Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' ИНКЛЮЗИВТІ ОҚЫТУ — ҚАЖЕТТІЛІК

ИНКЛЮЗИВТІ ОҚЫТУ — ҚАЖЕТТІЛІК

Петропавл қаласындағы есту кемістігі бар балаларға арналған (түзету) облыстық мектеп-интернатта адам капиталын дамыту бойынша еліміздің және көршілес мемлекеттердің тәжірибесімен бөлісуді көздеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін Көкшетау, Павлодар және Татарстанның Қазан қалаларының өкілдері арнайы келсе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары (Зырян қаласы) мен Ресей Федерациясының Щадринск қалаларының өкілдері онлайн режімде қатысты.

Жиын “Есту кемістігі бар балалармен жеке және толық инклюзивті жағдайда жұмыс істеу ерекшеліктері” тақырыбына арналды.

– Солтүстік Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі 4705 бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 1294-інің мүгедектігі бар. Үстіміздегі оқу жылында 339 жалпы білім беретін мектепте 1784 бала оқытыла бастады. Балабақшаларда арнайы топтар мен логопедтік пункттер жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде шаштараз, стоматолог, тағы басқа мамандықтар алуына болады. Бұл балалар үшін кедергісіз орта құруға барлық жағдайды жасап жатырмыз, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Наталья Сербина.

Бүгіндері инклюзивті білім беру тәжірибеге қарқынды еніп, оқыту жүйесінің алдына көптеген күрделі мәселелер мен жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай Қазақстандағы инклюзивті білім беру “Мүгедектер құқықтары туралы” БҰҰ конвенциясына, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына, Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына негізделген.

Қазіргі кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар көбінесе арнайы мектеп-интернаттарда білім алады. Бұл оларды оқшаулап, қоғамдық өмірге бейімделуіне кедергі келтіреді. Инклюзивті білім беру балалардың жан-жақты дамуына, өздерін осы қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, толық ашылуларына жағдай жасайды.

– Елімізде жалпы білім беретін орта мектептерде олардың оқып, білім алуына жағдай жасау енді қолға алына бастады. “Бұл тәжірибені Петропавл қаласының №17, №23, №10 және №14 жалпы білім беретін мектептері де енгізді. Бұған дейін ата-аналар инклюзивті оқыту әдісіне қарсы болып келсе, қазір оған деген көзқарас өзгерді. Ата-аналардың өздері балаларының жалпы білім беретін мектептерде оқығанын қалайды. Ал біздің педагогтер ерекше оқытуды қажет ететін балалармен жұмыс жөнінде жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетеді, – дейді облыстық мектеп-интернат директорының орынбасары Елена Кулакова.

Оның айтуынша, инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйретудің бір формасы. Ішінара инклюзивті оқитын балалар арнайы түзету бағдарламасын мектеп-интернат базасында оқиды. Ол сабақтар жеке оқыту бағдарламасына сәйкес бірнеше сағат қана болады. Күннің екінші жартысында олар сау балалармен бірге оқиды. “Мектепте есту кемістігі бар балалар үшін қосымша білім беру жобасы жұмыс істейді. Онда есту кемістігі бар балалар дені сау балалармен бірге би, спорттық үйірмелерге, сахналандырылған қойылымдарға қатысады. Ішінара инклюзивті оқыту баланың жеке оқу кезіндегі дағдысын жинақтауға және дені сау балалар оқитын ортаға үйреніп, бейімделуіне мүмкіндік береді, – дейді Елена Кулакова.

Конференцияның бірінші бөлімі теориялық жұмыстарға негізделді. Шараның екінші бөлімінде педагогтер назарына балалардың дыбысты жақсы естіп, ырғақпен, ыммен жұмыс істеуіне арналған индукциялық кабинеті, емдік оңалту кешені, рухани келісім орталығы мен қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Меймандар есту кемістігі бар балалардың күшімен дайындалған концертті тамашалады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.