ӨЗГЕРІСТЕР ҚУАНТАДЫ

Бүгіндері шаһардың он көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, асфальт жамылғысы жаңартылуда. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 1,8 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, орташа жөндеу жұмыстары Жамбыл, Горький, Ғабит Мүсірепов және тағы басқа көшелерде жүргізілуде.

Өңір басшысы, ең алдымен, Интернационал көшесінде болды. “Триарн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Нұрлан Мырзабековтың айтуынша, жұмыс күші мен техника жеткілікті. Ауа райының әр күнін тиімді пайдалана білген мердігер көшенің 3,6 шақырым учаскесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Серіктестік бұдан бөлек, 12 мың шаршы метр аумаққа жасанды газон төсеп, алдағы уақытта 7 қоғамдық көлік аялдамасын ауыстырады. Сондай-ақ, жол жиегіндегі жиектастар жаңартылмақ.

Дәл осындай жұмыстар Хименко көшесінде де атқарылуда.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көше асфальты жаңартылмағалы ондаған жыл өткен екен. “Ашық Аспан” ЖШС-нің мамандары ескірген асфальттың орнына жаңасын төсеп, жиектастарды ауыстырған. Мердігер компанияның директоры Бабкен Мартиросян соңғы жылдары көлік қозғалысы артқан көшенің жолы мүмкіндігінше кеңейтілгенін, құдықтардың барлығы асфальттың деңгейіне дейін көтерілгенін айтты.

Жергілікті тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдаған өңір басшысы биыл облыс орталығын абаттандыруға 350 млн. теңге бюджет қаражаты бөлінгенін жеткізді. Яғни, көше бойындағы жарық беру жүйесі жаңартылып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін ашық түстерге бояу жұмыстары өз жалғасын табады.

– Ескілерін алмастыратын жарықдиодты шамдардың қуаты көшені де, жаяу жүргіншілер жолын да жарықтандыруға жетеді. Абаттандыру жұмыстары барысында 9 көшенің шамдарын жаңарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, Брусиловский, Қаныш Сәтбаев, Жамбыл, Интернационал, Мир, Жәлел Қизатов көшелерінде және Заречный кентінде соңғы үлгідегі шамдар орнатылады. Жарық-диодты шамдар шығынды азайтып, қаржы үнемдеуге пайдасын тигізеді деп күтілуде, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жыл соңына дейін Петропавл қаласындағы жүзге жуық көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады. Сондай аулалардың бірі – Абай көшесі, 84 мекенжайында орналасқан. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ат басын бұрған облыс әкімі асфальт төселіп, аспан астындағы жаттығу құралдары, жаңа балалар ойын алаңы орнатылғанын көріп, жұмыс сапасына оң бағасын берді. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Николай Семенов пен Петропавл қаласының құрметті азаматы, соғыс ардагері Степан Башкиров өңір басшысына жуырда аулада пайдалануға берілген жасанды жамылғысы бар шағын футбол алаңы үшін тұрғындар алғысын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі алаңда ойнап жүрген балаларға футбол доптарын сыйға тартты.

Содан кейін өңір басшысы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан “Жас өркен” шағынауданындағы көпірде болды. Мұнда алматылық “Мостостроительный отряд №25 им. Рязанова” ЖШС-і директорының орынбасары Мейрам Хамит барлық жұмыстардың кестеге сәйкес жүріп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта көпірдің темір-бетон қабаты төселіп, қоршаулары орнатылуда. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ені 2,20 метрді құрайды. Мердігер компания көпірдің оң жақ бөлігін қыркүйек айында ашуды көздеп отыр.

“Петропавл-Қорған” бағытындағы тас жолдың бойында да жұмыс қызған. Қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан республикалық маңызы бар жол соңғы жылдары тозығы жетіп, көлік қатынасын біршама қиындата түскен. Ресей мен Қазақстанның арасындағы халықаралық маңызы бар бұл автожолдың біздің облыс аумағында жөнделіп жатқан учаскесінің ұзындығы 60 шақырымды құрайды. “ҚазАвтоЖол” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары Әмір Кәрімбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары он бес шақырымдық екі учаскеде қатар жүргізілуде. Бірінші учаскеге облыс орталығы мен Мамлютка қаласы, ал екінші учаскеге Мамлютка қаласы мен шекара аралығы жатады. Бөлінген қаражаттың 5 млрд. теңгесі былтыр, ал 11 млрд. теңгесі биыл игерілген. Мердігер компания жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов Петропавл темір жол вокзалында болды. Бұл жерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары Сергей Глуховский айтып берді. “Ресей темір жолы” ашық акционерлік қоғамының филиалы Петропавл темір жол вокзалын жаңғырту және вокзал алаңын абаттандыру жұмыстарына 666 млн. теңге бағыттап отыр. Бұл жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Жоба аясында ғимараттың іші-сырты заман талабына сай өзгертіліп, шатыры жаңартылатын болады. Сондай-ақ, үшінші қабатқа шығатын эскалатор мен мүгедек жандарға арналған көтергіштер орнату жоспарлануда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика