ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРҒАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов халықаралық додалардан олжалы оралған жерлес спортшыларды қабылдады.

Индонезияның астанасы – Джакарта қаласында өткен ХVІІІ жазғы Азия ойындарында велоспортшы Алексей Луценко қос алтын медальға ие болса, 800 метр қашықтыққа жүгірген Маргарита Мұқашева – күміс, 400 метр қашықтықты үшінші болып еңсерген Михаил Литвин қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, үш мыңнан астам спортшы сайысқа түскен ІІІ Пара Азия ойындарында жеңілатлеттеріміз – ұзындыққа секіруде 4,62 метрді бағындырған Сергей Харламов пен ядроны 11,69 метрге лақтырған Иван Залезняк та қола медаль иеленді.

Облыстық әкімдіктің кіші залында өткен салтанатты шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов ел намысын қорғаған жүлдегерлерді құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады”, – деп атап көрсеткен болатын. Азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін жоғары білімді, сана-сезімі қалыптасқан және денсаулығы мықты болуы керек. Өңірімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, спорт нысандары бой көтеруде. Петропавл қаласында теннис орталығы ашылса, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Жерлес спортшылар жүлделі орындардан көріну үшін аянбайды. Сондықтан спортшыларымыз алдағы бәсекелерде де еліміздің көк туын биікке көтереді деп сенеміз, – деген Құмар Іргебайұлы үздік спортшыларға Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыстады.

Сонымен қатар шарада спортшылардың бапкерлері, атап айтқанда, Виктор Потаповқа, Петр Литвиненкоға, Вера Окованцеваға, Елена Пахомоваға Алғыс хат пен ақшалай сыйлық берілді.

Өз кезегінде Алексей Луценко мен Маргарита Мұқашева алдағы бәсекелерде де жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындықтарын жеткізді.

Шара барысында сөз алған соғыс ардагері Степан Башкиров пен облыстық күрес түрлері федерациясының құрметті президенті Бауыржан Құлжанов жерлес спортшылардың жеңісі солтүстікқазақстандықтардың мерейін асырғанын атап айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика