ҚЫЗЫЛЖАРДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Облыс орталығындағы жиырмасыншы шағынауданда жаңа мешіт маңына жиналған, жандары жадыраған жамағат көптен күткен қуанышқа орай бірбірінен сүйінші сұрасып, құтты болсын айтып жатты. Алыстан менмұндалаған мұнаралы мешітке ағылған адамдар саны толассыз. “Көп тілегі – көл” демекші, Алланың нұры жауып, халықтың пейіліне қарай күн де шайдай ашық болды. Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Парламент депутаттары, еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтар, жергілікті атқарушы билік пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Бұл мешіт – бірлігіміздің, тұтастығымыздың көрінісі. Мешіт – руханият пен имандылықтың ордасы. Алланың үйіне адам жақсылық, сауапты іс жасауға келеді. Мешітте адамгершілік қасиеттер, дәстүрлі дін құндылықтары жайлы уағыз айтылады. Облыстағы мешіттерге келушілердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. “Бірлікті ел бұзылмас” дейді дана халқымыз. Осы ауызбіршіліктің арқасында көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтамын. Зәулім де әдемі мешіттің бой көтеруіне қол ұшын берген он мың адамның әрқайсысына ризашылығымды білдіремін, – дей келе Құмар Ақсақалов елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тіледі.

Салтанатты шарада бас мүфти Серікбай қажы Ораз да тарихи сәттің куәсі атанған Қызылжар халқына жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Бүгін қазақ елі тәуелсіздіктің, бірлік пен ынтымақтың арқасында алаңсыз өмір сүруде. Бабаларымызға арман болған азаттықтың арқасында елімізде осындай зәулім мешіттер бой көтеруде. Қызылжарлықтар Алланың разылығы үшін Құдайға мінәжат ететін орынды салуға атсалысты. Қуаныштарыңыз құтты, баянды болсын, – деді ол. Бас мүфти Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мен барша имамдар қауымының атынан мешітке қасиетті Құран кітабын табыстады. Ал жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Қасымхан Исаев тағайындалды. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов, “Ақ ниет” облыстық қоғамдық қорының төрағасы Құдайберген Қалиев құлшылық үйінің құрылысына қаржылай көмек көрсеткен бір топ азаматты және ұжымдарды атап, оларға барша қауымның атынан алғысын білдірді.

“Бес саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді” дегендей, жұртшылықтың қолдауымен қызылжарлықтардың құбыласы түгенделгендей. Құлшылық еткен қауымға есігі айқара ашылған мешіт “Рухани жаңғырудың” жарқын көрінісіндей. Қалаға жаңа өң берген рухани орда 630 орынға шақталған. Мешіттің бірінші қабатында 500 орындық ерлерге арналған намаз оқу және неке қию залдары орналасса, екінші қабатында 130 адамға арналған әйелдердің құлшылық орны бар. Құрылысы 2014 жылы басталған мешіт жұртшылықтың жеке қаржысы есебінен салынғанын атап өткен жөн. Күмбезі көкпен таласқан Алла үйі ғимаратының бас архитекторы – Сағындық Жанболатов. “Санар” жобалау компаниясы бұған дейін Астанада “Әзірет Сұлтан”, “Алланың гүлі” сияқты айшықты мешіттер мен Көкшетау, Қарағанды қалаларында да құлшылық үйлерін тұрғызған.

Өткенге салауат айтып, бүгінге қанағат қылған қауым көптен күткен зәулім де әсем мұнаралы мешіттің тек қана құлшылық мекені емес, тәрбие мен имандылықтың, адалдық пен адамгершіліктің, қайырымдылық пен мейірімділіктің қасиетті ордасы болатынына сенім білдірді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Comments   

 
0 #1 Айтуған 2018-09-04 17:07
“Азаны бар ел азбайды” деп бекер айтыл-маған. Аллаға шүкір, бүгінгі күні Қызылжардың өзінде бес мешіт жамағатқа есігін айқара ашып отыр. Бұрынғыдай емес, ислам дінінің қадірін түсінгендер қатары көбейген. 19-шы шағын-аудандағы Алла үйі де асыл дініміздің өркен-деуіне атсалысып, жастардың имандылыққа бет бұруына ықпал етеді деп ойлаймын.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика