ӘМІРЛІКПЕН ТИІМДІ ӘРІПТЕСТІК

Біріккен Араб Әмірлігіндегі Фуджейра әмірлігінің өкілдері жұмыс бабындағы сапармен Қызылжар өңіріне ат басын тіреді. Құрметті қонақтарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қабылдап, кездесуде екі өңір арасындағы ынтымақтастықты арттыру жөнінде келісімге қол қойылды.

Біріккен Араб Әмірлігі – Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі сыртқы сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі. Бүгіндері еліміздің аумағында екі жүзден астам БАӘ-нің капиталы тартылған бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде бұл кездесудің екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстың дамуына серпін беретінін тілге тиек етті. Әсіресе, Қызылжар өңірінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, дайын азық-түлікті басқа елдерге экспортқа шығару мәселесінде байланыс орнату мүмкіндігі зор. Біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз шетел нарығында экологиялық таза және бәсекеге қабілетті деп танылған. Машина жасау кешені кәсіпорындарында да көпбейінді өндірістік база, жоғары білікті кадрлар бар, олар нарық талабына сәйкес шығаратын өнімдерінің номенклатурасын жедел түрде реттей алады. Құрылыс материалдары индустриясын, жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін де өңірімізде үлкен мүмкіндік бар.

Фуджейрадағы еркін экономикалық аймақтың жұмыс принципі ерекше. Мұндай аймақты әуе, темір жол және автомобиль көлік қатынастарын пайдалана отырып, Петропавл халықаралық әуежайының аумағында ұйымдастыруға болады. Бұл кәсіпкерліктің серпінді дамуына қосымша ынталандыру болмақ.

Біздің елімізде шетел инвестициясын салуға және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасалған.

Біріккен Араб Әмірліктері қазақстандықтар үшін сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс. Үстіміздегі жылдың 10 наурызынан Қазақстан азаматтары үшін әмірліктерге визасыз бара алады. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы туристік алмасу мен іскерлік байланыс нығая түспек.

– Фуджейра – Үнді мұхитының жағалауында орналасқан, жасыл желекке оранған, биік таулары мен демалыс орындары бар өлке. Мұнда біздің елдегі басқа алты әмірліктегідей мұнай өндірілмейді, 140 мың ғана адам өмір сүреді, елде ауыл және балық шаруашылықтары, теңіз порты мен халықаралық әуежай, тамаша жағажайы арқылы туризм саласы кеңінен дамыған, – деді делегация басшысы, Фуджейра әмірлігі еркін экономикалық аймағының бас директоры әл-Ауадхи Шариф.

Кездесуде “Атамекен-Агро” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Кинталь Исламов, “Тайынша – Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Анатолий Рафальский мен бірқатар ірі агроқұрылымдардың, компаниялардың басшылары өз кәсіпорындарын таныстырып, байланыс орнату мүмкіндіктерін айтып берді.

– Біздің өңір өнеркәсіпте, астық өнімдерін экспорттау мен тасымалдауды дамытуда, туризмде, мал шаруашылығында тың жобаларды жүзеге асыруда, бірлескен көлік-логистикалық хаб құруда тиімді экономикалық байланысты ұсынады, – деді кездесуді қорытындылаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Кездесу соңында Фуджейра әмірлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл рәсімнен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берген Фуджейра әмірлігі туризм және тарих орталығының директоры Саид әл-Самахи екі елдің сауда-экономикалық байланысы нығая беретініне сенімді екенін айтты.

Түстен кейін Фуджейра әмірлігінен ат арытып келген меймандар “Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытында, “Сұлтан ЭММК” акционерлік қоғамының макарон фабрикасында, “ТНС Экспорт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің элеваторында болып, осы кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен, оларға инвестиция құю және байланыс орнату мүмкіндіктерімен танысты. Содан кейін меймандар 20-шы шағынауданда құрылысы жүріп жатқан жаңа мешітте болды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика