САПАЛЫ БІЛІМ — ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен облыс ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал” тақырыбына арналды. Білім саласы қызметкерлерінің жиынына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Адами капиталды дамыту білім ордаларынан бастау алады. Бүгінде білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді қалыптастыруға кірістік. Өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға көштік. Цифрландыру, ақпарат алу ісін жеделдету біздің өңірдің оқу орындарына да таңсық емес. Конференцияға қатысушылар назарына ұсынылған “EDU TEACH” көрмесі жергілікті білім ордаларының осы бағыттағы жетістіктерінен хабардар етті.

Тамыз кеңесінде сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өткен оқу жылындағы қол жеткізген жетістіктерге шолу жасап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

– Білім саласында адами капиталды дамыту білімнің жаңа парадигмаларын анықтау, әртүрлі меншіктегі оқу мекемелерін ашу, ақпараттандыруды жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, мемлекеттік емес қаржыландыру көздерін табу сияқты маңызды қадамдардың арқасында жүзеге асады. Бұлардың бәрін де облысымызда іске асырудың мүмкіндігі бар, – деді Гүлмира Райымбекқызы.

Басқарма басшысы мектептерде директорларды тағайындау қағидаты мен қаржыландыру тәртібі өзгеретінін айтты.

Колледж бен мектептердің білім алушыларының санына қарай қаржыландырылуы олардың бәсекеге қабілеттілігі мен білім сапасын арттыруына септігін тигізбек.

Жиында Президент жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Анатолий Башмаков Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастаманың білім жүйесін дамытудағы маңызы туралы сөз етті. Жоғары оқу орындарының өзін-өзі басқару жүйесіне көшуі туралы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев баяндама жасады. Ректордың айтуынша, университетте биыл елеулі өзгеріс орын алды. Бірқатар жаңа мамандықтар ашылып, 1221 грантқа ие болды. Алдағы уақытта мұнда студенттерге қызмет көрсету және ІТ-орталықтары жұмысын бастайды.

“Назарбаев Зияткерлік мектебі” дербес білім беру ұйымының академиялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Қазжанова заманауи талаптарға жауап бере білетін мұғалімдерді даярлау, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Ал “USTAZ” орталығының директоры Әлімжан Игенбаев үштілділік моделіне көшу қарсаңында шет тілін меңгергісі келетін ұстаздардың қатары артып отырғанын айтты. Бүгінде еліміздің 12 мыңға жуық мұғалімі тілдік курстан өтіп, сабақты ағылшын тілінде оқытуға толығымен дайын.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов ұстаздар қауымын жақсы жаңалықтармен қуантты.

– Облыс орталығында қосымша білім беру саласын жетілдіру мақсатында Оқушылар сарайының құрылысын бастадық. Ол әлемдегі ең озық техникалармен жабдықталған ІТ-орталыққа айналады. Ендігі кезекте біз оның аудандардағы филиалдарын ашу мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді ол. – Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес білім ордаларын түгелдей жаңа компьютерлермен қамтамасыз етуді қолға алдық. Бұрын жылына 300-400 компьютер ғана сатып алынса, енді білім ордалары 4 мың жаңа техникамен қамтылады.

Құмар Ақсақалов қаржыландыру жағынан тиімсіз саналатын шағын жинақты мектептер мәселесін шешу жолдарын айтты. Енді өзге ауылдарға барып оқитын балалар интернатта емес, патронатты отбасыларда тұратын болады. Және мұндай отбасыларға арнайы төлемақы беріледі.

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған жастар үшін жеңілдетілген несиемен баспана алу мүмкіндігі беріліп отыр. Ол үшін экономикалық әлеуеті зор ауылдарда жүздеген тұрғын үй тұрғызыла бастайды.

Конференция соңында білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбегі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбилеуге қосқан үлесі үшін бірнеше ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Ал ардагер ұстаз Ботагөз Ғалиева “Еңбек ардагері” медалін алды. Сондай-ақ, облыс әкімі білім саласының үздіктеріне “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін табыс етті.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика