ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оның жұмысына “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко мен партиялық бақылау қызметінің басшысы Асан Сағадиев, партияның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Облыс орталығындағы және аудандардағы партияның құрылымдық бөлімдерінен сайланған конференция делегаттары облыстық филиалдың жұмысын талқылап, алда тұрған міндеттерді саралады. Есеп беру-сайлау конференциясында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов филиалдың 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары және алдағы негізгі міндеттері туралы баяндама жасады.

– Мемлекет басшыcы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тəуелсіздік жылдары дамудың дара жолымен жүріп келеді. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Түрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізіп, əлемдік қоғамдастықтың сенімін абыроймен ақтадық. Сол арқылы дүниежүзіне бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық. “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жаңа Жолдауды Мемлекет басшысының бүгінге дейінгі барлық бастамаларының лайықты жалғасы деуге толық негіз бар. Елбасының сенімді тірегі, елмен етене жұмыс істейтін партия ретінде “Нұр Отан” Жолдаудың мəні мен маңызын əрбір қазақстандыққа түсіндіріп, оның табысты орындалуы үшін өз үлесін қосатын болады, – деді Артур Кенжеәкімұлы.

Бүгіндері партияның облыстық филиалында 355 бастауыш партия ұйымына біріккен қырық мыңға жуық мүше бар. Партия мүшелерінің басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері құрайды.

Есепті кезең ішінде саяси кеңестің бюросында партияның сайлауалды бағдарламасын, “Қазақстан 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қаралып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірнеше бағыттары бойынша мемлекеттік органдар басшыларының есептері тыңдалып, әртүрлі ұсынымдар жасалды.

Екі жыл ішінде партияның облыстық және аудандық филиалдарының қоғамдық қабылдауларына тұрғындардан жеті жарым мыңнан астам өтініш түссе, оның отыз пайызы оң шешімін тапқан. Әкімдер мен олардың орынбасарлары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары есепті кезеңде 2482 азаматты қабылдаған. Партияның “Кедергісіз келешек”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “English for jastar”, “Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар”, “Мектеп асханаларын жаңғырту” сияқты жобалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрбір жобаның нақты мақсаты мен міндеті бар. Бұл жұмыстарда өткізілген іс-шаралардың санына емес, сапасына назар аударылады.

Есеп беру-сайлау конференциясында “Нұр Отан” партиясы Шал ақын аудандық филиалы төрағасының орынбасары Елена Кузичева, “Қызылжар су” ЖШС-і бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Тәжин, “Жас Отан” жастар қанаты Петропавл қалалық бөлімшесінің жетекшісі Біржан Құдайбергенов сөз сөйледі.

– Бүгіндері өңірлердегі есеп беру-сайлау конференциялары “Нұр Отан” партиясының құрылғанына 20 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр. Осы жылдар ішінде біздің партиямыз өсіп-өркендеу жолынан өтіп, еліміздегі үлкен саяси күшке айналды. Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жəне олардың орындалуына бақылау жүргізу ісіндегі “Нұр Отан” партиясының рөлін атап өтті. Қазақстан Президенті əлемдік дамудың жəне экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты. Біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстардың бəрі бəсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет, – деген “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко облыстық филиалдың жұмысына жоғары бағасын берді.

Есеп беру-сайлау конференциясында делегаттар “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының мүшелерін сайлады.

– Бүгінгі конференция барысында облыстық партия ұйымының өткен екі жылда атқарылған іс-шараларының нәтижелерін қорытындылап, келешектегі жұмыстың негізгі бағыттарын, алдағы мақсат-міндеттерді айқындадық. Оларды жүзеге асыру үшін тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, толғандырып отырған проблемаларын шешуге ықпал етіп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қадағалауды одан әрі жалғастыру қажет. “Нұр Отан” партиясының ел болашағы үшін жасап жатқан игі істерінің маңызы зор. Елбасы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген міндеттерге қол жеткізу үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді конференция жұмысын қорытындылаған “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

“Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко облысымызға жұмыс сапары барысында “Қызылжар су” ЖШС-нде болды. Кәсіпорын Петропавл қаласының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етеді. Төрт жүзге жуық мүшесі бар кәсіпорынның бастауыш ұйымы “Нұр Отан” партиясының жобаларын белсенді жүзеге асырады және қоғамдық-саяси өміріне қатысады. Мұнда спорттық жарыстар, абаттандыру бойынша акциялар, аз қамтылған отбасыларды, мүгедектерді және қарттарды қолдау бойынша қайырымдылық шаралары жиі өткізіледі.

– Кәсіпорын жұмысшыларының жартысына жуығы – “Нұр Отан” партиясының мүшесі, бұл қуантарлық жайт. Серіктестік басшылығы партиялықтарға үлкен қолдау көрсетеді екен. Партияның жаңғыртылуы дәл осы бастауыш партия ұйымдарынан басталады, партия оларға үлкен үміт артады, – деді “Нұр Отан” партиясының хатшысы.

Жұмыс сапары аясында Илья Теренченко С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада орналасқан коворкинг-орталықта да болды. Заманауи коворкинг-орталық 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда семинар, кеңес, онлайн конференция, кәсіпкерлер мен бизнес-құрылымдар үшін іскерлік және бейресми кездесу сияқты жетпістен астам іс-шара өткізілген. Коворкинг-орталықтың қызметін он мыңға жуық адам пайдаланған. Осындай коворкинг-орталықтар жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту алаңы болуда және олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі.

Жұмыс сапарының соңында “Нұр Отан” партиясының хатшысы Илья Теренченко Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы отыз пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан үй осы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлінген.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика