ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА, ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

Қазақтың қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла деген нақыл сөз өмірден алынған ғой, облыс әкімі Құмар Ақсақалов лауазымды басшыларға жаз бойы қысқы жылыту маусымына дайындық қамын жасау бағытында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімдігінде кеше өткен кезекті отырыста осы тапсырманың орындалу барысы және орын алған олқылықтар кеңінен талқыланды.

Ең алдымен, өңір басшысы облыс әкімі аппараты басшысының жаңа орынбасарын таныстырды. Құмар Ақсақаловтың шешімімен бұл қызметке бұған дейін облыс әкімінің көмекшісі болған Дархан Әмірин тағайындалды.

Осыдан бірер күн бұрын Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында журналистермен кездескен облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев пен Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов үстіміздегі жылдың 25 қыркүйегінде басталған жылу беру маусымы жоспарға сай жүріп жатқанын айтып, қызылжарлықтарды шыдамдылық танытуға шақырған болатын. Шаһар басшысы жылу жүйесіне 1061 көпқабатты тұрғын үйдің 732-сі қосылғанын, қалған 329 көпқабатты тұрғын үйге жылу 8 қазаннан кейін берілетінін айтқан еді. Қазір облыс орталығында жағдай тұрақталғанымен, “Жас өркен” шағынауданы, Жамбыл көшесі, Жастар сарайы, “Сокол” сауда үйі маңында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді былай қойғанда, “Ивушка” балабақшасы мен “Солнышко” бөбекжай-балабақшасы жылусыз отыр.

– Жылыту маусымына дайындық жұмысын жыл сайын уақытында әрі сапалы орындауымыз қажет. Алайда, биылғы дайындық жұмысының барысы сын көтер­мейді. Мен жылыту маусымына дайындықты ерте бастап, 1 қазанға дейін шаһардың барлық әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлеріне жылу беруді тапсырған болатынмын. Сол кезде жауапты тұлғалар жылыту маусымына сақадай саймыз деп сендірген еді. Бұл науқанды тек 25 қыркүйекте бастап 10 қазанда аяқтау бойынша жоспар бекіттіңіздер. Бүгіндері облыс орталығының бірқатар шағынаудандарында жылу берілгенімен, температуралық режім сақталмаған. Құбырларда қысым жоқ. Ал “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы болса, Еуропалық қайта құру және даму банкінің жылу желілеріне ауқымды күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті қаржыны кеш бөлгенін алға тартып, ақталып отыр, – деген Құмар Ақсақалов атқарылған жұмысты қатаң сынға алды.

Биылғы жылыту маусымы бекітілген кестеден кешіктіріліп басталып отыр. Кестенің бұзылуына жылу желі магистральдық құбырларындағы ақаулар себеп болған. Гидравликалық сынақтардың нәтижесінде шаһардың үш шағынауданында төтенше жағдай орын алып, салдарынан ондаған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалған.

Бүгінге дейін атқарылған жұмысқа көңілі толмаған өңір басшысы “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің жылу берілгенімен, температуралық режімі сақталмаған тұрғын үйлердің тұтынушыларынан төлемді талап етуге құқығы жоқ екенін атап айтты. Осыған орай, жауапты басшыларға тиісті жұмыс жүргізуі тапсырылды.

Шара соңында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жылыту маусымының басталу барысына тиісті бақылау жүргізбегені үшін өзінің орынбасары Антон Федяевке, дайындық жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін қала әкімі Марат Тасмағанбетовке сөгіс жариялады. Ал облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамовқа қызметіне толық сəйкес еместігі ескертілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Comments   

 
0 #1 Алтын 2017-10-11 04:41
Биыл біздің өңірімізге суық ерте түсіп, абыржып қалдық. "Петропавл жылу желілері" серіктестігі Еуропалық қайта құру және даму банкі жылу желілеріне ауқымды күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті қаржыны кеш бөлгенін айтты. Әрине, қара күздің суығы жеңіл тиіп жатқан жоқ. Ал аязы шыдатпайтын қысты күндері жылу құбырлары жарылып қалса не болар еді. Азын аулақ қиындыққа шыдап, ескілерін жаңа құбырға аусытырып жатқан тиісті мекеме басшыларына түсіністікпен қарайық.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.