БІЛІМНІҢ ЖАҒЫП ШЫРАҒЫН

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мәртебелі мамандық иелері – ұстаздардың кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтілді. Тәуелсіз еліміздің рухы биік, ой-өрісі кең, елжанды ұрпағын тәрбиелеу жолында табандылық пен қажырлылықтың үлгісін көрсетіп жүрген ұстаздар мен еңбек ардагерлерін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытуда, адамгершілік, мәдениеттілік, зияткерлік рухта тәлім-тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі зор.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттер қатарына ену үшін біз сауаттылығы жоғары ұлт болуымыз керек”, – деп атап көрсетті.

Біздің ертеңгі жарқын болашағымызды құратындар – сіздер тәрбиелеп отырған білімді де зияткер ұрпақ. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу міндеті өздеріңізге жүктелген. Осы жауапты міндетті жүзеге асыру үшін педагогтердің еңбек етуіне мемлекетімізде барлық жағдай жасалуда.

Педагогтердің жалақылары көтерілуде, кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізіліп, жас мамандарға қолдау көрсетілуде, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы облысымыздың білім беру мекемелерінде өз ісінің майталмандары абыройлы еңбек етіп жүргенін алға тартып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне, білім саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ ұстаздарды Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.

– Менің қарапайым еңбегімді бағалап, Құрмет грамотасымен марапаттап отырғаныңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл марапатыңызды ұжымның еңбегіне берген зор бағаңыз деп білеміз. Мұғалім күні, шын мәнінде, жалпыхалықтық мереке. Өйткені, мектепке баласы бармаған, студент оқытпаған бірде-бір отбасы жоқ. Бүгін облысымыздың әр ауданынан келген мұғалімдердің басы қосылып отыр. Біз барлығымыз бірлесе отырып, алдымызға қойылған міндеттерді еңсеретінімізге сенімдіміз, – деген Петропавл қаласындағы №10 орта мектептің директоры Татьяна Анцибор жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, денсаулық, шығармашылық табыс, жемісті еңбек тіледі.

Петропавл қаласы білім бөлімінің кадр жұмысы секторының меңгерушісі Маржан Әбілмәжінова, Мамлют санаторлық мектеп-интернаты орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Елена Шанаурина “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Пески орта мектебі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нұрикамал Әшімова мен білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері Ирина Семидоцких “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына Шал ақын ауданы Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Өмірсерік Исмағанбетов ие болды. Тағы екі мұғалімге санаторлық-курорттық шипажайға жолдама табысталды.

Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға ерекше құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары таратылса, бүгінде өмірден озғандарының суреттері көрсетіліп, тағзым етілді.

Өмірдегі бар байлығын шәкірттері деп білетін ұстаздарға мұғалімдерден құралған вокалдық топ пен мектеп оқушылары ән мен жырдан шашу шашты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.