БОЛАШАҚҚА НЫҚ ҚАДАМ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Елбасы шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті. Қазақстанның аспан түстес көк туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтты.

– Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. “Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана” деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсысына ұқсамайтын көк туымызды дүниежүзі мойындады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы даярлаудың маңыздылығын айтты.

– Сіздердің әскери қызметтеріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан біз офицерлерімізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қарулы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде мемлекеттік туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен парапар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

“Akorda”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика