ЕҢБЕКАҚЫ АЗ, ЖЕМШӨП ҚЫМБАТ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. Ауылдардың иесі де, киесі де болуы тиіс агроқұрылымдардың жұмысымен танысып, ауданда мал шаруашылығын жандандырып, халықтың еңбекақысын көбейту мәселесін көтерді.

Покровка ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарының еңбекақысын көтеру қажеттігіне тоқталды.

– Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, шөбі шүйгін. Сол жерден пайда тауып отырғандар жыл сайын халықтың еңбекақысын көтеруі керек, бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығына қолдауы жақсы, биылдың өзінде Есіл ауданына 3,6 млрд. теңге демеуқаржы берілген. Алайда, жергілікті тұрғындардың еңбекақысы төмен, – деді өңір басшысы.

Покровка ауылдық округі құрамында төрт ауыл бар. Екі мыңнан астам тұрғыны бар округте – жеті жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 24 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 228 жеке кәсіпкерлік ашылыпты. Алайда, саны көп, бірақ сапасы жоқ агроқұрылымдар ауыл түгілі өздерін де жарылқай алмай отырған көрінеді. Агроқұрылымдардың егістік алқабы азайып, өнім көлемі де жылдағы көрсеткіштен көтерілмеген.

Мұндағы ірі шаруашылықтардың бірі – “Атамекен Агро Есіл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жағдай біршама жақсы. Ауданның бес округінде жұмыс істейтін шаруашылықтың егістік алқабы 21 мың гектарды құрайды. Биыл 201 млн. теңге демеуқаржы алған компания алдағы жылы алқабын үш мың гектарға арттыруды көздеп отыр.

– Біз орақ науқанын толық аяқтадық. Бидай өнімділігі гектарына 23 центнерден айналса, майлы дақылдар гектарынан 13 центнерден өнім берді. Биыл біз 296 млн. теңгеге 18 техника сатып алдық. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы былтыр 85 300 теңге болса, биыл 100 мың теңгеге жетті, – деген серіктестік директоры Марат Рақымжанов жұмысшылардың еңбекақысы осы тоқсанда тағы да көтерілетінін атап көрсетті.

Дегенмен, бұл да жайлы жер іздеген ауыл тұрғындарының көшін тоқтата алмай отыр. Соңғы төрт жылдың ішінде ауданда тоғыз мектеп жабылып, 2643 адам басқа жаққа қоныс аударған. Оның 366-сы көрші мемлекетке, ал қалғаны жақын облыстарға көшіп кеткен. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы агроқұрылымдар әлі де болса тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасай алмай отырғанын айтып өтті.

Ал “Бай-Еңбек” және “Агро Север” серіктестіктеріндегі жағдай көңіл көншітпейді. Еңбек ауылындағы “Бай-Еңбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттен биыл 4 млн. теңге субсидия алғанымен жұмыс қарқыны төмен. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында орташа еңбекақы көлемі 68 мың теңге болса, биылғы жартыжылдықта ол 43 400 теңгеге төмендеген. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов мұның себебін сұрағанда, серіктестік басшысы экономикалық қиындықтарды алға тартты.

– Екінші жартыжылдықта барлық мәселені шештім. Алдағы уақытта орташа еңбекақы көлемі 90 мың теңге болады, – деді “Бай-Еңбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайырбек Қожасов.

Аз еңбекақыны талғажау етіп отырған ауыл тұрғындарына жемшөп те қымбат бағаға сатылуда. Облыс әкімі аудан басшысына бұл жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

– Бұл халықты басынғандық емес пе? Әлде егінге кеткен шығынды халықтың ақшасына толтырмақшысыздар ма? Ертең сабанды бәрібір далада отқа жағасыздар ғой. Өз ауылдастарыңызға, жұмысшыларыңызға арзан бағамен немесе тегін-ақ таратып беруге болмай ма? Ал шөп – 10 мың теңге. Бұл да тым артық. Жағдайды дұрыстау керек, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Республикалық маңызы бар жолдың бойындағы Покровка ауылында таза ауызсу тапшы. Ауылға су аптасына екі рет жеткізіледі. Әсіресе, жалғызбасты қарттардың су тасуға жағдайы жоқ. Аудан әкімі Мұратбек Әбішев ендігі жылы су болатынын айтып уәде берді. Өңір басшысы бұл мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

Ал Волошинка ауылдық округінің жағдайы едәуір жақсы. Құрамына үш ауыл кіретін округте бір мыңнан астам адам тұрады және тек биылдың өзінде 56 кісі жұмысқа орналасыпты. Округті дамытуда “Пушкинское” серіктестігі зор үлес қосуда. Серіктестік директоры Николай Козленко ауылдықтарды тұрақты жұмысқа тартып, жұмысшылар мен дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз еткен. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Волошинка округінің тұрғындарымен кездесу барысында аталмыш шаруашылықтың жұмысына оң баға берді.

Есіл ауданы Бұлақ ауылының маңындағы “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өндіру жұмыстарын 2014 жылы бастағаны белгілі. Технологияны дұрыс қолданбағандықтан, бір жылдан кейін өндіріс ошағының жұмысы тоқтап қалған болатын. Қазір жаңа технологияға көшкен компания жұмысын қайта жандандырған көрінеді. Егер келер жылдың аяғына дейін толық қуатында жұмыс істесе, 250 жұмыс орны ашылады екен. Өндіріс ошағы маңындағы Бұлақ ауылының тұрғындарын арнайы курстардан өткізіп, жұмысқа тарту көзделіп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Comments   

 
0 #1 Мәди 2017-10-10 09:13
–Ауыл тұрғындарының әр күні бейнет екені белгілі. Таңның атысынан, күннің батысына дейін бір тыным таппайтын ауылдағы ағайынның шекесі шылқып отырған жоқ. Тұрақты жұмыстың жоқтығынан, тек малмен күн көріп отырған оларға жемшөпті қымбат бағаға сату, шынымен де, басынғандық. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың осы мәселеге назар аударғанына ризамын. Бұл мәселені өңір басшысы өз бақылауына алса, ауылдастарына сабан мен шөпті қымбатқа сатып, пайда таппақ болған кейбір агроқұрылым басшыларына бір тоқтам болар деген сенімдемін.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.