Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ БИІК

ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ БИІК

“Ісім оңға бассын десеңіз, сол істің маманы болыңыз”, – деген қағиданы өзінің ұстанымына айналдырған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Татьяна Кучер – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мектепке дейінгі және бастауыш сыныптарды оқыту теориясы мен әдістемесі кафедрасының оқытушысы. Қырық бес жылғы ұстаздық өмір жолында өз ісінің маманы атану үшін бар білімі мен білігін сарқа жұмсаған жерлесіміз Татьяна Кучердің есімі “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы жеңімпаздарының тізіміне енген.

К.Ушинский атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты тамамдаған Татьяна Павловна ұстаздық еңбек жолын Тимирязев ауданында ауыл балаларына математикадан сабақ беруден бастап, мансап сатысымен біртіндеп көтерілді. КСРО педагогикалық ғылым академиясы Мәскеу ғылыми-зерттеу институтының мазмұн және әдістемелік оқыту академиясында оқуын жалғастырып, аспирантурада оқыды. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мектепке дейінгі және бастауыш оқыту теориясы мен әдістемесі кафедрасын жиырма жылдай басқарып, мыңдаған бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауға сүбелі үлес қосты. 1997 жылы ұзақ жылғы еңбегі үшін “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

Өзінің ісін жан-тәнімен беріле атқарған Татьяна Кучер әрқашан білім сапасын басты орынға қояды. Ол студенттерін мұғалім болуға ғана емес, әр баланың жүрегіне жол таба білетін ақылшы, сырлас дос бола білуге үйретті. Ең бастысы, білімнің негізі бастауышта қаланатынын, соған байланысты балғындардың өмірлік түсініктері, ұстанымдары қалыптасатынын ұғындырады. Татьяна Павловнаның айтуынша, қазір балаларға бұрынғыдай үстемдік жүрмейді. Ұстаз баланың екінші анасындай, ал олардың ата-анасына ақылшы досындай болғаны дұрыс. Ұстаз оқушыларға берген білімі үшін жауапты. Сондықтан өзара қарым-қатынаста ынтымақтастық қажет.

– Елбасы Қазақстан халқына Жолдауларында мектепке дейінгі білім беру маңызды екенін айтып, оның сапасына үнемі баса назар аударады. Біз Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау үшін болашақ педагогтерді соған сай етіп даярлауымыз керек. Студенттердің түрлі деңгейлердегі республикалық байқауларға қатысып, жоғары бағаларға ие болуы – берілген білім сапасының көрсеткіші, – дейді Татьяна Кучер.

2013 жылы еліміздің жоғары оқу орындары арасында бес жүзден астам педагог қатысқан байқауда Татьяна Кучер үздік педагог атанып, білім беру грантын ұтып алған. Ұстаз студенттерге білім берумен ғана шектелмей, олармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізіп, оқу-әдістемелік кешендер, құрал-жабдықтар жазады. Тұсаукесерлер, дәрістер әзірлеп, ғылыми жұмыстарға жетекшілік етеді. Республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, білім және ғылым тақырыбындағы мақалалары Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де жарық көрді.

Татьяна Павловнаның еңбектері көп жылғы педагогикалық тәжірибесіне сүйене отырып жазылған. Олар бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау үдерісін әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған. Еңбектерінің арасында студенттерге арналған “Математика негіздері”, “Математика. Тесттер”, “Математиканы оқыту әдістемесі”, тағы басқа оқу құралдары бар. Татьяна Кучер жалпы білім беретін мектептердің 2-6-сыныптары және жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға сәйкес 5 және 7-сыныптар үшін математика оқулықтары мен бағдарламаларын жазған.

Ұстаздың 2015-2016 оқу жылдарындағы гуманитарлық ғылым саласындағы басылымдары жоғары бағаланып, ол “Психология және педагогика бағытындағы студенттерге арналған үздік оқу құралы”, “Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған үздік оқу құралы” аталымдары бойынша жеңімпаз атанды. Татьяна Павловна “Білім беру классикасы” оқулық басылымдарының І халықаралық конкурсында “Математика” аталымы бойынша лауреат атанып, оқулығын шығарды.

Татьяна Кучер 2016 жылы “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен, 2017 жылы А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика