Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' БІЛІМДІЛЕР САЙЫСЫ

БІЛІМДІЛЕР САЙЫСЫ

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтуде. Оған 9, 10 және 11-сыныптардың 578 оқушысы қатысып, 15 пән бойынша білімдерін сарапқа салды. Барлық үміткерлердің 211-і – аудандардан, қалғаны қалалық білім беру ұйымдарының атынан қатысуда.

Білім додасы оқушылардың оқу-танымдық әрекеттерін ынталандыруды, олардың арасынан талантты да дарындыларын іріктеп алып, қолдау көрсету арқылы еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруды көздейді. Олимпиадаға қатысушылар Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық және Петропавл құрылыс-экономикалық колледждері базасында білімдерін сынға салды.

Сайыстың алғашқы кезеңінде оқушылар жазбаша (мазмұндама, шығарма, эссе жазу, есептер шығару, тест тапсыру) сынақтан өтті. Физика, химия сияқты пәндерден бірінші күні есептер шығарса, келесі күні зертханалық жұмыстар орындалды. Бірінші кезеңде жоғары ұпай алғандар екінші турда бақ сынасты.

– Олимпиадалық тапсырмаларды жалпы білім беретін бағдарламаларға сәйкес республикалық әдістемелік кеңес дайындап, еліміздің ғылыми-тәжірибелік “Дарын” орталығы бекіткен. Тапсырмаларды бағалауды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғары білікті оқытушылары мен өңіріміздің алдыңғы қатарлы мұғалімдері республикалық “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығы бекіткен әдістемелік ұсыныстар өлшемдеріне сәйкес жүргізді, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Шекер Жандосова.

Оқушыларға ұялы телефон мен интернетті пайдалануға тыйым салынған. Әр пәнге 150-ден 200 минутқа дейін уақыт бөлінді. Биыл олимпиада қорытындысы бойынша жүлдегерлер дипломдармен марапатталады. Үздік оқушылардан облыс құрамасы жасақталып, олар республикалық кезеңге жолдама алады. Өткен жылы біздің облыс оқушылары республикалық кезеңде 14 жүлделі орынға ие болған еді.

Білімділер сайысының жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық кезеңі 2018 жылдың наурыз айында Атырау, қоғамдық-гуманитарлық циклдегі сынақ Қостанай қалаларында өтеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.