ІЗГІЛІК СӘУЛЕСІ

Жастар сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қатысты.

– Әлеуметтік мәселелерді тиімді шешу әрдайым мемлекет назарында. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өңірімізде тиісті деңгейде орындалуда. Көрсетілген қызметтердің түрлері мен сапасын арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері оң шешімін тауып келеді. Әлеуметтік салаға сандық технология енгізілуде. Тиімді жұмыстың нәтижесінде 20 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 500-ден астам азаматқа қолдау көрсетілді, – деген Асқар Сақыпкереев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің бәсекеге қабілетті болуына бағытталған маңызды құжат екенін айтты. Сондықтан жиналғандарды Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе орындауға шақырды.

Аз қамтылған, тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету әлеуметтік саланың басым бағыттарының бірі екенін жеткізген облыс әкімінің орынбасары өңірде 111 мың адам әлеуметтік қолдауға алынғанын атап өтті. Оның ішінде 3,5 мың адамға үйде көмек көрсетілсе, 5 мыңнан астам адам оңалту шараларымен қамтылған. Жылдан-жылға әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі артуда.

Асқар Жоламанұлы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға үлес қосып отырған сала өкілдеріне шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс білдірді. Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар адамды облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты шарада Гүлбақыт Манабаева, Елена Перова, Алмагүл Аманжолова, Роза Раджабова, Раушан Ыбыраева “Әлеуметтік еңбек саласының үздігі” төсбелгісіне ие болды. Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сұлтанғазинге, Петропавл протезортопедия орталығының тігіншісі Ольга Калегаеваға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

“Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер” республикалық байқауының облыстық жеңімпаздары да кәсіптік мереке қарсаңында марапатқа ие болды. Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы үздік мекеме атанды. Орталық директоры Болат Ахметжанов сөз алып, әріптестерін кәсіптік мерекемен құттықтап, табысты еңбек пен зор денсаулық тіледі. Гүлнәр Қапенова, Сымбат Қонқашева, Бақытжан Ғалиева да үздіктер қатарынан көрінді.

Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу бола білген абзал жандардың әрқайсысының еңбегі өлшеусіз. Мейірім мен ізгіліктің жаршысындай қоғамға қызмет етіп отырған әлеуметтік сала қызметкерлерінің құрметіне сахнада ән шырқалып, күй тартылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика