Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' ӨЛКЕТАНУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ӨЛКЕТАНУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деп аталатын бағдарламалық мақаласы санада сілкініс туғызуға бағытталған сан-салалы жұмысқа тың серпін берді.

Қоғамдық сананы жаңғыртудың бір бағыты отансүйгіштік сезімді қалыптастыру болып табылады. Елбасының “Туған жер” бағдарламасы білім саласында, экологиялық, елді мекендерді көгалдандыру, тарихи ескерткіштер мен мәдениет нысандарын қалпына келтіру сияқты ауқымды жұмыстарды қамтиды. Урожайный орта мектебінде рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде көптеген жұмыстар қолға алынды. Оқу жылының басында тарих пәнінің мұғалімі Е.Даньшина оқушыларды еліміздің 100 қасиетті орнының құрамына енген Айыртау ауданындағы Ботай қонысына апарып, археологиялық ескерткішпен таныстырды. Мектеп мұғалімдері оқушыларды Новоишимка ауылындағы юра дәуірі саябағына, Есіл өзені жағасындағы көрікті жерлерге, Тоқсан би мазарына, Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешеніне, Сырымбет баурайындағы Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным қонысына, Абылай хан резиденциясы мен ботаникалық баққа апарды. Оқушыларымыз бен ұстаздардың есінде Астана қаласында өткен халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесі ұмытылмас әсер қалдырды.

Сынып жетекшілері “Мен өз елімнің патриотымын!” атты тәрбие сағатына ерекше дайындалды. Оқушылар “Патриот қандай болуы керек?” деген сауал төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Болашақ азаматтық келбетті қалыптастыру балалық шақтан басталады. О.Бугаева, Л.Харитонова, Л.Степичева, А.Ваганова, О.Ермолаева сынды ұстаздарымыз осы бағытта жұмыс істейді. Оқушылардың өзін-өзі басқаруы және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында мектеп президенті сайланады. Президенттікке кандидаттар өз бағдарламаларын дайындап, жақсы оқуымен, белсенді өмірлік ұстанымымен, қызықты бастамаларымен жақтастарының дауысын жинауға тырысады.

Мектеп кітапханашысы Г.Ермолаева “Туған жерім, тұғырым – Урожайный” тақырыптық көрмесін ұйымдастырып, өлке, оның мәдени-тарихи ескерткіштері, жеті ата, тек, тіл, жер, ел туралы зияткерлік сайыс өткізді. Оқушылар мектеп пен ауылда экологиялық сенбіліктер, “Жақыныңа көмектес”, “Қайырымдылық” акцияларын өткізіп, жасұландық өрендер жалғызбасты зейнеткерлерге, қарттарға көмектесіп, “Туған жер” бағдарламасына үлес қосады. Елбасы бастамаларын басшылыққа алған педагогтер мектеп пен ауылдың виртуалдық мұражайын құру, көшелерді көгалдандыру, мектеп маңына шағын саябақ ашу, тағы басқа шаралар арқылы адам мен туған жер табиғаты арасындағы байланысты нығайтып, өлкетану бағытындағы жұмысты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бақыт ШӨКЕЕВА,

Урожайный орта мектебінің директоры.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.