ҚАРЖЫ ҚҰЮҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР

Өңірімізге жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясы халықтық өкілдік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ван Лин бастаған делегация келді. Облыстық әкімдікте өткен кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңірімізде инвестициялық және кәсіпкерлік қызмет жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанын айтты.

– Облыста Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорны – “Тайынша май” серіктестігінің “Айцзю” компаниясымен бірлесіп ашқан майлы дақылдарды қайта өңдейтін ірі зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ресей, Түркия, Польша, Германия кәсіпкерлерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Инвесторлар жер және мүлік салықтарынан босатылады, – деді Дәурен Жандарбек.

Бұдан соң Ван Лин ханым екі тарапқа да тиімді ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтса, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұлов қонақтарға облысымыздың инвестициялық әлеуеті жайлы айтып берді.

– Қазақстан мен Қытайды мемлекеттік шекара ғана емес, іскерлік, достық қарым-қатынас байланыстырады. Екі елдің “Нұрлы жол” бағдарламасы мен “Бір белдеу, бір жол” стратегиясы өзара әріптестіктің артуына сеп. Еліміздің солтүстік қақпасы саналатын өңіріміз – сенімді транзиттік дәліз. “Еуропа – Қиыр Шығыс” бағытында Қазақстаннан өтетін негізгі жүк ағынының 70 пайызы біздің өңір арқылы тасымалданады. Облыстың қолайлы географиялық орналасуы Петропавлды ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдыру мүмкіндігіне ие, – деген Арман Сарбайұлы инвестиция құюға болатын салаларды атап көрсетті.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір экономикасының негізі – агроөнеркәсіп кешені. Облысымыз Қазақстанда өндірілетін барлық дәнді дақылдардың 30 пайызын жинап, елдегі ауыл шаруашылығы тауарларының 11 пайызын өндіреді. Құнарлы топырақ пен жеткілікті жауын-шашын мөлшері – мол өнімнің кепілі. Көкөніс тұтыну көлемінен көп өндіріліп, синтетикалық пестицидтер мен тыңайтқыштарсыз өсіріледі. Өңірімізде көкөністердің орташа бағасы Қытаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сондықтан оларды Қытай нарығына жеткізу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға болады. Өйткені, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері көкөністерді негізінен жаз мезгілінде өсіреді.

Арман Оразғұлов делегаттарға ет өндірісінің де мүмкіндіктерін айтып берді. Облысымызда экологиялық таза шикізаттан сапалы деликатес жасауға мүмкіндік бар. Мұнда өндірілетін тауарлар таза, бағасы да бәсекеге қабілетті. Сиыр мен қойдың еті, сүттің бағасы Қытайдағыға қарағанда үш есеге арзан.

Елімізде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту субсидияланады. Сол себепті, Арман Сарбайұлы қытайлықтарды мал шаруашылығына инвестиция құюға шақырды.

Облысымыздың құс шаруашығы да қаржы құюды қажетсінеді. Өңірде жұмыртқа бағытындағы 5 құс фабрикасы жұмыс істесе, жылына 1500 тонна бройлер етін өндірумен тек бір ғана құс фабрикасы айналысуда. Бұл көлем өңірдің сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз. Сондықтан басқарма басшысы жылына 20 мың тонна бройлер етін дайындайтын және осынша көлемде қаз, үйрек етін өндіретін құс фабрикаларының құрылысын жүргізетін инвестор қажет екенін айтты.

– Өңірімізде коммуналдық қызметтерге тариф төмен. 1 кв/сағ электр қуаты – 0,31 юань тұрса, 1 гигаКал жылу энергиясы – 127 юань. Инвесторларға мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз несие алуға болады. Инвестициялық жобаларға мемлекеттің есебінен инфрақұрылым тартылады, – деп түйіндеді сөзін Арман Оразғұлов.

“Qazaq Транс Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақылау кеңесінің төрағасы Ержан Артықбеков журналистерге берген сұхбатында қытайлық “Dongfeng Motor Corporation” компаниясы 2019 жылдан бастап өңірімізде индустриялық парктің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Компания автомобиль өндірісінің құрылысына 3 миллиард АҚШ долларын бағыттауға ниетті. Ал жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңіңде 500 миллион теңге инвестиция құю көзделіп отыр. Енді тек екі елдің мемлекеттік органдарынан келісім алу керек. Жоба 4 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді Бекмұратов

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика