“КАСПИЙ КОНСТИТУЦИЯСЫ” ҚАБЫЛДАНДЫ

Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет қана емес, теңіздің геосаяси және өзге де қолай­лылығына қызы­­ғу­шылықпен қарап, оған қатысты жағдайды қада­ғалауды ұмыт қалдыр­май­тын алыс-жақын елдер­дің назарын аудар­ған Бесінші Каспий сам­миті аяқталды. Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Респуб­ликасының Прези­денті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Рес­публикасы­ның Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Прези­денті Владимир Путин, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатыс­қан айтулы шара өзара татулық, жоғары түсіністік деңгейінде өтті. Ең бас­тысы, Ақтау саммиті бес мемлекет арасын­дағы көп жылдан бергі келіссөздердің нәти­жесі сынды тарихи құжат – Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы кон­венцияға қол қойы­луымен ерекшеленді.

Әлем елдерінің құлағы түрік болуы да, бес бірдей мемлекеттің басшылары жиылып, кеңес құруы да тегіннен-тегін емес, мәселе­нің барынша маңызды екенді­гін аңғартады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесін жиырма жылдан астам уақыт талқылаған тараптар өзара терең дипломатиялық қарым-қатынаста, ортақ су айдынының қауіпсіздігі мен қазынасын, табиғи болмысын сақтаудың маңыздылығын жете ұғынып, Саммитке тың дайындықпен, тиянақты пікірмен келді. Бұл жетістіктер – бұған дейін өткен төрт Саммит пен бірнеше екіжақты, үшжақты кездесудің, «Каспий бестігі» мемлекеттерінің сыртқы іс­тер министрлерінің бірнеше рет кездесіп, мәнді мәселеден мәнерлі мәмілеге қол жеткізуге дейінгі жетілу баспалдағынан өтуінің жемісі.

Тәуелсіздік алғалы бері ашылған алғашқы теңіз портының тұсауын күні кеше кескен Ақтау бүгін тағы бір айтулы тарихи оқиға орталығына айналды. Еліміздегі облыс орталықтары арасында тұңғыш рет бес бірдей мемлекет басшыларын төріне тоғыстырған Маңғыстаудың мерейі биік. Аса ауқымды мәсе­лені өзек еткен алқалы жиын Ақтауда жоғары деңгейде ұйым­дастырылды.

Мемлекеттер басшыларын қарсы алу рәсімінен соң, Нұрсұлтан Назарбаев және Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясы­ның Президенті Владимир Путин, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Берді­мұхамедов Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты.

Бесінші Каспий Саммиті­нің пленар­лық отырысында алғашқы болып сөз алған Н.Назарбаев: «Мен сіздерді Каспий теңізі жағалауында қарсы алғаны­ма қуаныштымын. Біздің кездесуіміз Каспий теңізінің халықаралық күнімен сәйкес келіп отыр және бұл тарихи шешімдер қабылданатын күн», дей келе, жиында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау және көпжылдық жұмыс барысының нәтижесін шығару, Каспий теңізінің ресурстары мен ай­мақтық халықаралық тақырып сынды мәселелердің қаралатынын хабарлады. Елбасы бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, олардың келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелгенін және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін, Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениетінің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстары­ның мол екенін, бай табиғи қор шоғырланғанын, сонымен қатар теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

 – Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғын­дардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәсе­лелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Конвенцияның Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақ­ты құжат болып саналатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Конвенция­ға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көрші­лік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын құрметтеу керек­тігін, сондай-ақ, Каспий теңізінде тарап­тарға қатысы жоқ қарулы күштер бол­мауға тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынты­мақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті.

– Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауын талап етеді. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бесжақты келісім жасауды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсар­туды ұсынды.

– Каспий теңізінің керемет эколо­гиялық жүйесін сақтау үшін биоло­гиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою Каспий маңы мем­ле­кеттерінің достық қарым-қатынас­тарын көрсететінін, сондай-ақ, бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыптылықпен қарау керектігін айтты.

– Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ, Конвенция­ны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге үлес қосылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бес мемлекеттің мүддесі толық ескеріліп, ортақ мәмілеге қол жеткізген Конвенцияға қол қою көптен күткен тарихи сәт, тарихи шешім болатын. Сондықтан бес мемлекет көшбас­шыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Каспий теңізінің жаңа құқықтық режімін танытатын Конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру туралы шешім қабылдады. Алғашқы консультациялар Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

Сөз алған Әзірбайжан Респуб­ли­ка­сының Президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізіне қатысты жасалып жат­қан жұмыстар жайында баяндап, теңіз­дің мәртебесін анықтаудың кезегі жеткен мәселе екендігін алға тартса, Иран Ислам Республикасының Прези­денті Хасан Рухани, Ресей Прези­денті Владимир Путин және Түркімен­стан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий теңізінің өзі ғана емес мәселелерінің де, қауіпсіздігінің де ортақтығын, сондықтан оны жағалай мекен еткен көршілердің өзара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, теңізге қатысты мәселелерді күрделілігіне қарамай шешуге қол жеткізе алған­дығын ризашылықпен атап өтті және Ақтау саммитін жоғары деңгейде ұйым­дастырып, қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған қазақстандықтарға, Маңғыстау жұртшылығына, Елбасына алғыстарын жеткізді.

* * *

Саммиттің пленарлық отырысы қорытындыланған соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бо­йынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Бесінші Каспий саммитінің Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көпжылғы жұмыстарды қорытындыладық. Көпжақты тәжіри­белік іс-қимылдарды ілгерілетуге қатысты жұмыстардың жағдайы мен кейінгі атқарылатын шараларды талқыладық. Сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланыс­ты маңызды келісімдерге қол қойдық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жүргізілген келісімдердің табыстылығына тоқталып, Конвенцияны дайындау процесінде барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ, оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегенін айтты.

– Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев брифингке қатысқан журналистерге Конвен­цияның Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыт­тар бойынша тиімді заңды база қалыптас­тыратынын және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайтынын айтты.

– Атап айтқанда, Каспий теңізін бей­бітшілік, тату көршілік және дос­тық аймағына айналдыру, оны бей­біт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәселелері қамтылған. Біз аумақтық су көлемін 15 теңіз миль етіп бекіттік. Осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға он мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбыр­лар мен кабельдерді жүргізу эколо­гиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті осы ұста­ным­дардың сақталуы Каспий жаға­сындағы елдердің көлік инфра­құры­лымының дамуына, Каспий өңірінің транзиттік әлеуетінің артуына сондай-ақ, Каспийдің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының керемет популяциясының қорғалуына септігін тигізетінін атап өтті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі бойынша ынты­мақ­тастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шараларды, соның ішінде, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шаралары жөнінде бес­жақты арнайы келісімнің қорытындысы, Каспий жағасындағы елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын, әсіресе, инвестициялық ынтымақтастық және энергетикалық саладағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жандандыру, саясат тарифін жетілдіру және тасымалдау жағдайын жақсарту, сондай-ақ, биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жөнінде құжат қабылдауды ұсынды.

Соңында Мемлекет басшысы Ақтау саммиті Каспий маңы елдері ауқымды міндеттерді бірлесіп шеше алатынын тағы бір рет көрсеткенін айтып, қабылданған халықаралық шарттар мен қол жеткізілген уағдаластықтар «Каспий бестігінің» әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, саммит қорытындысы бойынша Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мәлімдеме жасады.

* * *

Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенция.

2. Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ын­ты­мақтастық туралы хаттама.

3. Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласын­дағы ынтымақтастық туралы хаттама.

4. Каспий маңы мемлекеттерінің үкі­меттері арасындағы сауда-экономи­калық ынтымақтастық туралы келісім.

5. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

6. Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім.

7. Шекара ведомстволарының ын­тымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама.

Ортақ айдынның әскери қауіпсіздігі, қазынасының қорғалуы – оның жаға­лауындағы мемлекеттердің бар­лығына қажетті, барлығы үшін маңыз­ды мәселе. Жеке мүддені сақтап, ортақ мүддеге мақсат-мұраттарын тоғыстыра алған тараптар киелі Маңғыстаудан маңызды мәселеде мәнді мәмілеге келіп тарас­ты. Жалпы, Ақтау саммитіне шетелдік һәм отандық журналистерді қосқанда барлығы 400-ге жуық БАҚ өкілі тіркелді.

Жиын аясында Каспий маңы мемле­кеттерінің алтыншы саммитін Түрк­іменстанда өткізу ұйғарылды.

(“Егемен Қазақстан”, 13 тамыз 2018 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика