ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

Облыс активі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауы жүктеген міндеттерді талқылады. Президент айқындап берген негізгі басымдықтар бойынша өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналған қауым алдында сөз сөйлеген өңір басшысы Құмар Ақсақалов еліміздің әрбір тұрғынының тұрмыс сапасының артуына, мемлекетіміздің даму қарқынын жеделдетуге негізделген бағдарламалық құжаттың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табыстарына назар аударып, халықаралық беделінің арта түскеніне және геосаяси рөлінің күшейгеніне мән берді. Еліміз жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын сенімді халықаралық серіктес ретінде танылып отыр. Осынау жетістіктерге біздің облысымыздың да қосып отырған үлесі орасан. Құмар Ақсақалов жылдың басты құжатында айтылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруды, әлеуметтік жағдайды жақсартуды, өмір сүруге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруды, қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіруді Үкіметтің басты басымдығы ретінде айқындап берді. Бағдарламалық құжат тұрғындар табысының еселенуіне, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, жас отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне жол ашады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Еліміздің ең басты байлығы – адам. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – Жолдаудың негізгі идеясы. Құмар Іргебайұлы солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді істер атқарылатынын жеткізді.

Қазақстан Президенті өз Жолдауында Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуді тапсырып, еліміздің сауда саясатында селқостыққа жол бермеу қажеттігін қадап айтты. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Үстіміздегі жылы өңір кәсіпорындары сыртқы нарыққа өз тауарларын былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артық экспорттаған.

Президент Жолдауда жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастырудың маңызын айта келе, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге өсіруді тапсырған еді. Бұл еліміздің мыңдаған тұрғынының көңіліне қуаныш ұялатты. Осыған орай облысымызда келер жылы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 43 мың адамның еңбекақысын өсіру көзделіп отыр.

Өрендердің сапалы білім алулары үшін өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Петропавл қаласында 1500 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Кешенді жоспар аясында облыс орталығында тағы бір білім ошағын салу жоспарланған. Алдағы оқу жылдарында 120 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс мектептеріндегі төрт мыңға жуық компьютер жаңартылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілуі қажет. Қазіргі таңда өңіріміздегі 625 білім мекемесінің 174-іне бейнебақылау камерасы орнатылған. Құмар Ақсақалов Петропавл қаласы мен аудан әкімдеріне қалған 451 білім ошағын бейнебақылау камерасымен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржы қарастыруды тапсырды.

Жолдауда медициналық қызмет сапасы арттыру туралы айтылған. Ауылдар мен шағын елді мекендерде алғашқы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Сала мамандарын ынталандыру мақсатында келер жылдан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбеймек. Бұл игілікке өңіріміздегі 300 учаскелік дәрігер мен 750 медбике қол жеткізеді. Өңір басшысы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есеге көбейетінін айтты. Биыл облыс аумағындағы жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінген. Алдағы үш жылда мың шақырымнан асатын жол жөнделмек. Болашағы жарқын ауылдар санатына жататын 302 елді мекенді көркейту жұмыстары жалғасын табады. Оларға су тарту, жол салу, тұрғындарын жұмысқа орналастыру мәселесі жоспарға сәйкес жүргізілмек. Биыл облысымыздағы 25 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су тартылған. Келесі жылы бұл мақсаттағы қаржы көлемі 9,6 млрд. теңгеге ұлғаймақ. Өңірімізде орталық су жүйесіне тағы 29 елді мекен қосылады. Қызылжар және Тайынша аудандарында жаңа мектеп салу көзделіп отыр. “7 – 20 – 25” бағдарламасы шеңберінде несиеге баспана алғысы келетіндерге қолдау көрсетіледі. Жергілікті бюджеттен алғашқы жарнаның бір бөлігін субсидиялауға 200 млн. теңге бөлінеді. Қазір облыста 2011 пәтерлік 16 тұрғын үй салынуда. Биыл 10 баспана өз иелеріне беріледі. 2019 жылы 1500 пәтерлік 12 тұрғын үй бой көтермек.

Елбасы өз Жолдауында туризм саласын дамытуға көңіл бөлді. Бұл орайда Айыртау ауданындағы Шалқар-Имантау курорттық аймағының әлеуеті зор. Аталған жерді отандық және шетелдік туристердің сұранысына ие демалыс орындарына айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов айтып берді.

Имантау-Шалқар курорттық аймағы еліміздің туристік картасының үздік он жобасының қатарына енген. Аймақты кешенді дамыту үшін бүгінде “МсKinsey” халықаралық консалтинг компаниясымен бірлескен жоспар дайындалуда. Оның аясында ересектерге және балаларға арналған заманауи демалыс орындары салынып, инфрақұрылым желілері тартылатын болады. Бұл аймақты дамытуға 8 млрд. теңге бөлу жоспарланған.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика