ЖАҚСЫ ТҰРМЫС КІЛТІ ЕҢБЕКТЕ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аққайың ауданына жасаған іссапары барысында жергілікті агроқұрылым басшыларын ауыл шаруашылығын әртараптандыруға шақырды.

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов, ең алдымен, “Леонов” шаруа қожалығында болып, сүт-тауар кешенiнiң жұмысымен танысты. Қожалық басшысы Павел Леоновтың айтуынша, 2015 жылы симменталь тұқымды 188 бас iрi қара сатып алынған. Шаруашылық басшысының ендігі жоспары қара малдың санын 600 басқа жеткізу. Сондай-ақ, сүттi қайта өңдеу ісі қолға алып, жұмысшылардың саны он екіге жеткізілмек.

Содан кейін өңiр басшысы Григорьевка ауылдық округiндегi Трудовое ауылында болып, жергiлiктi тұрғындармен кездестi. Белгілі болғандай, округте бүгiнге дейiн бiрде-бiр ауыл шаруашылығы кооперативi құрылмаған. Бұдан басқа да келеңсіз жайттар анықталды. “Парнов” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл әр гектардан орташа есеппен жеті центнер ғана астық алған. Бұл аз дегендей, шаруашылықта бір ғана жұмысшы бар. Осыған қарай, Құмар Ақсақалов агроқұрылымның мардымсыз көрсеткiштерін сынға алып, шаруа қожалығының басшысына егісті әртараптандыруға бар күш-жігерiн жұмсау керектігін ескертті.

Аққайыңдықтарды ауыл шаруашылығын дамытып, тұрғындарға бар жағдайды жасауға шақырған өңір басшысы Ивановка ауылдық округiне ат басын бұрды. Ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысқан Құмар Іргебайұлы жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толмады. Бүгіндері округте 51 жұмыссыз бар болғанымен, алдағы уақытта 24 жұмыс орны ашылмақшы. Жергілікті “Ивановка Агро Север” серiктестiгi 200 ұсақ және 50 iрi қара мал сатып алмақшы. Бұған ғимарат дайын тұр, жемшөп әзiрленген. Ал “Үлгi Жер” ЖШС-і майлы дақылдардың алқабын 1800 гектарға ұлғайтпақшы.

Ауылдағы Ивановка орта мектебi 520 оқушыға шақталған. Алайда, бүгінде бұл бiлiм ордасында тек 78 бала білім алуда. Облыс әкімі бұл келеңсіздіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң өз жұмысына және ауыл тұрғындарына деген көзқарасының нәтижесi екендігін атап айтты.

– Ауылдағы өмiр сүру сапасының өзгеруi – жергілікті шаруашылықтар үшiн басты басымдық. Әр ауылда оң өзгерiстер болуы тиiс, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.