ЦИФРЛАНДЫРУ — МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының жүзеге асырылуы және күзгі әскерге шақыру барысы талқыланды.

Өңірімізде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және қауіпсіздік сынды маңызды салалар цифрландырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет бұл нысандарда компьютерлендіру, интернет желісін тарту, заманауи жобаларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Бүгінгі таңда өңірлік білім беру мекемелерінің компьютерлік техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 62 пайызды құрайды. Олардың дені ескірген. Сондықтан 2019 жылдан бастап ақпараттық технологиялық жабдықтарды жаппай жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде мектептердің 88 пайызы ғана кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл мәселені шешу үшін “Қазақтелеком” АҚ-ы аудан орталықтарындағы қырық мектепке сапалы интернет тартуға мүмкіндік беретін талшықты-оптикалық байланыс желісі станциясын орнату үшін 60 млн. теңге қаржы бөлмекші, – деді Мадияр Қожахмет.

Өңіріміздің барлық дерлік мектептері “Күнделік kz”, “Білім-land” бірыңғай ақпараттық оқыту жүйелерін қолданып келеді. “Smart-балабақша”, “Smart-мектеп” қанатқақты жобаларын жыл соңына дейін Пeтропавлдың сегіз білім беру мекемесіне енгізу көзделіп отыр. “Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға кезекке қою”, “Бірінші сыныпқа жолдама алу” сервисін қолданысқа енгізу үшін 25 млн. теңге жұмсалған. Мұндай жобаны аудан орталықтарында да іске қосу жағы қарастырылуда.

Облысымыздың 52 мектебінде “робототехника” курсы, 13 мектебінде ІТ-сынып ашылған. Облыс әкімінің орынбасары цифрлық ресурстарды қолдану аясын кеңейту оқушылардың білім деңгейін 65 пайызға арттыруға және ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасы көрсеткіштерін теңестіруге, ал мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, әкімшілік шығындарды кемітуге мүмкіндік беретінін айтты.

Мадияр Қожахмет цифрландырудың оң нәтижелері денсаулық сақтау саласында да байқалып отырғанын жеткізді. Мәселен, облыс орталығы емханаларында кезек күтушілер саны бұрынғымен салыстырғанда 40 пайызға азайған. Дәрігерді үйге шақыруға, қабылдауына жазылуға арналған “DamuMed” және “SKOMed” мобильді қосымшаларын жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам жүктеп алып, 15 мың рет қолданған.

Бүгінгі таңда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің көбінде медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Биылғы жылғы 1 шілдеден бастап құжаттар электронды форматта толтырылып келеді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталық ауруханасы – “Медициналық қызметшінің виртуалды жұмыс орны”, ал қалалық №1 емхана “Ақылды емхана” жобалары бойынша жұмыс істеуде. “Жедел жәрдем” қызметін цифрландыру үшін 54 млн. теңге қаржы бөлінген. Осындай жаңашылдықтарға бет бұрған кезде кейбір елді мекендердегі медициналық қызметкерлер компьютерсіз жұмыс істеп отырғанын айтпай кетуге болмас. Мадияр Қожахмет бұл мәселе алдағы бір-екі жыл ішінде шешілетінін айтып сендірді.

Петропавл қаласы “Smart-қала” жобасын жүзеге асырушы алаңға айналды. Қала тұрғындары коммуналдық төлемдерді төлеудің оңтайлы әдістерін қолданып қана қоймай, болашақта мәліметтерді өздігінен тарататын есептегіш құралдардың да игілігін көретін болады. Қазіргі уақытта 19-шы шағынаудандағы төрт көпқабатты үйде “Ақылды есептегіш құралдардың” тиімділігі сыналуда.

“Интеллектуалды көше жарықтары” жобасына сәйкес Петропавлда 35 шақырым көше бойындағы шамдар ауыстырылған. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов атап өткендей, жаңа шамдар арқылы электр қуатына кететін шығынды 40 пайызға дейін үнемдеуге болады.

Жиында жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жағдайы да сөз болды. Петропавлда қоғамдық көліктердің алтауы ғана жаңартылған. Дегенмен, олардың барлығы қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Қала әкімдігі ендігі кезекте билеттендіру ісін оңтайландыруды көздеп отыр. Алайда, бұған дейін автобус паркінің жаңартылғанын жөн санайды. Марат Тасмағанбетов жеке тасымалдаушылар жаңа автобустар сатып алу үшін әкімдіктен демеуқаржы бөлуді сұрап отырғанын жеткізді. Құмар Ақсақалов жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет деп жауап берді.

Күн тәртібіне қойылған мәселені қорытындылай келе, облыс әкімі ауыл шаруашылығы құрылымдарын цифрлық технологияны енгізуге шақырды. “Артық шығынды қысқартып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін сандық жобаларды енгізуге қажетті құрал-жабдықтарға қолжетімділікті арттыру мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі де қарастыруда”, – деді ол. Өңір басшысы барлық білім беру мекемелеріне Wi-fi желісі тартылуы тиіс екенін айтып, бұл мәселені алдағы жылдың бюджетіне енгізуді тапсырды.

2018 жылдың күзгі әскерге шақыру маусымының барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев айтып берді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметтері бойынша әскер жасындағы 4222 бозбаланың 629-ы әскери құрылымдарға аттанған. Күзгі кезеңде облысымыз әскерилер қатарын тағы да 630 жауынгермен толықтыруы тиіс. 11 ауданда медициналық комиссия құрамы түгел жасақталмаған. Сол себепті облыс орталығынан 13 дәрігер аудандарға барып тексеріс жүргізіп отырмақ.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика