымы түркі әлеміндегі Мағжан Жұмабаев жылы деп жариялады. “ЮНЕСКО”-ның Париждегі штаб-пәтері арнайы халықаралық конференция өткізді. Ендігі парызымыз – ұлы Мағжан мұрасын шашау шығармай болашаққа жеткізу. Бүгін Мағжан Жұмабаев көшесінің бойына, ақын атындағы алаңға Мағжанның жаңа ескерткішін қойып отырмыз. Бұл – жастар ең көп жиналатын орын. Әрбір жас Мағжан ақындай күрескер, елінің ертеңіне жанашыр, патриот болса, онда ақын арманының орындалғаны”, – деп сөзін сабақтады өңір басшысы.

Мағжан ескерткішінің жасалуына үлкен еңбек сіңірген ұрпағының бірі – Лейла Жаңабаева. Ол – ақынның інісі Мұхамеджанның ұрпағы. Лейла Амангелдіқызы қуанышқа ортақтаса келгендер алдында тебірене сөз сөйлеп, Мағжан атасының аруағына құрмет көрсетіп, ұрпақ парызын орындау зор мәртебе екенін атап өтті.

Жиналған қауымға белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те ізгі тілегін арнап, “Ақынға қара сөзден өлең оңай” дегендей, жыр шумақтарын оқып берді:

“Өмірде іздемеген арзан несіп,

Ақынның Сарытомары – арман бесік.

Бұл күнде Қызылжардың қайыңдары,

Сыбдырлар Мағжан, Мағжан, Мағжан десіп.

Тағдырдың бұзып шығып тар қапасын,

Сен бүгін ескерткіш боп толғатасың.

Тисе де пешенеңе теріс тілек,

Қазағың берген саған оң батасын.

Би емес қара қылды қақ жаратын,

Ұста емес табыт қашап, тақ жонатын.

Күн болып күркіретсін, дүркіретсін,

Маржанын сіркіретсін Мағжан ақын.

Сен көрген ұмытылсын бүгін азап,

Шашылсын шашу жырың, құны ғажап.

Күллі әлем келді алдыңа басын иіп,

Мағжандай ұлымен ұлы қазақ!”

Осылайша, куаныш үстінде жыр жұлдызына арналған ақ тілектердің тиегі ағытылды. Иә, Мағжандай перзенті бар халық бақытты. Ақиық ақын – бүгінгі ұрпақтың мақтанышы. Мағжан келешекке арнаған өз сөзінде:

“Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас”, – деген еді. Мағжанның туған өлкесі – Қызылжар өңірінің асыл ұлына деген құрметі шексіз. 125 жылдық мерейтойына арналған үлкен жиын ақынның туған ауылы Сарытомарда жалғасын тапты. Қара жолдың үстінде жүйткіген “темір тұлпарлар” ақын ауылына бет түзеп, екі сағаттың ішінде діттеген жерлеріне жетіп барды. Мұнда да жиналған халықтың қарасынан көз сүрінеді. Жиналғандардың бәрі де – Мағжанның жоқтаушысы.

Қаз-қатар тізілген ақ шаңқан киіз үйлер ауылдың тұрмыс-тіршілігін еске түсіріп, қонақтардың ата-жұртқа деген жүрек түкпіріндегі сағыныш сезімін оятқандай болды. Ал ақ қайыңдар самал желмен тербетіліп, көк майсаның үстінде бірін-бірі қуалаған балалар Мағжан атамыздың өмір сүрген дәуірін көзге елестетіп тұрды. Аспан көгінен нұрын шашқан күн көзі де табиғатты ерекше құлпыртып, той меймандарына жаймашуақ көңіл-күй сыйлады.

Сарытомардағы Мағжан тойының шымылдығы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауымен түрілді. Ол алдымен көпшілікке Мемлекет басшысының ақынның 125 жылдық мерейтойына орай жіберген құттықтау хатын оқып берді:

“Баршаңызды Алаш қозғалысының қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуымен құттықтаймын! Мағжан – тек Қазақстанға ғана емес, барша түркі әлеміне танымал ақын. Оның философиялық, азаматтық, лирикалық шығармалары – рухани асыл қазына. Мағжан Жұмабаев – халқының бостандығы үшін күрескен тұлға. Ол “Шолпан”, “Сана” журналдары мен “Бостандық туы”, “Ақжол” газеттерінде еңбек етіп, ағарту ісіне зор үлес қосты.

Небары 44 жыл өмір сүріп, репрессия құрбанына айналған ақын ел есінен шыққан жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында Мағжан мұрасы ортамызға оралды. Туған жеріндегі ауданға есімі беріліп, шығармалары отандық әдебиеттің алтын қорына енді. 2018 жыл “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының шешімімен Мағжан Жұмабаев жылы болып жарияланды. Ақын мерейтойының “ЮНЕСКО”-ның Париждегі штаб-пәтерінде атап өтілуі – ақынның әлемдік деңгейге шыққанын көрсетеді. Рухани жаңғыру арқылы тарихын түгендеп жатқан Қазақстан халқы Мағжан есімін мәңгі есте сақтайтын болады” – делінген құттықтау хатта.

Бұл ақ тілекпен өрілген құнды құжат енді Мағжан ақынның Сарытомардағы мұражайының төрінде тұратын болады.

Бұдан кейін “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, халықаралық түркі академиясының президенті, “Егемен Қазақстан” АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, “Ресей федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы” жалпыресейлік қоғамдық ұйымының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев, Баку мемлекеттік университетінің професоры Аскер Рамиз сахна төріне шығып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Аламан бәйге, балуандар күресі – ежелден қазақтың тойының сәні емес пе?! Бұл күні де тойшыл қауым боз кілемдегі түйе балуандардың белдесуін тамашалап, кіл мықтының ішінен үздік шыққандарға сүйсінді. Ақын тойында Олжас Шыныкеев, Әсет Жүнісов, Данияр Темірханов, Алтынбек Аусағитов, Мұхит Тұрсынов, Төлеген Жетпісбаев секілді атағы дүркіреп тұрған Қызылжар, Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларының балуандары иық түйістірді. Бұлардың бәрі де – ұлттық күрестің нағыз сайыпқырандары. Мысалы, Қызылжар елінің намысын қорғап жүрген “Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен астаналық Айбат Сейтен сегіз жылдан бері біріне-бірі есе жібермей жүр. Осы жолы да бас бәйгеге таласып, негізгі уақытта тең түсті. Қосымша берілген уақыт Мұхиттың пайдасына шешілді. Облыс әкімінің бас жүлдесі – “Лада” автокөлігі осылайша Қызылжардың Қажымұқанының қанжығасына байланды. Ал екінші орынды иеленген Айбат Сейтен өз еліне арғымақ мініп қайтты. Бірнеше жылдан бері Жамбыл ауданының намысын қорғап жүрген Төлеген Жетпісбаев та 25 балуанның ішінен үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпазға ақшалай сыйлық берілді.

Аламан бәйге Мағжан Жұмабаев тойының көркін, тіпті, қыздыра түсті. Ұшқыр және топ бәйге, жергілікті тұқымдас аттар мен жорға жарысы көрермендердің делебесін қоздырып, тұс-тұстан қиқу салдырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен тұлпарларын баптап, тойға алып келген шабандоздар тақымын қысып, жануарын жүлде жолынан күтіп, елеңдесті. Қара жердің шаңын шығарар тұлпарлар жарысының ажары аламан бәйге ғой. Сондықтан нағыз бабындағы арғымақтар 17 километр қашықтыққа өткен аламан жолында көрінді. Тұяғы сүрініп, жарыстан шығып қалып жатқандар да болды.

Мағжан тойында ақын есімі берілген ауданның сәйгүлігі мәре сызығына бірінші жетті. Осылайша, аламан бәйгеге тігілген автокөлік осы ауданға бұйырды. Облыстық ішкі істер департаменті бәйгеге қосқан “Қаратал” да осал емес екен, 2-орынға табан тіреді. Ал Қанат Османов жалына жабысып, 17 километрді алқынбай өткен Қызылжар ауданының сәйгүлігі 3-орынды иеленді

Тойшыл қауымға арналған мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ. Сахна төрінде көрерменге еліміздің эстрада жұлдыздары Алтынай Жорабаева мен Досымжан Таңатаров жүректі тербетер әсем әннен шашу шашты. Барлық аудандардан келген әртістер де аянып қалмады. Бір сөзбен айтқанда, құлақ құрышын қандырар ән де орындалды, күй де тартылды. Жұртшылықтың есінде қалар жақсы мерекелік концерт ұйымдастырылды.

“Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар”, деп ақынның өзі көрегендікпен айтып кеткендей, ұлтын сүйген ақынды халқы да ұмытпай, осылайша ұлықтаған әсерлі тойдың куәсі болып қайттық.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика