ЕЛОРДАҒА ТАМАША ТАРТУ

Қазақстан Президенті Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді аралап көрді.

– Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныстырды. Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және “ЭКСПО” кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жолдар мен Ильинка кентінен “жасыл белдеу” арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотректер арнайы үстелдері және велосипед қоятын орындары бар, wi-fi және телефонды қуаттандыру мүмкіндігі қарастырылған “ақылды инфрақұрылыммен” жабдықталған.

Көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді.

Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді және велосипед инфрақұрылымын “Өңірлердің Астанаға тартуы” жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.

Мемлекет басшысы қаладағы жаңа нысандармен танысу барысында елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы қайта жөндеуден өткізген “Жетісу” саябағына барды. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ, тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орынжайлары бар “Апорт” алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған “Тенгри” алаңы, шаған аллеясы, “Тамғалы тас” петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

– Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз салдық! – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Алматы ауданында орналасқан “Жерұйық” саябағын аралап көрді. Онда Елбасына 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.

“Akorda”.

Суретті түсірген

Бауыржан ЖУАСБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика