ТҮРКІСТАН ТҮРЛЕНЕТІН КҮН ЖАҚЫН

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына сапары барысында жаңа әкімшілік орталықты дамыту жобасымен танысты. Сондай-ақ, “Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Президенттің төрағалығымен өткен жиын барысында шаһарды дамытуға, қаланың болашағына қатысты бірқатар мəселе талқыға түсті. Мемлекет басшысы Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы мəртебесін алуы ел тарихында аса маңызды оқиға болғанына тоқталды. Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жəне Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасады. А.Мамин өз сөзінде қаланы дамыту жоспарын таныстырды.

Қазіргі кезде қаланың аумағы 9 700 гектарды құрайды, ал тұрғындардың саны – 162 000 адам. Бас жоспарға сəйкес қала аумағы 22 000 гектарға дейін кеңеймек. Халықтың саны 2035 жылы 350 мың, ал 2050 жылға қарай жарты миллионға дейін жетеді деп болжанып отыр. Сонымен қатар алдағы үш жыл көлемінде 10000 пəтерді пайдалануға беру жоспарланған. Шаһар тұрғындарының көбеюіне байланысты “Кентау – Түркістан” су магистралінің екінші желісі салынады. Бұдан бөлек, xалықаралық əуежай мен автовокзал тұрғызылады.

Нұрсұлтан Назарбаев қабылданған Жол картасын сапалы əрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ, облыстық органдар тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты жəне өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мəселелерге тоқталды.

“Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн жəне өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу”, – деген Мемлекет басшысы кəсіпкерлікті дамытуды, қосымша мамандық алуға жағдай жасауды тапсырды.

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы үшінші мегаполистің алдағы уақытта қай бағытта және қалай дамитынын айқындады. Елбасының әр сапарында жағымды жаңалық, тың бастама айтылатынын, жергілікті әкімдікке нақты тапсырмалар берілетінін халық жақсы біледі. Тұрғындар үшін, әсіресе, жергілікті әкімдік үшін де қалаға берілген жаңа мәртебенің жауапкершілігі үлкен. Бұл орайда қаланы өркендету Президенттің жіті бақылауында болуы жауапкершілік салмағын арттыра түсері анық.

“Бір миллионнан астам халқы бар еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр, жоспарланғаны одан да көп. Сондықтан Шымкенттің одан əрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындау қажет”. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласының əлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөніндегі кеңесте осылай деді. Қаланы аралап, жасалып жатқан жұмыстармен танысқан Елбасы үшінші мегаполисті дамытудың нақты бағыттарын айқындап берді. “Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, іргелес жатқан Ташкент қаласында халықтың саны екі жарым есе көп болғанына қарамастан, ол жақта бір адамға шаққандағы өнім көлемі бізден төмен. Ташкентте 3 500 АҚШ доллары болса, Шымкентте – 5 100 АҚШ доллары. Көрдіңіздер ме? Екі есеге көп. Сондықтан қаланы ірі өнеркəсіптік, инновациялық, сауда-логистикалық орталық ретінде дамытудың стратегиясын əзірлеуіміз керек. Бұл бағытта инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамытқан жөн. Сондықтан мен Үкіметке де, əкімшілікке де Шымкент қаласының құрылысы бойынша 2023 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылдауды тапсырамын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екіншіден, Шымкентте болашағы бар экономикалық салаларды дамыту қажет. Соның ішінде азық-түлік, тоқыма, құрылыс материалдары, фармацевтика жəне тағы басқа кластерлер бар.

Үшіншіден, жас мамандарды даярлау жұмысына баса назар аудару қажет. Өйткені, Шымкент тұрғындарының 42 проценті – жастар. Яғни, жергілікті оқу орындарының мəртебесін арттырып, шетелдік университеттермен əріптестік байланыстарын күшейту маңызды. Ал жергілікті мектептер зияткерлік мектептердің тəжірибесін кеңінен қолдануы тиіс. Əсіресе, ағылшын тіліндегі бағдарламаларды көбейткен жөн. Шымкенттегі университеттер халықаралық деңгейге көтеріліп, Орталық Азия мен Оңтүстік Азия елдерінің абитуриенттері келіп, осы жерде оқуға ынталы болуы қажет.

Елбасы Шымкент қазіргі заманғы инновациялық орталығын құруға кірісуі қажеттігін атап көрсетті. Туризмді дамыту жол жəне көлік инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін тапсырды. “Қазіргі таңда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жылына миллионнан астам адам келеді. Əлемде туризм – бизнестің ең үлкен саласы, ең табысты көзі. Біз де осыған ұмтылуымыз қажет. Қазақстанға келгісі келетін, көргісі келетін адам көп. Осыны ескеріп, əуежай, теміржол вокзалы, автовокзал секілді қоғамдық көлік жоғары деңгейге көтерілуі тиіс. Шымкент – туристер үшін тартымды орталыққа айналуы керек”, – деді Елбасы. Аталған міндеттерді орындауға Үкімет те, əкімшілік те көмектесетін болады. Сондай-ақ, Президент 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД-ның мəдени астанасы атанатынын еске салып, дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды. Көрші Өзбекстанның нарығына отандық тауарларды шығару маңызды. Бұл орайда Елбасы шекаралық форум өткізуді жоспарлауды тапсырды. “Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізген өңіраралық форум сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала əкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын əзірлеуге тиіс”, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес барысында “ақылды технологияны” пайдалана отырып, қаланы концептуалды түрде дамыту мəселесіне ерекше назар аударылды. “Сəулет жəне қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату жəне бірқабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды. Сонымен қатар ескі қаладағы тозығы жеткен көне үйлерді бұзып, босатылған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт алаңдарын, көпқабатты үйлер, бизнес орталықтарын салу қажет”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң Мемлекет басшысы қаланың əлеуметтік инфрақұрылымына, соның ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мəселелеріне тоқталды. Қазақстан Президенті бұл үшін мемлекет жекеменшік əріптестігі механизмін пайдалануды жəне “7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қаланың ресми күні белгіленбеген еді. Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымовтың қала күнін белгілеу бойынша бастамасын Елбасы жалпы қолдайтынын айтқанымен, бұл істе нақты тарихи деректерге жүгіну қажеттігін ескертті.

(“Егемен Қазақстан”, 1 қазан 2018 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика