БАСТАМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ — ҚОҒАМ БАҚЫЛАУЫНДА

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуін жүзеге асыруды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, “Нұр Отан” партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев бастаған топ өңірімізге жұмыс сапарымен келді.

Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс сапарын құрылыс жұмыстары жүріп жатқан “Жас өркен” шағынауданынан бастады. Мұнда былтырғы жылдан бері бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, соңғы жылдары өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Үстіміздегі жылы облыста 162,2 мың шаршы метрді құрайтын 13 көпқабатты және 211 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 14,7 млрд. теңге бөлінді. Алдағы жылы 1601 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үй салынбақ.

Алайда, облыста “7 – 20 – 25” тұрғын үй бағдарламасы сылбыр жүргізілуде. Бүгінге дейін бір ғана солтүстікқазақстандық бағдарлама аясында пәтер сатып алған. Қала басшысы бұл мәселе жыл соңына дейін шешімін табатынын хабарлады.

– “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуі аясында жүзеге асырылып жатқан “7 – 20 – 25” тұрғын үй бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін “Жас өркен” мен “Береке” шағынаудандарында, Солнечный кентінде 608 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Ал 2019 жылы жаңадан салынған пәтерлердің саны 1605-ке жетеді.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде екі мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылып, қоныстойын тойлайтын болады. Құрылыс жоспарына сәйкес 2019-2020 жылдар аралығында “Жас өркен” шағынауданында 17 қабатты жеті тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Ол үшін 4,5 гектар аумақта орналасқан 96 ескі жер үй сүрілетін болады, – деді Марат Иманбайұлы.

Мемлекет басшысы ауыл және қала тұрғындарына, әсіресе, жастарға “Бизнес бастау” жобасы бойынша оқуды тамамдағандарға шағын несие ұсыну қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын. Бүгіндері бұл тапсырма өз жемісін беруде. Мәселен, Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылының тұрғыны Марат Мусин “Бизнес бастау” жобасы аясында білім алып, өткен жылы “Байрас” ауыл шаруашылығы кооперативін құрған. Төмен пайызбен 14,9 млн. теңгенің несиесін рәсімдеген іскер жігіт бұл қаражатқа сүт тасығыш автокөлік пен сүт салқындатқыш танкер сатып алыпты. Бүгінде 63 ауыл тұрғынының басы біріктірілген кооперативте екі жүзге жуық сауын сиыр бар. Ол Рассвет, Приишимка, Қарлыға, Подгорное, Трудовая Нива және Бескөл ауылдарынан күніне 4 тонна сүт жинайтынын тілге тиек етті. Тұрғындарға әр литр үшін 85 теңгеден төлейді. Жиналған шикізат Аққайың ауданындағы “Ростан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу зауытына өткізіледі.

Кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің арқа­сында алдағы уақытта бизнес аясын кеңейтуді көздеп отыр.

– Несиені қайтару өте ыңғайлы. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінде 10 млн. теңгенің несиесіне өтініш жібердім. Ендігі мақсатым – сүтті бағыттағы қара мал сатып алып, жаңа кешен салу. Бәрі ойдағыдай болса, бұл мақсатыма да жетемін, – дейді Марат Марамұлы.

Бұдан кейін қоғамдық кеңес мүшелері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болды. Университет ректоры Серік Өмірбаев оқу ордасының соңғы жаңалықтарын баяндады. Серік Мәуленұлының айтуынша, жоғары оқу орнында 5,5 мың студент білім алуда. Келесі жылы олардың санын 7 мыңға жеткізу көзделген.

– Биыл оқу орнында бірқатар жаңа мамандықтар ашылып, 1221 грантқа ие болдық. Облысымыздағы дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында биылдан бастап медицина мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Облыстық әкімдік пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет жанынан заманауи оқу-зертханалық корпус салынатын болды. Ол мамандарды даярлау сапасын арттырады деп сенеміз. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен әрқайсысы 600 орындық екі жатақхананың құрылысы басталып, 2020 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді Серік Өмірбаев.

Қоғамдық кеңес мүшелері Президенттің бес әлеуметтік бастамасының облыста жүзеге асырылу барысы талқыланған жиынға қатысты. Шарада бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік орган қызметкерлері, облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар да төбе көрсетті.

Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары әңгіме арқауына айналған мәжілісте “Қазақстан Ұлттық банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Дияс Мэлс, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев баяндама жасады.

– Бес әлеуметтік бастамада айтылған тапсырмаларды іске асыруды бақылау үшін республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Қазіргі уақытта барлық өңірлер бойынша мониторинг жүргізілуде. Бес әлеуметтік бастаманы тиімді жүзеге асыру мақсатында Үкімет қажетті іс-шараларды қабылдады. Ендігі кезекте барлық деңгейдегі әкімдер халықтың жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған Прези­денттің бастамаларын жүзеге асыруда белсенділік танытулары керек, – деді Қаныбек Жұмашев.

Алқалы жиында Президенттің бастамаларын жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс сапарының нәтижесі бойынша өңірлерде бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру барысына талдау жасалатынын ескертті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика