ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

Астана бүгінгі таңда қарышты қадаммен алға басып, заман талабына сай дамып келеді. Аста на – тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің белгісі. Аз уақыттың ішінде жарқырап, жайнап, жаңғыра түскен Отанымыздың елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.

Бұл күні Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиналған қауымды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

– Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы бүкіл ел үшін зор қуаныш. Осы жылдар ішінде бас қаламыз “ЮНЕСКО” халықаралық ұйымының шешімімен “Әлем қаласы” деген жоғары атаққа ие болды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ерекше стилі қалыптасып, елордамыз сәулеті жарасқан әсем қалаға айналды, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов Астананың дамуына солтүстікқазақстандықтар да сүбелі үлес қосқанын тілге тиек етіп, әр отбасына мықты денсаулық, бейбітшілік, бақыт тіледі.

Жүрекжарды лебізден кейін Құмар Іргебайұлы еліміздің және Астананың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты “Астана 20 жыл” мерейтойлық медалімен марапаттады.

Салтанатты сәттен кейін сахнаға өңіріміздің өнер ұжымдары мен танымал “Renzo” мен “AYUMI” топтары шығып, елордаға арнаған әсем әндерден шашу шашты. Түрлі түсті шарлардың бір мезетте аспанға ұшырылуы солтүстіктің Астанаға ыстық сәлеміндей әсер қалдырды.

Өнер жұлдыздарының ән шашуын тамашалаған соң облыс әкімі саябақ ішін аралап, мерекеге жиналған қала тұрғындарымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Құмар Іргебайұлы осынау атаулы күні шаңырақ көтеруге ниет білдірген екі жастың неке қию рәсіміне күтпеген жерден куәгер болды. Әлібек пен Динара есімді жас жұбайларды үйлену тойларымен құттықтаған өңір басшысы оларға ақ тілегін айтып, келесі жылы саябақ ішінде жаңа неке сарайы бой көтеретіндігі туралы жақсы жаңалықпен бөлісті.

Саябақ ішінде саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған шағын спорт алаңқайы орналасқан. Бұл жерде жастар “Street workout” атты спорт түрімен айналысады. Оның қалада қалай дамып келе жатқаны жайында облыс әкіміне “Street workout”-тан Қазақстан федерациясы облыстық филиалының директоры Азат Шәймерденов айтып берді. Жастардың спорттың аталмыш түріне ықыласы ерекше екенін мақтанышпен жеткізген ол облыс және қала әкімдіктерінен жан-жақты қолдау барын айтты. Сонымен қатар директор жарақаттың алдын алу үшін спорт алаңына арнайы резиналы жабын болса деген өтінішін білдірді.

Бұл спорт алаңына “Береке” шағынауданынан келетіндер де бар екен. Көбі жұмыстан кейін кешкі мезгілде жаттығады. Сондықтан да алаңды жарықтандыру қажет. Қолдау болатынын айтқан өңір басшысы алдағы уақытта спорт алаңын “Береке” шағынауданында ашу туралы ұсынысын ортаға салды.

Жиналған қауым “Ел жүрегі – Астана!” деп аталған эстрадалық әндердің облыстық фестивалін тамашалады. Сонымен қатар “Астанафест” жастар фестивалі де кештің шырайын келтірді. Мәдени шараға жергілікті өнерсүйер жастармен қатар, Түмен қаласынан алғаш рет келген шығармашылық ұжым қатысып, барабан аспабында ойнау шеберлігін көрсетті. Балалар да мерекеден сырт қалған жоқ. Олар үшін “Астана – бақытты қала” музыкалық ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Қылқалам шеберлері де өз өнерлерін ортаға салып, Астанаға арнаған суреттер көрмесін ұйымдастырды.

Достық үйінің алдында өткен “Асқақтай бер, Астана!” флешмобы көптің көңілінен шықты. Мерекелік көңіл-күйге бөленген қала тұрғындары мен қонақтары Астананың 20 жылдығына арналған қазақ мәдениетінің фестиваліне ерекше қызығушылық танытты.

Жүз елуден астам қала тұрғынының басын қосқан “Сүйікті қалам – Астана!” веложарысы да мерекенің ажарын ашты. Оған мектеп оқушыларынан бастап, зейнет жасындағылар да қатысты.

Елорданың 20 жылдығын мерекелеу басты алаңда бастау алып, қала көшелерінде жалғасын тапты. Қызылжардың үлкені де, кішісі де бұл күні бір-бірін Астана күнімен құттықтап, тілектердің тізгінін ағытты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика