БЕСКӨЛДЕГІ ДҮБІРЛІ ДОДА

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы “Құлагер” ипподромында жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен ел біріншілігі өтіп жатыр. Жиналғандарды дәстүрлі жарыстың ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет ұлттық спортымызды ұлықтап, оны жалпыхалықтық деңгейге жеткізу, жастарымыздың қызығушылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл сайыс өңірімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді.

– Облыста қазақ халқы ойындарының дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Қызылжар өңірінде ұлттық ат спорты түрлері бойынша спартакиаданың өтуі облыс өміріндегі айрықша оқиғалардың бірі болып отыр. Бәсі биік доданың тартысты өтіп, әдемі ойын өрнегінің куәгері болатынымызға сенімдімін, – деді Мадияр Қожахмет.

Еліміздің ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай қатысушыларды аққайыңдар өлкесінде тұңғыш рет өтіп жатқан сайыстың басталуымен құттықтап, елімізде ұлттық спортпен белсенді шұғылданатын азаматтардың саны 500 мыңға жеткенін тілге тиек етті.

Елімізде ұлттық ойындарымызды жандандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізген ол жуырда Түркияда өткен “ЮНЕСКО”-ның жиынында Қазақстан 2021 жылы ұлттық спорт түрлерінен бүкіләлемдік жарыс өткізу құқығына ие болғаны туралы қуанышты хабармен бөлісті.

Жарыстың бас төрешісі Рамазан Махатовтың айтуынша, ұлттық құндылығымызды паш етіп, абыройымызды асқақтататын спорттық шараға 1996-1999 жылы туған жастардан жасақталған 9 команда қатысуда. Олар бір апта бойы бәсеке көрігін қыздырып, көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден және жамбы атудан өзара үздіктерді анықтайды.

Көкпарды алғашқы болып Қызылорда мен Түркістан облыстарының командалары бастады. Сайыстың жаңа ережесіне сәйкес серке шеңберге тасталысымен, тартыс басталып кетті. Бұл сайыста күші басым түркістандықтар жеңіске жетті. Маңғыстау мен Ақмола облыстары командаларының арасындағы ойын да тартысқа толы болды. Кездесудің бірінші бөлігінде есеп ашылмағанымен, екінші бөлігінде маңғыстаулық шабандоздар қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Атап айтқанда, Найзабек Темірбеков ойынның 21 минутында есеп ашса, арада үш минут өткенде әріптесі Досан Еламанов көзге түсті. Ал тағы екі минуттан кейін Руслан Дүйсенбай кездесудің соңғы нүктесін қойды.

Дүбірлі дода тамыздың 27-сіне дейін жалғасады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика