ТАБЫС КӨЗІ – ЕҢБЕКТЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын тұрғындарға түсіндіру және одан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын қарастыру мақсатында өңірімізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы келді.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмыс күші көп өңірлерден біздің облысымызға қоныс аударушылар аз емес. Солардың бірі – Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында тұратын Ақжарқын Дәулеттің отбасы. Оның отбасы екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келіп, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген. Мамандығы дәрігер отағасы емдеу орталығын ашқан екен. Шығыс медицинасының қыр-сырын меңгерген ол мемлекеттің қолдауымен 14 миллион теңге несие алып, Петропавл қаласында инемен емдеу ісін жүргізуде. Тағы үш дәрігерді жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта Түмен, Омбы, Қорған қалаларында осындай орталық ашуды жоспарлауда. Зайыбы да жоғары білімді маман. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студенттерге сабақ береді.

Биыл облысымызға тағы бірнеше отбасы көшіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 1200 адам қоныс аударған. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев алдағы уақытта жаңадан салынатын үйлер саны көбейсе, келушілердің қатары бұдан да еселене түсетінін жеткізді. Ол облыс көлемінде кейбір мамандарға сұраныстың барын және келушілерге есік әрқашан ашық екенін тағы бір қайталап өтті.

Мәдина Әбілқасымова одан кейін ағаш өңдеумен айналысып, қалдықсыз өнім өндіретін “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты.

– Кәсіпорында жергілікті тұрғындардан басқа, шеттен келген қандастарымыз бен оңтүстіктен қоныс аударған азаматтар жұмыс істейді. Шамамен 60-70 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Кәсіпкерлерді қолдап, бизнесті өркендетуге мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өрісіміз кеңеюде. Тұрғындардың тұрмысы жақсарса, одан артық не керек? Сондықтан тек қана жұмыс істеп, көштен қалмауға тырысу қажет, – дей келе серіктестік басшысы Сермұхамет Ахмутдинов қосымша 40 адамға жұмыс орнын ашуды көздеп отырғандарын айтты. Мұнда орташа жалақы 150 мың теңгені құрайтыны, жұмысшылар үшін жаңадан тұрғын үйлер салынғаны министрдің көңілінен шықты. Сондай-ақ, ол жұмысшылармен “дөңгелек үстел” басында сөйлесіп, оларды мазалаған мәселелерін сұрады. Әсіресе, жұмыс күші көп өңірлер мен шетелден қоныс аударған отандастарымыздың әр сауалын мұқият тыңдап, тұщымды жауап берді.

Ресейден 2010 жылы қоныс аударған Нұрлан Жаутаев “7-20-25” бағдарламасы жайлы сұрап, білді. Министрмен жүздесіп, көңіл түкпіріндегі сауалын ортаға салған Нұржан Өтегенов те аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйден үмітті екенін жеткізді. Туысқандарының үйін уақытша паналаған азамат баспанаға қол жеткізуді армандайды. Бастапқы жарнаны кәсіпорын есебінен төлеуге уәде берген Сермұхамет Оралұлы бұл мәселе шешімін табатынына сенімді. Ол “7-20-25” бағдарламасы бойынша бюджеттік сала мамандары үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанымен, бұл санатқа кірмейтін азаматтарға да мүмкіндік берілсе деген өтінішін білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген азаматтар екі қолға бір күрек табылғанына риза. Жұмыс тауып, үй алып, балаларын мектепке орналастырған олардың бүгінде көңілі тоқ. “Қазына – қара жерде” демекші, қойнауы құт, ырыздығы мол өңірде жер өңдеп, бау-бақша өсіру үшін техника сатып алуға берілетін субсидия көлемі артса деген тілектерін де жеткізді. Қоныстанушылар жеке кәсіпкерлікті тіркеуден өткізіп, құжат жинау діңкені құртатынына шағымданды. Бұл мәселені министр назарға алып, жұмысты оңтайландыруды ойластыратындарын жеткізді.

– Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру үшін ел аралап жүрген ақпараттық-насихат тобының басты мақсаты – өңірдегі түйткілді мәселелермен танысу. Мемлекет басшысының Жолдауында әрбір қазақстандықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында әлеуметтік саланың дамуына басымдық берілген. Сондықтан “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігіндегі жағдай көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, мұнда жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Оңтүстік өңірлерден қоныстанушылар да осында жұмысқа тұрып, еңбек етуде. Ертеңгі күнге сенімдері нығайған халықтың көңіл күйлері жақсы. Қолдарынан келсе, түрлі кәсіп ашуларына мүмкіндік бар. Ең басты мәселе – тұрғын үй екен. Сол себепті, келесі жылдан бастап қоныстанушылар үшін тұрғын үй салудың жаңа тетігін қарастырып, солтүстік өңірде қанатқақты жоба жүзеге асырылатын болады, – деді министр.

Одан кейін Министр Қызылжар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында Мәдина Әбілқасымова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты биылғы Жолдауының мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақының – 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетінін айтқан ол бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейетінін де жеткізді. Оның айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшерінен жоғары айлық алатын тұрғындар үшін де жақсы жаңалық бар. Бюджеттік қызметкерлер үшін 86 миллиард теңге қарастырылған. Біздің өңір бойынша 52 мың тұрғынның жалақысы өседі. Өзге де мәселелерге тоқталған ол білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды да сөз етті. Әсіресе, педагог мәртебесіне қатысты түсінік беріп, бала бойына білім нәрін себуші ұлағатты ұстаздарды ұлықтаудың мән-маңызына тоқталды. Әр салаға ерекше назар аударған министр өңірдегі оң өзгерістерге жоғары баға беріп, облыс тұрғындарын Жолдау жүктеген міндетті жүзеге асыруға шақырды.

Бұл күні облысымызға жұмыс сапарымен келген спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжанов, су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Серік Сәрсекеев, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Қажыбекова, қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Айдар Мекебеков сияқты республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарда болып, халықпен кездескенін атап өткен жөн. Біздің өңірден Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау және халыққа түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-насихат тобының құрамына енген облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева мен “Қызылжар жастары” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджанов та білім беру және денсаулық сақтау ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

 Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика