СОЛТҮСТІКТЕГІ СЕРПІЛІС

Әртараптандыру аграрлы өңірді инвестиция серпіні бойынша бірінші орынға шығарды

“Forbes Kazakhstan” халықаралық журналының тамыз айында жарық көрген 84-ші санында облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен сұхбат жарияланды. Бұл журнал 1917 жылдан бері Америкада басылып шығады. Басылымның миллиондаған оқырманы бар. Ақпарат құралы әлемнің бірнеше елінде жарық көреді, Қазақстанда ол 2011 жылдан шыға бастады. Облыс әкімімен болған сұхбатты қазақ тіліне аударып, газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

“Forbes Kazakhstan” журналының рейтингілерінде үнемі төменгі орындардан көрініп жүретін Солтүстік Қазақстан облысының дамуында өткен жылы күтпеген жерден тың серпіліс пайда болды, негізгі капиталға салынған инвестиция, тікелей шетел инвестициялары және тағы да басқа көрсеткіштер бойынша өсім динамикасы байқалды. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы үшін көш соңындағы үш аймақтың қатарынан шығуға мүмкіндік берді, дегенмен Қазақстандағы жер көлемі жағынан ең кішкентай және адам саны аз облыста әлеуметтік көрсеткіштер – өлім-жітімнің көптігі, туу деңгейінің төмендігі мен өмір сүру жасының қысқалығы сияқты мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы, тығырықтан шығудың жолы жайында өткен жылдың наурыз айында ғана бұл қызметке тағайындалған (бұған дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, “Нұр Отан” партиясы аппаратының жетекшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болған) облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен әңгімелескен едік.

– Құмар Іргебайұлы, Сіз бұл қызметке тағайындалғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысын қаншалықты жақсы білдіңіз?

– Президент Әкімшілігінде мен өңірлерге жетекшілік еткендіктен олардың экономикасымен жақсы таныспын. Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы аймақ. Қостанай облысында туып-өстім, бұрынғы Тимирязев академиясы, қазіргі Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісі инженерлерінің институтын тамамдаған соң еңбек жолымды ауыл шаруашылығынан бастадым, кеңшарда бас инженер болып жұмыс істедім, кейін өзім ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқардым, Қостанай облысындағы екі ауданда әкім болдым. Демек, солтүстік өңірдің ерекшеліктері маған таңсық емес. Қызметке тағайындалғанға дейін де Солтүстік Қазақстан облысында болғанмын.

– Петропавлды Қазақстанның тоқыраған қалаларының бірі деп санайтындар бар.

– Мен бұл теңеуді пайдаланбаған болар едім. Солтүстік Қазақстан облысының экономикасы әлсіз екені түсінікті. Ішкі жалпы өнімде бұл өңірдің үлесі соңғы жылдары төмендеп кеткені рас. 2000 жылдары үш пайыздан асса, қазір екеу ғана. Демек, облыс еліміздің даму қарқынына ілесе алмай отыр.

– Сіз себебі неде екенін анықтаған боларсыз?

– Бәрі өте қарапайым – облыста өсімге серпін беретін салалар дамымаған. Еліміздегі бірде-бір кен игеру өнеркәсібі жоқ жалғыз облыспыз. Пайдалы қазбалар – жоғары өсімнің негізі, кеніштердің төңірегінде шағын және орта бизнес дамиды.

Біз пайдалы қазбалардан қалайыға баймыз, бірнеше жыл бойы жобаны іске қосу үшін талпынудамыз. Меншік иесі болып табылатын компанияға инфраструктура тартуға көмек қолын создық, енді 2018 жылы кен орнын игеру жұмыстары басталады деген ойдамыз.

– Инвесторы кім?

– “Сырымбет” АҚ (2017 жылы атауы “Tin One Mining” АҚ болып өзгерген, 75 пайыз акциясы “Forbes Kazakhstan” журналы жүргізген ең бай бизнесмендер тізімінде 33-ші орынға жайғасқан Берік Қаниев пен Юрий Пак иелік ететін “Lancaster Group”-қа, Ерболат Досаев және Қаппаровтар отбасына, ал қалған 25 пайызы “Самрұқ-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі). Кен орнына апаратын жол салдық, қазір темір жол мен электр желісін тартып жатырмыз. Кейін ол жерде кен байыту фабрикасы тұрғызылады. Қалайы – экспорттық өнім, болашағы зор. Жоба жүзеге асса 600-700 жұмыс орны ашылып, салық түсімі артады.

– Бірақ сіздерде машина жасайтын, “Қазақстан инжинирингтің” құрамына кіретін әскери зауыттар бар емес пе? Ал қару сату қашан да табысты кәсіп саналған.

– “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының қарамағында “Мұнаймаш”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “Киров атындағы зауыт” қалды. Ал жұмысы сылбырлау жүрген “ЗИКСТО” жекешелендіру жоспарына сай сатылып кетті. Зауытқа павлодарлық инвесторлар келді (“Премиум Вагон Комплект” ЖШС), олардың кәсіпорынды жаңғырту бойынша ауқымды жоспарлары бар. Келесі жылдан бастап вагонқұрастыру зауыты жұмысын бастайды, контейнер тасымалдайтын платформалар мен астық тасымалдайтын заманауи вагондар шығарылады. Елімізде астық тасымалдайтын вагондар тапшылығы сезілуде, ресейліктер де қызығушылық танытып отыр. Контейнерлік платформалар паркі де әбден тозды, өнімді “Қазақстан темір жолы” сатып алуға ниетті. Бұл 300 шақты жұмыс орны бар заманауи зауыт болады.

Бұл төрт зауыт өңірдің машина жасау саласының негізгі кәсіпорындары болып табылады және өңдеу өнеркәсібінің 65 пайыз үлесі соларға тиесілі. “Қазақстан инжинирингке” қарайтын зауыттардағы жағдай әлі тұрақтанған жоқ, жақында құрылған Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі тәртіп орнатады деп үміттенеміз. Бұл әскери кәсіпорындар болғандықтан оның бүге-шігесіне дейін айтпай-ақ қояйын, бірақ технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі талас тудырмайды – зауыттарда әлі күнге дейін тозығы жеткен кеңес заманының станоктары тұр. Бұл мәселе бойынша Үкіметте бірнеше рет кездесу өткіздім, ақыры “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “Киров атындағы зауытқа” қаржы бөлу мәселесі шешілді, бірінші кезеңде шамамен 6,5 млрд. теңге берілмек. Жаңа құрал-жабдықтар өнімдердің түрін көбейтуге және бәсекеге қабілетті өнімдер, соның ішінде азаматтық мақсаттағы тауарлар шығаруға мүмкіндік береді.

Жасыратыны жоқ, облыстың кірпіш шығаратын зауыты да жоқ, Көкшетаудан тасымалдаймыз. Ал жері берекелі, құнарлылығы жағынан еліміз бойынша бірінші орында.

– Демек, Солтүстік Қазақстан облысының негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы боулы тиіс қой?

– Өнімділік төмен. Көптеген шаруашылықтар тек бидай өсірумен ғана шектеледі, пайда әкелмесе де істерін жалғастыра беруде. Біз өңірдегі барлық 4,2 млн. гектар алқаптың ішінде майлы дақылдар егістігінің көлемін, яғни рапс, зығыр, күнбағыс алқабын 1 млн. гектарға дейін ұлғайттық. Бұл республика бойынша майлы дақылдардың ең көп танабы, Қостанай мен Ақмола облыстары қосылып сонша себеді. Және бұл жүз пайыз экспорттық өнім.

Яғни, біз алдымызға мақсат қойып, шаруаларды үгіттеу және оларға мүмкіндіктер жасау арқылы жұмыс істейміз. Былтыр “Тайынша май” зауытының екінші бөлігін іске қостық. Қытайлық инвесторлар майлы дақылдарды сатып алып, олардан май шығарады және өздері Қытайға экспорттайды. Майлы дақылдардың бір тоннасы қазір 120 мың теңге, бидайдың бағасы – 40 мың. Бір гектардан 10 центнер майлы немесе 15-18 центнер дәнді дақыл жинауға болады. Көрнекі экономика, бірақ бәрі бұған бас қатырғылары келмейді – себебі, бидай өсіруге үйреніп қалған, ал майлы дақылдар жаңа білімді, қажырлы еңбекті, білікті мамандарды қажет етеді. Тұқым таңдау мен химиялық өңдеуде қателеспеу маңызды. Сондықтан да бұл дақылдарды егумен негізінен ірі шаруашылықтар айналысады.

Жасымық өсіру өте тиімді – тоннасы 200 мың теңге тұрады. Өткен жылы облыста бұл дақыл 217 мың гектарға себілген. Сатып алушылар кезекке тұрды. Бірақ мұнда да білікті мамандар қажет. Ауыл шаруашылығында күнделікті нәпақаңды айырумен шектеліп қалмай, даму үшін цифрландыруға, жаңа технологияларға көшу керек. Әрине, дамуға деген ынта болуы тиіс.

Мысалы, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігін алайық. Қазір шаруашылықты марқұм Геннадий Зенченконың ұлы Геннадий Геннадиевич басқарып отыр. Немересі Иван да сонда тұрып еңбек етеді. Үлгі етерлік тұстары көп – мысалы, жүгері қаз-қатар тізіліп өседі, сиырдан күніне нақты бір көлемде сүт сауылуы үшін қанша жем беру керектігін компьютер есептейді. Және әр сиырдың құлағына чипы бар сырға тағылады, суала бастаса бірден ветеринарға жіберіледі. Ферма батыстағыдан еш кем емес – әр сиырдан 8000 литр сүт сауылады. Ал ауылдың әлеуметтік саласы, абаттандыру жайы қандай десеңізші... Жақында жүзу бассейні бар спорт кешенін салды. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір тартуға көмектесіп жатырмыз. Жыл сайын өзен арнасы толған кезде тұрғындар екі-үш ай бойы айналма жолмен жүруге мәжбүр. Шаруашылықтың басшылары да ауылда тұрады, себебі қашықтықтан басқарып, ауыл шаруашылығынан жоғары табыс табу мүмкін емес.

Агробизнес драйвер бола алады, бірақ мемлекеттің қолдауы қажет – салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, біздегі субсидиялау деңгейі төмен. Егер ұзақ мерзімге берілетін арзан несие болса, демеуқаржының да қажеті болмас еді. Қазіргі таңда несиелердің үстемеақысы 14 пайызға тең, бұл өте көп. Бір жыл ішінде біздің диқандар 52 техника сатып алды. Бес жыл бұрын 8 пайыз болған кезде 250 данасын алған болатын.

– Әрине, елде девальвация болды, ал техниканың бәрі импорттық өнім.

– Түрлі жолдарын қарастыру қажет. Әлемдегі ең жақсы техникалар – “John Deere” мен “Claas”, мен сізге ауыл шаруашылығы маманы ретінде айтып отырмын. Егер жақсы нәтижеге қол жеткізгің келсе, жақсы техникамен жұмыс істеуің керек. Нашар техникамен тұқымды дер кезінде сеуіп үлгере алмайсың, орақ науқаны созылып кетіп, астық жаңбыр мен қар астында қалады, төртінші сыныптан жоғары сапаға қол жеткізу мүмкін емес. Дән жинайтын техника ылғалдылығына қарамастан егінді орып, сұрыптап үлгеруі керек. “Claas” техникаларын бізде құрастыру туралы келісім жасап жатырмыз, тоғыз ай бойы келіссөз жүргіздік, немістер бәрін мұқият есептеп, сараптап шықты. Жақын күндері заңды тұлға тіркеледі, содан кейін инвестициялық келісім-шарттар жасалады. Бұрынғы “Қазтехмаш” зауытының ғимаратын дайындап қойдық. Келісім-шарт бойынша инвестор өз мойнына инвестиция құю және техника құрастыру міндетін алады, ал мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 25 пайызын субсидиялайды. Оған лизингті қосыңыз. “Claas” 12 пайыз қосымша құн салығы, 5 пайыз кедендік баж көлемінде жеңілдікке ие болады. 2019 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде ескі ауыл шаруашылығы техникасын утилизациялау төлемі енгізілуі мүмкін. Алғашқы 30 комбайн биыл құрастырылады деген жоспарымыз бар, күзгі ораққа дейін үлгеру қажеттігін айтып, асықтырып жатырмыз. Келер жылы өндірістің 10 пайызын, ал 2020 жылы 15 пайызын жергілікті өнімге ауыстыруды көздеп отырмыз.

– Неміс техникасының қай бөлшегін ауыстыратындарыңыз қызық болып тұр.

– Олар біздің өндірістік базамызды зерттеуде. Біз бір уақытта машинажасау саласымен де айналысып жатырмыз. Петропавл ауыр машина жасау және Киров атындағы зауыттарға жаңа жабдықтар орнату мәселесіне шыр-пыр болып жүргенімнің негізгі себебі осы – немістерге қандай да бір өнімімізді ұсыну. Біз гидравликаны істей аламыз, одан басқа да аса күрделі емес конструкцияларды жасау қолымыздан келеді. Бірақ осының бәрін бастау керек.

“Claas”-пен бірге “Horsch” та өнімдерін құрастыруға кіріспек. Олар жұптасып жұмыс істейді. Үнемі айтып жүретін неміс сапасы деген осы – ақылды машиналар дақылдарды егу тереңдігін өздері анықтайды, қандай да ақаулар орын алса және тағы басқа жағдайларда қызмет көрсету орталығына хабарлама келіп түседі. Демек, біз техниканың толық кешенін – тракторларды, егіс кешендері мен комбайндарды құрастырмақпыз және сапасына басымдық береміз. Осылай әрекет ету арқылы ғана алға серпінді қадам жасай аламыз. Ауыл шаруашылығы өндірісіне шетелдік инвесторлар көп келе қоймайды, сондықтан оларға қызмет көрсететін салалардан іздеген жөн.

– Әрине, шетелдік капиталы бар компанияларға жерді жалға беруге де тыйым салынған соң...

– Иә, мәселелер бар. Қазақстан жыл сайын жүздеген миллиард теңгеге гербицид сатып алады, химиядан өзіміз ештеңе өндірмейміз десе де болады. Бірақ гербицид бойынша әзірге инвестор табу мүмкін болмай тұр. Жалпы алып қарасақ, тұрақты өсім қарқыны бар. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 13 пайызды құрады, республикада 5 пайыз, биыл тағы 10-11 пайыз өседі деп болжап отырмыз.

– Дей тұрғанмен, жалпы өңірлік өнімнің өсімі 2,6 пайыз ғана болды ғой.

– Инвестициялардың нәтижесі бірден көрінбейді ғой, уақыт керек. Былтыр Қазақстан ауыл шаруашылығына шамамен 348 млрд. теңге көлемінде қаржы құйды, соның 20 пайызы бізге тиесілі. 2018 жылы майлы дақылдар алқабын 36 пайызға көбейттік, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы жалпы табыс өсімі шамамен 60 млрд. теңгеге (510 млрд. теңге болған) өседі деп күтіп отырмыз.

Бізге майлы дақылдарды өңдейтін тағы бір зауыт салу қажет. Онда дақылды сыққаннан кейін қалатын күнжара да экспортқа шығарылады – тоннасы 65 мың теңге, бидайдан да қымбат. Қытайлық компания кеңеюді ойластырып жатыр. Былтыр “Масло-Дел” серіктестігі “Tetrapack” желісін іске қосып, нәтижесінде сүт өңдеу көлемін бірден 5 пайызға арттырды. Біз қазір сауылатын сүттің 87 пайызын қайта өңдеудеміз. Тамыз айының соңына қарай “Биохим” зауытын іске қоспақшымыз, онда тек жабдықтарды қайта қалпына келтірудің өзіне 3 млрд. теңге жұмсалды. Кәсіпорында бидай терең өңделіп, эспортқа шығарылатын глютен мен крахмал өндіріледі.

– Жұмыстарды кім істейді? Облыс тұрғындары жылына шамамен 0,3 пайызға азайып отыр.

– Көшіп кетушілер саны біртіндеп төмендеп келеді. 2016 жылы кетушілер келушілерден 7 мың адамға көп болса, былтыр 5 мың болды, 2018 жылдың алғашқы жартысында 1,5 мыңға тұрақтадық. Екі жылдан кейін, керісінше, көбейе бастаймыз деп үміттенемін.

– Ресейдің көші-қон бағдарламасы сіздерге кесірін тигізген болар?

– Ол да бар. Алайда, көбі Астанаға кетіп жатыр. Тұрғындардың қартаю мәселесі де өзекті. Ресей Федерациясында қазір халықтың 30 пайызын зейнеткерлер құрайды, Солтүстік Қазақстан облысында – 19, ал Қазақстан бойынша – 11 пайыз. Жан басына шаққандағы табыс ел бойынша ең төмен деуге келмейді, бірақ шығын көлемі де көп – жылдың жеті айында пеш жағу қажет. Біз еңбек күші көп өңірлерден тұрғындарды көшіру бағдарламасына қатысудамыз. Былтыр Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 170 отбасын қабылдадық. Кейбірі фермерлікпен айналысу үшін жер алды және жұмыстары нәтижесіз емес. 18 шаңырақ кейін қарай көшіп кетті, бұл аса көп дей алмаймын.

Баспана жалдауға және сатып алуға берілетін 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржы (төрт адамнан тұратын отбасы үшін бұл шамамен 400 мың теңге) – бұл, әрине, бағдарламаға жұртты қызықтырудың тиімді тәсілі дей алмаймын. Сол себепті Үкіметке өз ұсыныстарымызды жолдадық. Он жылдық келісімшарт жасалып, қажетті мамандарды таңдап алу құқығы берілсе біздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары көшіп келушілер үшін коттедж типтес, кейін олардың меншігіне өтетін үйлер салып беруге дайын. Зенченконың өзі жыл сайын он үй тұрғызады. Демек, қажетті мамандарды – малшылар, механизаторлар мен есепшілерді сол жақта, яғни оңтүстікте әзірлейтін кешенді бағдарлама қажет. Ал біз баспана салып, оларға келісімшарт ұсынып, әлеуметтік жағдайларын жасауымыз қажет.

Өңірімізде 670 елді мекен болса, солардың 300-ден астамының келешегі бар, таза су тартылған, жолы жақсы, мектеп, мәдениет орталықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Көшіп келушілерді сол елді мекендерге жібереміз.

– 2013 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына берілетін субвенция көлемі шамамен 50 млрд. теңгенің көлемінде болатын, ал 2017 жылы ол бірден 91 млрд. теңгеге көтерілді. Қаржы қандай мақсаттарға жұмсалды?

– Қосымша қаржы қаланы көркейтуге жұмсалуда. 40-50-ші жылдары салынған орталықтағы 600-ден астам ескірген жер үй сырылды. Олардың орнына 2,5 мың пәтер салынады. Тұрғындардың әрқайсысы ескі үйлері үшін шамамен 6-8 миллион теңге көлемінде өтемақы алды. Бұл қаржыға Петропавлда жақсы пәтер сатып алуға болады. Біздің мәліметіміз бойынша, 80 пайызы дәл солай істеген.

Қала гүлденіп келеді. Келер жылы заманауи аурухана кешенін тұрғызамыз, онда оңтүстіккореялықтардың үлгісімен сараптама жасаудан бастап, емдеуге дейінгі барлық шаралар жасалады. Әйтпесе біздің “Жедел жәрдем” қызметі 1905 жылы салынған ғимаратта орналасқан.

Бұл өңірдің табиғаты керемет, әсіресе, қазіргі майлы дақылдар гүлдеген шақ тамаша. Жасыл орман, көкшіл зығыр мен сары рапс... Шалқар мен Имантау көлдері көздің жауын алады. Орталықтан қаржы бөлініп, сол жаққа апаратын жолдарды жөндеп жатырмыз. Корпустар тұрғызбаймыз, себебі, табиғат сол қалпында сақталуы қажет. Адамдар көліктерін күзетілетін тұрақтарға қояды да, күркелерін құрып, алаңсыз демалатын болады.

Сұхбаттасқан Ардақ БӨКЕЕВА.

Comments   

 
0 #1 Зияда 2018-08-22 08:59
Мақаланы оқи отырып, журналист қыздың әрбір сұрағына тұшымды жауап берген өңір бас-шысының алға қойған нақты жоспары мен мақ-саты бар екенін түсіндім. Өңіріміз әлеуметтік, экономикалық жағынан қарқынды дамуда. Осының барлығы да білікті басшының еңбегі деп білемін. Елбасымыздың әрбір әлеуметтік-экон омикалық, саяси реформаларының облыс аумағында нақты орындалуы мен жүзеге асуын көрудеміз. Ал бұл мақала орындалған істердің айғағы деп есептеймін.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика