ДОСТАСТЫҚ ДАМИ БЕРЕДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысына Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Əзірбайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова Президенті Игорь Додон жəне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түркіменстан министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Пурли Агамурадов келді. Айта кету керек, Қырғызстан басшысы С.Жээнбеков пен Армения Премьер-министрі Н.Пашинян ТМД кеңесіне тұңғыш рет қатысып отыр.

Биыл ТМД-ға төрағалық ету міндеті Тəжікстан тарапына берілген болатын. Сондықтан жиынды осы елдің президенті Эмомали Рахмон ашып, ұйым аясында ынтымақтастықты нығайту үшін ауқымды шаралар атқарылғанын атап өтті. Тəжікстан осындай іргелі жиындардың ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, дамыта түсетінін мəлімдеді.

“Бірлесе жасаған жұмыс нəтижесінде қарым-қатынастың бүкіл салаларын қамтитын маңызды жұмыстар атқарылды. Тəжікстан тарапы төрағалық міндеті алдында 40-қа жуық отырыс өткізіп, терроризм, экстремизм жəне есірткі тасымалына, экономикадағы қылмыс пен заңсыз көші-қон жəне адам саудасына қарсы күресу жөніндегі мəселелер ынтымақтастықты нығайтудың басты тақырыптары болды”, – деді Э.Рахмон.

Бұдан кейін ТМД атқару комитетінің Төрағасы Сергей Лебедев күн тəртібіндегі мəселелерді таныстырды. Жиынның келесі кезеңі шағын құрамда, жабық есік жағдайында өтті. Шағын құрамда өтетін отырыста ТМД-да əріптестікті нығайту мəселесі, ұйымға төрағалық жəне келесі отырыстың қайда өтетіні туралы мəселелер талқыланды.

Отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД аясындағы қарым-қатынастарды нығайтып, дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нəтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ, ұйымды реформалау жəне Достастықтың тұжырымдамалық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтті.

Президент мемлекетаралық қатынастарды одан əрі тереңдетуге септігін тигізетін бірқатар маңызды бағыттарға назар аударды. Атап айтқанда, ТМД-ның экономикалық негізін нығайтып, елдер арасындағы сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Бұдан кейін Елбасы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту жəне ТМД-ға мүше барлық елдердің көлік-транзит əлеуетін пайдалану жөніндегі мəселелерге тоқталды. Сонымен қатар ғылыми-ғарыш, цифрландыру жəне туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мəселесіне назар аударды.

 

Мемлекет басшысы Қазақстанда құрылған “Астана” халықаралық қаржы орталығының ерекшеліктері жөнінде əңгімелеп, ТМД-ға мүше елдердің бəрін Қаржы орталығының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

Кеңейтілген отырыста ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев баяндама жасап, күн тəртібіне қойылатын мəселелерге тоқталды. Кеңес мүшелері алдымен ТМД-ны дамытуға қатысты өзекті мəселелерді талқылады.

Осыдан кейін ТМД-ға 2019 жылы төрағалық мəртебесі қаралды. Ережеге сəйкес келер жылы бұл міндет Түркіменстан тарапына берілуі тиіс болатын. Мемлекет басшылары бірауыздан Түркіменстанның кандидатурасын қолдап шықты. Алайда, ТМД-ға Өзбекстан да тең төраға ретінде бекітілді.

“Түркіменстан тарапының ұсынысы бойынша ТМД елдері басшылары кеңесінің келесі саммитін 2019 жылы 11 қазанда Ашхабадта өткізу туралы шешім қабылданды. Кадрлық мəселелерден бөлек барлық мемлекеттер қалған құжаттарға талқылаусыз қол қоюға келісті”, – деді С.Лебедев.

Жиын барысында бірқатар маңызды құжаттар талқыға түсті. Солардың екеуі – халықаралық келісім. Атап айтқанда, ұйымға мүше мемлекеттер Ақпараттық технология саласындағы қылмыспен күрес жөніндегі ынтымақтастық жəне ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жəне зерттеу жөніндегі ынтымақтастық конвенциясы бірауыздан қабылданды.

Отырыста екінші мəселе бойынша ТМД Парламентаралық ассамблеясының төрайымы Валентина Матвиенко баяндама жасады. Оның айтуынша, конвенцияны əзірлеу жұмысына ғарыш саласындағы агенттіктер, жоғары оқу орындары, ғылым академиялары мен конструкторлық бюролар атсалысқан екен. Былтыр ТМД Экономикалық кеңесі аталған құжатты мақұлдаған болатын. Содан бері оған бірқатар түзетулер енгізілді.

“Конвенцияның негізгі мақсаты – ТМД елдерінің ғарышты бірлесіп зерттеу жəне пайдалану саласындағы байланыстарын күшейту. Қазіргі таңда қаржылай жəне технологиялық жағдайына қарай ғарыш саласын дамытуды дербес жүргізіп келеміз. Алайда, ТМД аясында ондай байланыстардың дені – екіжақты қарым-қатынас. Негізі осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек. Соның арқасында біз өз əлеуетімізді толығымен пайдалана аламыз. Оған қоса, бізде осы салада ортақ тəжірибе, бірыңғай техникалық стандарттар, көпжылдық ғылыми-техникалық байланыстарымыз бар. Ортақ əдістеме, ортақ көзқарас та жеткілікті. Ендеше, ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор”, – деді В.Матвиенко.

Оның айтуынша, келісім аясында бірлескен қолданбалы зерттеулерді жүргізу көзделген. Бұдан бөлек, жерді қашықтан зондтау, навигациялық құрал-жабдықтар, астероидтық-кометалық қауіп-қатерлердің алдын алу, экологиялық қауіпсіздік, ғарышкерлерді бірлесіп ұшыру жəне мамандарды даярлау шаралары да қарастырылған.

“Конвенцияға сəйкес ТМД мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық мемлекетаралық, үкіметаралық жəне келісімдер негізінде жүргізіледі. Ал ғарышты зерттеу мен пайдалануға қатысты нақты бастамалар мемлекетаралық жобалар мен бағдарламалар бойынша қолға алынады. Оны ұлттық бюджеттердің есебінен жəне бюджеттен тыс ақшаға қаржыландырады. Осы саладағы жұмысты ТМД Ғарыш саласындағы мемлекетаралық кеңесі үйлестіреді”, – деді В.Матвиенко.

Бұдан кейін күн тəртібіне Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық шаралары шығарылды. Аталған мəселе жөнінде ТМД мүше мемлекеттері – мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының тең төрағасы Михаил Швыдкой баяндама жасап, атқарылатын шараларды таныстырды.

Оның айтуынша, жеңістің 75 жылдығын тойлау бойынша 49 шара өткізу қарастырылған. Солардың басым бөлігі соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсетуге арналған.

“Қазіргі таңда ТМД көлемінде 100 мыңға жуық соғыс ардагері бар. Оларға ерекше назар аудару қажет екені белгілі. Жоба бойынша өткізілетін шаралардың басым бөлігі ардагерлерге материалдық, медициналық жəне басқа да қамқорлық көрсетуге бағытталған”, – деді М.Швыдкой.

Атап айтар болсақ, жобаның басты бағыты соғыс деректерін бұрмалауға жол бермеуге арналған. Сонымен қатар М.Швыдкой жастарға жеңістің маңызын түсіндіру қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, жеңістің 75 жылдығына ТМД елдерінің бəріне ортақ арнайы медаль жасау қажеттігін ұсынды. ТМД мемлекеттер басшылары жеңістің 75 жылдығын атап өту жөніндегі шараларды бірауыздан қолдады.

Бұдан бөлек, 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 70 жылдығына байланысты Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мəлімдемесі қабылданды.

Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары 2021 жылы Тəжікстан Республикасында “Достастықтың мəдени астаналары” атты мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыруға, ТМД-да 2021 жылды Сəулет жəне қала құрылысы жылы деп жариялауға келісіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жөніндегі мəлімдемені, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты мəлімдемені бекітті.

Сонымен қатар қорғаныс саласында да бірқатар құжаттар рəсімделді. Атап айтар болсақ, қылмысқа қарсы бірлескен күрес шараларының 2019-2023 жылдарға арналған мемлекетаралық бағдарламасы туралы, Қорғаныс министрлерінің кеңесі жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Террорға қарсы орталық жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Террорға қарсы орталықтың басшысы туралы, Қорғаныс министрері кеңесінің жанындағы Əуе шабуылына қарсы қорғаныс мəселелері жөніндегі үйлестіру комитетінің төрағасы туралы, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің шешімдерінің күшін жою туралы шешімдер қабылданды.

(“Егемен Қазақстан”,

1 қазан 2018 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика