Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ СӨЗІ МЕН ІСІ ҮЙЛЕСКЕН

СӨЗІ МЕН ІСІ ҮЙЛЕСКЕН

Өңірімізде Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың беделі туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. Оның оқушылары мен мұғалімдерінің түрлі сайыстардағы жеңістері жайлы біздің облыс деңгейіндегі жалғыз қазақ басылымы “Солтүстік Қазақстан” газетіне жиі жазылып тұрады. Бірақ сол ұжымды басқарып, шәкірттер сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін жан-жақты жағдай жасап отырған гимназия-интернат директоры Күлжан Төкенова жайлы мақаланы соңғы бес-алты жылдың көлемінде кездестірмеппін.

Күлжан Төкенованы білім саласы қызметкерлерінің түрлі жиындарында көргеніммен, амандықтан әріге бармаппыз. Әр адамның өзгелерге ұқсамайтын жұмбақ әлемі болады. Күлжан Жұмашқызының да қайталанбас өз әлемі бар. Естуімше, ол – бір көргенде ақжарқын, жайдары көрінгенімен, қара қылды қақ жарған әділ, өте талапшыл, қатал, ұнатпағанын бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын жан. “Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық”, деген оймен гимназия-интернатқа қоңырау шалдым. Телефон құлағын көтерген хатшы қыз Күлжан Жұмашқызымен бірден қосты. Кездесуге келісіп, күнін белгіледік.

– Келерден бұрын тағы хабарласарсыз. Аяқастынан бірдеңе шығып қалып, құр келіп жүрмеңіз, – деп алдын ала ескерткен сөзінен оның әр күні мен әр сағаты санаулы, уақытпен жұмыс істейтіні байқалады.

Уәделі күні тағы қоңырау шалдым. Тағы да хатшы қыз: “Күлжан Жұмашқызы бір жұмыстарымен шығып кетті. Сіз келгенше, ол да келеді”, – деді.

Солай болды да. Келсем, Күлжан Жұмашқызы ешқайда шықпағандай, алдымда күтіп тұр. Ішімнен: “Темірдей тәртіптің адамы. Күн тәртібіне сарбаздай бағынатын жан”, – деп түйдім. Менің онымен алғашқы бетпе-бет кездесуім осылай басталды.

Күлжан Жұмашқызымен кеңесе отырып, оның айтқан әңгімелерінен кейіпкерімнің портретін ойша сомдауға кірістім. Есіл ауданының Бұлақ ауылында сегізжылдықты қазақша бітірген Күлжанды ата-анасы: “Орысша оқымасаң наныңды тауып жей алмайсың”, – деп жоғары сыныптарға орыс мектебіне береді. “Оқу қиын болды. Біліп тұрғаныңды жеткізе алмайсың, бірақ орысша оқымаймын деп те айтпайсың. Өйткені, ата-ананың айтқаны заң”, – дейді ол бүгінгі білім өресінің, ақыл-парасатының, орам­ды ой мен терең тұжырымның бойында қалай қалыптас-қанының түп төркінін аңғартып.

Сөйтіп, Күлжан Жұмашқызы Тораңғұл орта мектебін орысша тамамдаған. Оқу үдерісінде талай қиындықтар кездескен. Соның бірі – тарихтан мемлекеттік емтиханды қалай тапсырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді. “Мектеп директоры Екатерина Дмитриевна деген мықты мұғалім болды, бірақ түсі суық, қатал кісі еді. Емтиханда маған Кеңес одағының “Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жету себептері” деген сұрақ келді. Төмен баға алып, артта қалғым келмейді, намыс та қысып барады. Бар орысшамды салып, білгенімді айтып жатырмын. Сонда Екатерина Дмитриевна: “Молодец. Где то языком не достаешь, но предмет знаешь. Пять”, – деді. Қуанғанымнан жылап жібердім. Директордың сабағынан бес алу деген, ол кезде ерлікпен парапар еді”, – деді Күлжан Жұмашқызы риясыз күліп.

Ол кезде жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін бір жыл жұмыс істеу керек. Алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылы Бұлақ мектебінде пионер ұйымының жетекшілігінен бастаған ол келесі жылы университетке түседі. Бірде орыс тілі мұғалімі одан төмен оқитын өз ұлтының қыздарына “төрт пен бес”, ал бұған “үш” қойып бергеніне шыдай алмай, онымен сөзге келіп қалып, “Оқымаймын!” – деп ауылға барып жатып алуы да Күлжан Жұмашқызының өзгеге ұқсамайтын өзгеше мінезінен сыр бермей ме?!

Көнекөз қарттардың “Мінезді адамдардан түбі бірдеңе шығады” дегенін талай естуші едім. Маған сол сөздің Күлжан Жұмашқызына да қатысы бардай көрінді. Қазіргі таңдағы бағындырған биігі мен алған асуларына ол намысын ешкімге таптатпайтын, ештеңеден тайсалмайтын, алған бетінен қайтпайтын, бірбеткей, өр мінезінің арқасында қол жеткізген. Университетті бітіріп, орыс мектебінде сабақ береді. Қайта құру басталып, қазақ мектептері ашыла бастаған кезде қос тілді қатар меңгергендігінің пайдасы тиеді.

Сөзім сыңар жақты болмас үшін осы жүйеде талай жылдардан бері үзеңгілес келе жатқан білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Шарғия Мұқышеваның пікірін білгенімде: “Күлжан Жұмашқызы осы қызметке енді тағайындалған кезінде: “Шәке, біздің қаракөз балаларымыздың кімнен қай жері кем?! Менің арманым – өңіріміздің талапты ұл-қыздарын жинап, жоғары деңгейде білім алуына жағдай жасау”, – деген сөзі есімнен кетпейді. Ол өзіне тән жігерлілік, намысшылдық, шығармашылық қасиеттерінің арқасында мақсатына жетіп, білім ошағын өңіріміз бен республика деңгейінде алдыңғы қатарға шығарды. Күлжан Жұмашқызы адамгершілігі мол, еңбексүйгіш, шыншыл, бірбеткейлігі де бар, бірақ кек сақтамайтын ақжарқын адам. Өз басым оны осы қасиеттері үшін сыйлаймын әрі мақтан тұтамын”, – деді.

Күлжан Төкенова жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендерді ұнатпайды. “Тәртіп жоқ жерде – білім де жоқ”, – деп тәртіпті алдыңғы орынға қояды.

– Мұғалімдердің жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап, соған сәйкес өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Оқушылардың тәртібі мен білім сапасын қатаң қадағалайды. Нәтижесінде өткен оқу жылында түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алған балалар саны 30-ға жетсе, биыл химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 23 оқушы түсіп, 9-ы резервке қойылды. 2016-2017 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп түлектері 103-тен жоғары балл жинап, 11-і “Алтын белгісін” дәлелдеді, – дейді Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жадыра Қаржауова.

Әңгіме барысында кабинетке мектеп-гимназияның түлегі Гүлден Шоқатова кірді. Ол өзінің асығыс екенін, Күлжан Жұмашқызына сәлемдесіп кету үшін кіргенін айтып, менен кешірім өтінді. Мен бұдан ұстаз бен шәкірттің емес, көптен көріспеген құрбылардың кездесуін көргендей әсер алдым. Өмірде өзінің ұстанымы бар, ізгілік қағидасы қалыптасқан, сенімді сөйлеп, батыл қимылдайтын Күлжан Жұмашқызының кісілік келбетінің, жұртты қызметіне қарап бөлмей, ең алдымен, адам ретінде сыйлайтынының куәсі болдым.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш”, – дей келіп, бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аудару қажеттілігін айтқан болатын. Өзінің адамдық табиғи қалпынан ешқашан айнымай, білімді, елжанды, туған жерін, елін сүйетін өскелең ұрпақ тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген Күлжан Төкенова – Елбасының осы сөздеріне лайық жандардың бірі.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика