АСТЫҚТЫ АЙМАҚТАҒЫ ТЫҢ СЕРПІН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында “Тайынша Май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мемлекет басшысы кәсіпорынның цехын аралап көріп, майлы дақылдарды өңдеудің және тазартылған май өндірудің технологиялық процесімен танысты.

– Сіздердің инвестицияларыңыз қайта өңдеу ісіне алғаш рет тартылып отыр. Бұл Қазақстанның аграрлық кешеніне қосылған маңызды үлес болып саналады. Мұнда өндірілген бүкіл өнім сыртқы нарыққа шығарылып, еліміздің экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс табуға септігін тигізеді. Осының бәрі өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Кәсіпорынды аралап көргеннен кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан өлкесінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі топырағы ең құнарлы әрі ауыл шаруашылығына қолайлы өңір екеніне және аграрлық салаға дәстүрлі түрде маманданғанына тоқталып, Қазақстан астығының төрттен бірі осы өлкеге тиесілі деп атап көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы әлеуеті әлі де тиісті дәрежеде пайдаланылып отырған жоқ. Облыс егіншілері, сөзсіз, жер өңдеу, астық өндіру ісінде жоғары деңгейдегі мамандар болып саналады. Дегенмен, мал шаруашылығы саласын дамытумен де айналысу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан-Ресей XV өңіраралық форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді. Соңында, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыруды енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп өндірісі мен туризм саласын одан әрі дамыту, сондай-ақ, өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру арқылы аймақтың аграрлық әлеуетін кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

– Бес әлеуметтік бастама осы мәселелерді шешуге септігін тигізуі қажет. Оның жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

“Тайынша Май” ЖШС-і өңірдегі ауыл шаруашылығы кластеріндегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Зауыт Еуропада шығарылған заманауи құралдармен жабдықталған және тәулігіне 1000 тонна шикізат өндіруге мүмкіндігі бар. Кәсіпорында 46 адам жұмыс істейді.

* * *

Мемлекет басшысы “Агрофирма Эксимнан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы кешенін аралап көрді. Елбасы егін ору науқанына дайындық барысымен танысып, биыл Солтүстік Қазақстан облысының мол астық жинайтынына сенім білдірді.

Қазақстан Президенті өңір шаруаларымен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы өнімін әртараптандырып, мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті.

– Бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлық технологияларды енгізу керек. Қайта өңдеу саласын дамытпай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпорындар жетекшілері еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен аграрлық секторға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыс зауыттарында құрастырылатын тракторлар, комбайндар және басқа да астық жинауға арналған техникалар қойылған ауыл шаруашылығы көрмесін аралап көрді.

* * *

Мемлекет басшысы Тайынша ауданының Ильичевка ауылына Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударғандарға арналған 14 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев көшіп келген отбасылармен әңгімелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтіп, өзінің де өмір жолы туралы айтып берді.

– Менің Алматы қаласының маңында дүниеге келгенімді білесіздер. 17 жасымда туған өлкемнен кеттім. Осындай шешім қабылдап, мен түрлі өңірде еңбек жолынан өттім. Кездескен қиындықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Сіздер мұны балаларыңыздың болашағы үшін жасап жатырсыздар, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Елбасы ауылдың жаңа тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тіледі. Жалпы 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 900 адамнан тұратын 235 отбасы көшіп келген. Барлығы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылды. Олардың көшіп келуіне және шығындарын өтеу үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

“Akorda”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика