ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ — ҚЫЗЫЛЖАРДА

Кеше Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңіріне келді. Ол облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері” Жол­дауының, “Президенттің бес әлеу­меттік бастамасындағы” міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Үкімет басшысын күтіп алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Астаналық мейман алдымен ат басын “Жас өркен” шағынауданына бұрды. Мұнда ол Оқушылар сарайында және көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында болды. Бүгінде озық техникалармен жабдықталатын ІТ-орталықтағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бас мердігер “BI Civil Construction” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Виктор Богманың айтуынша, жаңа ғимараттың жалпы ауданы – 15 мың шаршы метр. Жобаның құрылысына 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ғимаратқа коммуникация желілері тартылып, абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Құрылыстағы негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін тамамдап, тапсыру көзделіп отыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мұнда қосымша білім берумен қатар балалардың жобалық-зерттеу, ғылыми-техникалық шығармашылық әлеуетін дамытуға көңіл бөлінетінін айтты. Эксплораториумды инновациялық IT-орталығы мен ”Mutliplace Coworking” компаниясының заманауи техникалары орнатылады. Қазіргі уақытта тапсырыс берілген құрал-жабдықтардың алғашқы легі жеткізілді.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бастаған топ шағынаудандағы 332 пәтерге лайықталған тоғыз көпқабатты үйдің құрылыс жайымен танысты. “Основание” компаниясының директоры Сергей Тимофеев 3,7 млрд. теңге қаражаттың жартысынан астамы игерілгенін, бірінші қабатта 88 орынға шақталған шағын орталық орналасатынын жеткізді. Үкімет басшысы құрылысшылармен кездесуде елімізде жайлы баспана алуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын, былтыр 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй іске қосылғанын, жұмыс барысында сапаға баса назар аудару қажеттігін атап көрсетті.

Бұдан кейін Бақытжан Әбдірұлы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болды. Университеттің ректоры Серік Өмірбаев оқу ордасының соңғы жаңалықтарын баяндады. Қазір мұнда 5500 студент дәріс алады. Жыл өткен сайын инфрақұрылымы жақсарып келе жатқан университетте 9 оқу корпусы, 4 жатақхана, астрофизикалық обсерватория, жүзу бассейні жұмыс істейді. Ректордың айтуынша, биыл оқу орнында бірқатар жаңа мамандықтар ашылып, оларға 1221 грант бөлінген. Қазіргі уақытта облысымызда 250-ге жуық дәрігер тапшылығы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бакалавриат бойынша – 57, магистратураға – 29, докторантураға 5 мамандық иелері даярланатын жоғары оқу орнында биылдан бастап медицина мамандарын даярлау ісі қолға алынуда. Алдағы уақытта мұнда бір мың орындық екі жатақхана бой көтереді. Сондай-ақ, студенттерге қызмет көрсету және IT-орталығы өз жұмысын бастайды деп күтілуде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді аралап жүрген Премьер-Министр облыстық ересектер ауруханасында болып, материалдық-техникалық базаның нығайтылуына, білікті кадрлармен қамтамасыз етілу мәселелеріне назар аударды. Бүгіндері аурухана медициналық құрал-жабдықтарды лизингке алу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Биыл бірқатар қондырғылар сатып алынған. Емдеу мекемесінде 13 бөлімше бар болса, күндізгі стационар 300 науқасқа қызмет көрсетеді.

Бұдан кейін Премьер-Министр бастаған Үкімет делегациясы өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі – “РимҚазАгро” ЖШС-інде болып, Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысымен танысты. Серіктестіктің құрылтайшысы Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, негізгі өнімдерге жергілікті сапалы ұн пайдаланылады. Инвестицияның жалпы көлемі 1,1 млрд. теңгені құрайды. Бүгіндері 60-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған серіктестіктің қуаты жылына 708 млн. теңгенің өнімін өндіруге жетеді.

Бақытжан Әбдірұлы жұмыс сапарының соңында құрылысы жүріп жатқан он қабатты “Hampton By Hilton” сауда-қонақүй кешенінде болды. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін төрт жұлдызды нысан 7500 шаршы метр аумақты алып жатыр. Қонақтарды қонақүйдің жағдайымен таныстырған жеке кәсіпкер Дмитрий Кошелев кешеннің әр қабатында супермаркет, шаштараз, химиялық тазалау пункті, фитнес зал, бассейн орналасқанын айтты.

* * *

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті. Алқалы жиынға бірқатар министрлер, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала мен аудандардың әкімдері қатысты.

Кеңеске қатысушылар алдында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндама жасады.

Қанат АТАМАНОВ,

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика