Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ — БОЛАШАҚҚА БАСПАЛДАҚ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ — БОЛАШАҚҚА БАСПАЛДАҚ

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты – бүгінгі заман ағымына орайластырылған озық үлгідегі инновациялық әдіс-тәсілдерді батыл енгізген білім ошағы. 2016-2017 оқу жылында гимназияны бітірген 37 түлектің Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жинаған орташа балы 103,3 болған. Сол жылы 19 оқушы “Алтын белгі” мен ерекше аттестатқа бітірсе, 27-сі грант иегері атанған. Біз еңселі оқу ордасының ұстаздарына жолығып, жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралармен қоса оларды толғантқан мәселелер төңірегінде пікірлескен едік.

Дариға ҚОСПАНОВА, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Кез келген мемлекеттің дамуы, өркениеттен өз орнын табуы ұлттық білім жүйесіне байланысты. Осы себепті әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған сапалы білім, өнегелі тәрбие берудің ұлттық моделін қалыптастыру аса маңызды. Бүгінде оқытудың парадигмасы көп өзгерді, мазмұны өзгеше сипатқа ие болды. Сондықтан оқу-тәрбие үдерісінде орын алған заманауи өзгерістерді ескермеуге, елемеуге болмайды. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық модульдердің жүйелі жалғасуына ықпал етудің басты факторларының бірі жеке тұлғаның кәсіби шеберлігімен тығыз байланысты десек, оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп отырудың, озық технологияларды енгізудің, тиімді қолданудың маңызы зор. Жаңартылған білім беру бағдарламасында нақты әрекеттер арқылы белсенді оқытудың мүмкіндіктері мен жолдары да жан-жақты қарастырылған. “Мұғалім көп әдісті білуге тырысу керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек”, – деген Ахмет Байтұрсыновтың қағидасы өз өміршеңдігін жойған жоқ.

Әрине, оқушының сыни, логикалық тұрғыдан ойлау, дербес шешім қабылдау жайы басты нысана етілсе де, негізгі салмақ ұстаздар қауымына түсетіні, бұл орайда жоғары кәсіби біліктілік пен қалыптасқан іс-тәжірибелерге сүйенеріміз талассыз. Мектебіміз техникалық оқу құралдарымен жеткілікті түрде жабдықталған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің зертханасы, 18 интерактивті, биология-химия, робототехника кабинеттері, ғылыми-әдістемелік орталық жұмыс істейді. 54 мұғалім мен тәрбиешінің – 28-і жоғары, 20-сы бірінші және екінші санатты. Ұстаздардың басым көпшілігі түрлі деңгейлік, үштілділік, орта білім беру мазмұнын жаңарту жобалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Өткен оқу жылында оқушыларымыз халықаралық, республикалық, аймақтық пән олимпиадалары мен ғылыми байқауларға қатысып, 73 жүлделі орын иеленді.

Жанар ӘБІЛОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі:

– Мен жұртшылықтың назарын мына мәселеге аударғым келеді. Өйткені, олардың арасында жаңартылған бағдарламадан туындаған өрелі өзгерістерді дұрыс қабылдаудың орнына ескі түсініктен арыла алмай жүргендері де жоқ емес. Бүгінгі оқушы мұғалімнің әр тапсырмасын бұлжытпай орындап, дайын білім алуға үйреніп қалғандықтан, өзіндік жұмыс істеу дағдысында бірқатар қиындықтарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Қазір талап мүлдем өзгеше. Алдымен критериалды бағалау жүйесінің мән-мағынасын түсініп алған абзал. Ол бойынша оқушының үлгерімі алдын ала белгіленген өлшемдердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Атап айтсақ, қалыптастырушы және жиындық тәсілдер қолданылады. Мұның өзі, түптеп келгенде, баланы жан-жақты ізденуге ұмтылдырады. Сыни ойлау қабілетін жетілдіреді. Мәтінмен жұмыс істеуге басымдық беру, оның ішінен негізгі проблеманы анықтау, күрделі мәселелерді табу сияқты тапсырмалар күнделікті оқу үдерісіне белсене қатысуды, тақырыпты тереңдей меңгеруді қажет етеді.

Гүлнар ЖҮНІСОВА, бастауыш сынып мұғалімі:

– Мен Жанардың сөзін жалғастырайын. Ата-аналар тарапынан оқуға құлшынысы жоғары балаларымыз енжар, тапсырманы орындауға құлықсыз деген наразылықтарды жиі естиміз. Жан-жақты ынталандыруға барынша мән беру, жоғары деңгейде ойлау дағдысын дамыту білім беру жүйесінің бір өзгешелігі дер едім. Бәзбіреулердің: “Бұрындары грамматикаға үлкен көңіл бөлінетін. Қазір сауаттылық жағы төмендеп кетті. Диктант, мазмұндама жазу доғарылды, оның орнына эссе жазу пайда болды”, – деген пікірлерімен келісу қиын. Бағдарлама оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым сияқты тілдік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Ол үшін жазбаша тапсырманы орындаудың ыңғайлы бір үлгісі ретінде аудио-мәтін болмаса, бейнематериал ұсынылады. Бұдан жазылым кейінге ысырылды деген ой тумаса керек. Керісінше, нақты әрекет, өз бетінше зерделеу, топтық қарым-қатынас жаттығулары, ашық сауалдарды пайдалану, тағы басқа амалдар арқылы тілдік қорды байытуға да, сауаттылықты көтеруге де болады.

Мәдина ЖАҒЫПАРОВА, биология пәнінің мұғалімі:

– Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында төл тарихымыздан, бабаларымыздың өмір салтынан шынайы прагматизмнің небір жарқын үлгілері келтірілді. Оның ішінде мінез-құлық прагматизмінің орны бөлек екендігі атап өтілді. Сондықтан айқын мақсаттарға жету үшін тап-таурын дағдылар мен қасаң қағидалардан арылып, озық, дәстүрлі құндылықтарды тәжірибеге айналдыру керек. Бұл орайда, ұстаздар қауымына да, ата-аналарға да, жас буынға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгідей жаһандану заманында ой-өрісі кең, саналы, еркін ұрпақ қана елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Бұл жағдайда табысты болудың ең басты кілті – білімділік. Өлшемдердің бағалау тәсілі Сингапур, Жапония, Филиппин, Финляндия, Франция сияқты елдерде кеңінен қолданылады. Бұл үдерістің жалпы білім беретін мектептерге енгізілуі – жаңашылдыққа ұмтылыстың айқын бір көрінісі. Оның артықшылықтары көп. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі, негізгі іргетасы. Оқушы бойындағы қабілетті дамытып, жақсы істерге жол ашу – бәріміздің абзал борышымыз.

Дариға ҚОСПАНОВА:

– Мәдина қазір биология пәнінен ағылшын тілінде сабақ береді. Мектеп қабырғасында жүргенде ағылшын тілін жетік меңгерген. Үш айлық деңгейлік курсты бітірді. Информатикадан ағылшын тілінде дәріс оқитын Қуандық Бекқожиннің аяқалысы да жақсы. Ол тоғыз айлық деңгейлік курста оқып жүр. Химия мұғалімі Қанат Данияров үш айлық курстың “А” деңгейін тауысып, “Б” деңгейінде білімін толықтырмақ.

Ғалия СӘЛЕМҚЫЗЫ, бастауыш сынып мұғалімі:

– Мұғалімнің кәсіби шеберлігі пәндік, дидактикалық, әдістемелік, психологиялық-педагогикалық, жеке тұлғалық секілді ауқымды ұғымдарды қамтиды. Жаңа бағдарламаның мәні баланың функционалдық сауаттылығын жан-жақты қалыптастырумен тығыз сабақтас. Мектепте алған білімді өмірде қолдана білмесе, теория мен тәжірибе үндесіп жатпаса, уақытты босқа өткізген, зая кетірген болып шықпай ма? Бар мәселе осында.

Жастайынан мұғалімнің айтқанын тыңдап қана қоймай, шынайы өмірдің проблемалары мен күрделі мәселелерін дербес, еркін шешуге, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын қалыптастыруға икемделген бала ертең білікті маман, көшелі басшы болары даусыз. Оның негізі бастауыш мектепте қаланатыны айтпаса да, түсінікті. Менің сыныбымда 24 оқушы бар. Олардың неге, қай пәнге бейімділігіне орай бірнеше бағытта жұмыс істеп келеміз.

Бүгінгі күні бастауыш сынып мұғалімдеріне күніне ағылшын тілінде төрт сөз білу міндеті қойылған. Осы жағы түсініксіздеу. Сондықтан сабақтан тыс уақытта ағылшын тілі пәні ұстазынан тәлім алуға немесе ұстаз жалдауға мәжбүрмін. Ал арнайы курстар 5 аптадан 9 айға дейінгі аралықты қамтиды. Біздің қанша уақыт оқитынымыз онда нақтыланбаған.

Жанар ӘБІЛОВА:

– Алдағы кезде ескеретін мәселелердің бірі оқулықтарға қатысты. Бесінші сынып оқулығында “Сән киім талғамы” тақырыбына бақандай тоғыз сағат арналған. Бұл қандай қажеттіліктен туғаны белгісіз. Екіншіден, тапсырмалардың бәрі тек аудиожазбаға негізделгендіктен, грамматикалық сауаттылық кейінге ысырылып қалғанға ұқсайды. Сол сияқты бір күнде бес сабақ өтілсе, “Кім?”, “Не?” деген сұрақтар қою арқылы барлық пәндер бойынша зат есімді табу талабы тым артық секілді. Меніңше, грамматикалық жаттығулардың басқадай үлгілерін қарастырған жөн.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

журналист.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика