КӨШЕЛЕР КӨРКЕЙЕ ТҮСТІ

Өңірге ат басын бұрған туристер алғашқы әсерді Петропавл қаласынан алатыны белгілі. Сол себепті облыс орталығы келбетінің көркем болуына көп көңіл бөлінуде. Қала іргесіндегі Пестрое көлінің жағалауын кеңейту, Жамбыл және Жәлел Қизатов көшелеріндегі саябақтарды абаттандыру жұмыстары қолға алынып, арнайы композициялар мен мүсіндердің орнатылуы қала ажарын аша түсті. Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

– Облыс орталығы жылдан-жылға көркейіп, алдағы уақытта Астана сияқты заманауи қалаға айналуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. Біздің шаһар талғамы жоғары туристердің, жергілікті тұрғындардың көңілінен шықсын десек, қоғамдық демалыс орындарын көгалдандырып, көше бойындағы нысандардың қасбетін қаланың бас жоспарына сәйкестендіруіміз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.

Биылғы маусым айынан бері Пестрое көлінің жағажайы екі мың адам емін-еркін демала алатындай етіп екі есе кеңейтілді.

опырақ төгіліп, алаңды өрнек-таспен көмкеру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жүзге жуық қайың, терек көшеттері отырғызылып, балалар ойын алаңы орнатылды. Автокөлік қоятын екі тұрақ асфальтталды.

– Жағалаудағы қамыстар шабылып, 21 мың шаршы метр алаң көркейтілді. Мұнда жағажай демалысына арналған көлеңкелі шатырлар, душ кабиналары, орындықтар, шағын сәулет нысандары жабдықталды. Жағажай жанындағы дәмхана да жаңартылып, демалушыларға лайықты қызмет көрсететін болады, – деді қала әкімі Марат Тасмағанбетов.

Жүргізілген жұмыстарға оң бағасын берген облыс әкімі мердігер компания – “Шанхай север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмысты ширату қажеттігін айтты. Жағажайдағы жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында шағын саябақтар салу және абаттандыру жұмыстарына облыс бюджетінен 58 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл жұмыстар Жамбыл көшесінің бойында орналасқан “Көктөбе” сауда үйінің жанында да жүргізілуде. Облыс әкімі астаналық дизайнер Болат Мұхамедиевтің жобасына сәйкес ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген демалыс орнында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Шағын саябақта қазақтың сандық, жүзік және білезік сынды шағын сәулет мүсіндері орнатылса, жарық шамдар мен орындықтар да ұлттық өрнектермен көмкерілген. Мұнда ұлттық нақыштағы 16 шағын сәулет мүсіні бар, алдағы уақытта тағы 8 мүсін қойылады. Бұл жұмыстарды жүргізуге 47 млн. теңге қарастырылған.

Өңір басшысы Мағжан Жұмабаев пен Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысында орналасқан шағын саябақта да болды. Бұл жерде биіктігі 8, ал ені 12 метрді құрайтын “Шаңырақ” атты сәулеттік мүсін алыстан менмұндалайды. Ортасында тайқазан орнатылған шағын саябақ жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда.

Облыс орталығындағы көптен бері күрделі жөндеу көрмеген нысандардың бірі – “Есіл” мейрамханасы да өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Бұл ғимаратқа отыз жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, сондықтан атқарылып жатқан жұмыстың көлемі де ауқымды. Өңір басшысы Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы ғимараттардың барлығы да заман талабына сай болуы қажеттігін айтып, қала әкіміне бұл жұмыстарды өз бақылауына алуды тапсырды.

Жергілікті журналистердің сауалдарына жауап берген Құмар Ақсақалов биыл қалада 17 шақырымды құрайтын 10 көшенің асфальт жамылғысын жаңартуға, көшелерге 2 мыңға жуық жарықдиодты шамдар орнатуға 3,4 млрд. теңге жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ, 600 млн. теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердің 110 ауласына асфальт төселіп, 45 балалар алаңы жаңартылған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика