ДАМУҒА СЕРПІН ҚАЖЕТ

Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында үстіміздегі жылдың алғашқы сегіз айындағы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2018-2019 жылдардағы жылыту науқанына дайындық барысы талқыланды. Алқалы жиынға тікелей байланыс режімінде аудан әкімдері, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Өңір басшысы аппараттық кеңеске қатысушыларға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалған Әділбек Әубәкіровты таныстырды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңіріміздің биылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасап, әр сала бойынша есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі – 1,5 есе, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 13,7, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 8, бөлшек сауда – 1,5, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 0,7 пайыз өскен. Алайда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 0,9 пайызға кеміген. Биыл өнеркәсіп кәсіпорындары 154 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Өнім шығару көлемінің төмендеуі машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіптерінде, дайын металл бұйымдары, сусындар, резеңке және пластмасса өнімдерін шығаруда орын алған.

Үстіміздегі жылдың басынан бері 72462 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 113,7 пайызды құрайды. Негізгі капиталға инвестицияның көлемі биылғы сегіз айда 105,5 млрд. теңге болды, оның 54,9 пайызы кәсіпорындардың өз қаржысы. Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығына бөлінген. Облыста орташа айлық еңбекақы 107 670 теңге болып, былтырғы деңгейден 7,7 пайызға өскен.

– Үстіміздегі жылдың сегіз айында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысында оң үрдіс байқалады. Өндіріс көлемінің төмендеуіне Петропавл қаласы, Мамлют, Айыртау, Жамбыл аудандары жол берген. Олар жыл аяғына дейін жағдайды жақсарту үшін барлық іс-шараларды қолға алуы тиіс, – деген Құмар Іргебайұлы облыс орталығындағы машина жасау кәсіпорындарында қалыптасқан күрделі жағдайды шешу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Бұл мәселеге облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұлов, Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш”, “ЗИКСТО”, “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарының басшылары түсініктеме берді.

Облысымызда шығарылатын барлық өнеркәсіп өнімдерінің 69 пайызы осы төрт кәсіпорынға тиесілі. “Петропавл ауыр машина жасау” АҚ-ы биыл мұнай-газ кешендері үшін қондырғылар жасауға тапсырыстар портфелінің азаюына байланысты өндіріс көлемін 53 пайызға кеміткен. Осындай қанағаттанғысыз жұмыстың нәтижесінде кәсіпорындағы еңбекақы көлемі азайып, жұмысшылар қысқартылған. Бүгіндері кәсіпорын келісімшарттар жасауды жалғастыруда. “ЗИКСТО” АҚ-ы Ресейден, Украинадан жүк вагондарын шығару үшін қажетті ірі шойын құймасының, қосалқы бөлшектердің уақтылы түспеуі себепті өндіріс көлемін азайтқан. Қазір жағдайдың жақсаруына байланысты қазан айында кәсіпорын үш ауысымда жұмыс істемек. Алдағы уақытта қажетті материалдарды Қытайдан сатып алу жағы қарастырылуда. “Мұнаймаш”, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ның басшылары да жыл аяғына дейін жағдайды жақсартуға уәде берді.

Облыстық ауыл шаруашылығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының басшылары Қайрат Омаров, Серік Мұхамедиев пен Құралай Жарова өздерінің салалары бойынша биылғы сегіз айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.

“Қыстың қамын жаз ойла” деген. Бүгінгі таңда өңірімізде жылыту маусымына дайындық қалай жүргізілуде? Жылыту қазандықтары мен жылу құбырларының жай-күйі қандай? Ертең қылышын сүйретіп қыс келіп, қаһарына мінгенде қысылып қалмаймыз ба? Бұл мәселеге қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров хабарлама жасады. Бүгіндері өңірімізде қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары алдын ала жасалған іс-шаралар жоспарына сәйкес аяқталуға жақын. “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 3,98 млрд. теңге жұмсады. Петропавл №2 жылу-электр орталығында он бір қазан және жеті турбина агрегаты жөндеуден өткізілген. Қазір қоймада 174 мың тонна көмір мен 547 тонна мазут қоры бар. Барлық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары жылыту маусымына толық дайындалған. Бюджеттік мекемелерге қысқа қажетті көмір толық жеткізілген. Бескөл ауылында осы аптада жаңадан салынған орталық қазандық жұмысын бастап, оған он бес нысан қосылмақ. Бұл көмірді 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов облыс орталығында жылыту маусымының 12 қыркүйекте басталғанын, былтыр орын алған кемшіліктер есепке алынғанын атап көрсетті. Бүгіндері әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарға жылу берілген. Бұл жұмыс он күн ішінде толық аяқталмақ.

– Біз бүгін өңіріміз үшін өзекті мәселелерді айқындап, қол жеткен жетістіктерімізбен қатар шешімін таппай жатқан кемшіліктерді талқыладық. Жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылау үшін соңғы тоқсанда бәріміз де белсене жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, машина жасау кәсіпорындары үшін сын мерзімі болмақ. 2019 жылы облысымызда жол жөндеу, тұрғын үй салу және басқа да салаларға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінбек. Оны игеруге осы кезден бастап жақсы дайындық керек. Мәселен, биыл ауылдарда бюджет есебінен 100 үй салынса, 2019 жылы – 600, ал 2020 жылы 1500 үй бой көтермек. Аудан әкімдері, құрылыс кәсіпорындарының басшылары оның жүзеге асырылуына тікелей жауап беретін болады, – деді кеңесті қорытындылаған Құмар Ақсақалов.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика