ЛАЙЫҚТЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінгі таңда үш жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың зейнетақы есебі бар. Онда жинақталған қаржы көлемі – 190 млрд. теңге. Бұл мемлекеттің жалпы активінің 3 пайызын ғана құрайды.

Сейсенбі күні өңiрiмiзге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін “Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның Басқарма төрайымы Нұрбибi Наурызбаева мен өңiрлiк желiнi дамыту және қамту департаментiнiң директоры Мамила Мұсабекова келдi. Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов зейнетақы қоры өкiлдерiмен кездесіп, өңіріміздегі ахуалды саралады.

– Елбасының тапсырмасы бойынша елiмiзде зейнетақы жүйесiн реформалау жүргiзiлуде. Әлемдiк стандартқа сай зейнетақы жүйесi – заман талабы. Елiмiздiң әр азаматы зейнетақы қорындағы тың өзгерiстердi бiлгiсi келедi. Бүгiнгi кездесуде зейнетақы жүйесiнiң дамуын жан-жақты талқылаймыз, – деген Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарының зейнетақы қорының аз болуы еңбекақының төмендігінен екенін ашық айтты. Бүгінде өңірімізде бұл мәселені шешуге басымдық беріліп отыр.

“Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның Басқарма төрайымы Нұрбибi Наурызбаеваның айтуынша, өңірімізде 332 мың жинақ шоты ашылған. Шоттарда жалпы сомасы 190 млрд. теңге қаржы жиналыпты. Яғни, әр салымшыда орта есеппен 578 мың теңге бар. Алайда, бұл республикалық көрсеткiштен 26 пайызға төмен. Қартайғанда қолға тиер зейнетақы көлемі әр азаматтың жинаған қаржысына байланысты екенін ескерсек, бұл мәселеге бүгіннен бастап қамданғанымыз жөн. Әрі ендігі жылдан бастап бұл жүйеге бірқатар жаңашылдықтар енгізілмек. Әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайып, бір реттік алатын қаржы сомасы бұрынғыдай 30 емес, 12 зейнетақының ең төменгі мөлшері көлемінде төленеді. Ал қалғаны ай сайын аударылады. Жәрдемақы да жаңа әдіс бойынша есептеледі. Оның көлемі жинаған қаржының сомасы мен зейнетақы активінің ағымдағы құнының коэффициентіне тәуелді болмақ.

Кездесу соңында “Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” мен облыстық әкiмдiк арасында ынтымақтастық пен әрiптестiк туралы меморандумға қол қойылды.

– Бүгiн бiз зейнетақы жүйесiн жаңғыртуға қатысты өзектi мәселелердi талқыладық. Бұл өзгерiстер – жаңа әлеуметтiк саясаттың заңды жалғасы. Жаңа реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету – мемлекеттiң басты мiндетi, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкiмi Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.