Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' “FOUNDATION”-НЫҢ ҚҰШАҒЫ КЕҢ

“FOUNDATION”-НЫҢ ҚҰШАҒЫ КЕҢ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында “Туған жер” жобасын жасауды ұсынған болатын. Бұл бағдарлама әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған, соның ішінде Қытайға, Моңғолияға, Өзбекстанға, Ауғанстан мен Иранға, Түрікменстанға тараған қазақтардың басын біріктіруге мүмкіндік береді. Шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың туған жерге деген махаббаты шексіз.

“Туған жерін сүйе алмаған сүйе алар ма туған елін?” деп халқымыз бекер айтпаған. Аталған бағдарламаны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті барынша жүзеге асыруға атсалысуда. Мемлекеттің шетел қазақтарын қолдау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университетте басқа елдерден келген тыңдаушылар білім алады. Осыған орай, еліміздің азаматтары мен Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдерін, шетел азаматтарын оқыту және тілдік дайындықтың деңгейін көтеру мақсатында “Foundation” факультеті жұмыс істейді. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылдың 30 желтоқсанындағы №554 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды. Оның негізгі мақсаты – жалпы білім беру дайындығының деңгейін арттыру, ой-өрісі дамыған, мәдениетті, білімді, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелейтін орта қалыптастыру, оқыту мен жоғары оқу орындарына түсуге ықпал ету.

Факультет жұмысы негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – ұлты қазақ, бірақ Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын шетел азаматтарына, оралмандарға арналған дайындық курсы. Оның мақсаты – тыңдаушыларды еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға даярлау, қазақ және орыс тілдерін тереңдетіп оқыту.

Екінші бағыт – еліміздің азаматтарының тілдік дайындық деңгейін арттыру. 2016 жылдан бастап “Биология”, “Химия”, “Информатика” және “Физика” секілді педагогикалық мамандықтарды ағылшын тілінде оқыту мақсатымен мамандар даярлау қолға алынды. Аталмыш мамандақтарға оқуға түсу үшін мемлекеттік білім гранттары бөліне бастады. Үшіншіден, кешкі даярлық курстары сәтті жүзеге асуда. Онда өңір мектептерінің түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау мақсатында негізгі (Қазақстан тарихы, математикалық және оқу сауаттылықтары) және профильдік (физика, математика, биология, химия, информатика, дүниежүзі тарихы, ағылшын және тағы басқа) пәндер бойынша ақылы негізде көмек көрсетіледі. Оқу мерзімі 9 (қазан-маусым), 6 (қаңтар-маусым) және 3 айлық (наурыз-мамыр) болып бөлінеді.

Қазіргі уақытта мұнда мемлекеттік грант бойынша 101 тыңдаушы білім алуда. Оқу үрдісі кредиттік жүйеге сай жүзеге асырылады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде республикалық бюджет есебінен шәкіртақы төленеді. Күндізгі оқу бөлімінде оқитын жастар жатақханамен қамтамасыз етілген. Олар үшін түрлі жеңілдіктер беретін тыңдаушы билеті қарастырылған.

Факультетте өткізілетін тәрбиелік іс-шаралардың негізгі мақсаты қазіргі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті және өз бетінше білім алуға талабы бар азамат қалыптастыру және дамыту болып табылады. Тыңдаушылардың бір жыл шеңберінде бакалавриат бағдарламасына бағытталған тілдік дайындықтан өтуі ағылшын тілін білу деңгейін айтарлықтай арттыруға көмектесті. Сол себепті олардың қорытынды тест (ҰБТ, КТ) тапсырғаннан кейін өз таңдаулары бойынша еліміздің кез келген жоғары оқу орнында білім алуларына мүмкіндігі бар. Оларды сынақтарға университетіміздің мол тәжірибесі бар ұстаздары дайындайды.

Университет аясында бірлікті нығайту үшін жыл бойы көптеген шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар олар қалауларынша көптеген студенттік клубтардың мүшесі бола алады. Жалпы, оқимын деген балаға барлық мүмкіндік жасалған. Бір жылда терең білім игеріп, тілді еркін меңгеруге толық негіз бар. Факультет ұжымы бұл жолда аянбай еңбектеніп, бәсекеге қабілетті жастарды даярлауға әрдайым әзір.

Гүлмира МҰХАМЕДЖАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Foundation” факультетінің деканы,

PhD докторы.   

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.