БАСПАНАЛЫ БОЛУ — БАҚЫТ

“Нұрлы жер” бағдарламасы аясында “Береке” шағынауданында 116 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов баспаналы болу бақыты бұйырған қызылжарлықтарға пәтер кілттерін табыс етіп, қуаныштарымен құттықтады.

– Қызылжарлықтар үшін бүгін айтулы күн. Баспанаға ие болу – әркімнің арманы. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған азаматтардың бүгін сол арманы орындалды. Оның ішінде көпбалалы аналар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жайлы үй – береке мен тұрақтылықтың кепілі. Әр шаңырақта бақ-береке, тыныштық болсын. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, – дей келе Құмар Ақсақалов жыл өткен сайын өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, мыңдаған адам баспанаға қол жеткізгенін тілге тиек етті. Мәселен, былтыр мың пәтер берілсе, биыл оның саны 20 пайызға өскелі отыр. Сондықтан тұрғындар қолда бар мүмкіндікті жіберіп алмауы тиіс. Тұрғын үйлердің маңы мен көшелер абаттандырылып, жаңа нысандардың бой көтеруі қаланың келбетін одан сайын көрікті етуде. Алдағы уақытта бұдан да зор табыстарға қол жеткізіледі.

Сатып алу құқығымен жалға берілген пәтер кілттері көпбалалы, толық емес немесе мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім балаларға, мемлекеттік қызметшілерге, әскери сала өкілдеріне берілді. Жиырма жыл мерзімге берілген пәтер уақыты келгенде жалға алушының меншігіне өтеді. Баспана құнын мерзімінен бұрын өтеуге де болады.

Шарада “Қазақстан ипотекалық компаниясы” ипотекалық ұйымы” акционерлік қоғамының басқарушы директоры Арман Мұқатов аталмыш ұйым “Нұрлы жер” бағдарламасының операторы болып табылатынын, Петропавлда жыл соңына дейін 96 пәтерлік тағы бір үйді пайдалануға беру көзделіп отырғанын жеткізді.

Пәтер иелерінің шаттыққа толы жүздерінен қуаныштың лебі есті. Пәтер кілтіне не болған қызылжарлықтардың төбесі көкке жеткендей. Шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа шынайы ризашылықтарын білдірген тұрғындар жергілікті билікке алғыс айтты.

– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарламаның аясында мен жаңа пәтерге ие болдым. Бізге осындай қуаныш сыйлаған барша азаматқа алғыс айтамын. Қазақстан халқына береке, ынтымақ, бақыт пен бейбітшілік тілеймін, – дейді баспаналы болған Гүлбақыт Нұрсайынқызы. Ал баласы үшін қуанған ақ жаулықты ана Алтыншаш Рамазанова он екі жыл бойы әркімнің босағасын паналаған қызының арманы орындалып, екі бөлмелі пәтерге ие болғанын жеткізді.

Қазбек Байболов көшесі, 67 мекенжайында орналасқан бұл үй Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы үлестірілген. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы ауданы 9300 шаршы метрді құрайды. Астаналық “Албат құрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанат Задиннің айтуынша, тоғыз айдың ішінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген тұрғын үйді салуға 850 миллион теңге жұмсалған.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА

«Солтүстік Қазақстан»

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика