Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ жас қайыңды игендей деген ақылды ата-аналар естен шығармағаны абзал

ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ жас қайыңды игендей деген ақылды ата-аналар естен шығармағаны абзал

Ата-бабамыз бізге өсиет етіп қалдырған осынау даналық сөздің парқын бүгінде біреулер түсініп, кәдеге жаратып жатса, бәз біреулер тереңіне бойлап аражігін ажырата қоймайды. Десек те, қазіргідей озық технологиялар, жаһандану үрдісі тамырын тереңге жайып, бәріміз ұлттық құндылықтардан қол үзіңкіреген тұста ердің құнын бірауыз сөзбен шешкен халқымыздың шешендік, ұлағатты сөздерінің қадыр-қасиетін жан-тәніңмен ұққандай боласың. Осыған қарап-ақ баланың ұядан қанат қағып ұшып, азамат санатына жеткенге дейінгі тәлім-тәрбиесіне ел, қоғам бірлесіп жауапты болғанын аңғаруға болады. Бабаларымыз “Ел боламын десең, бесігіңді түзе!” деген секілді мән-маңызы терең нақылдарды түзіп қана қоймай, сәмбі талдай желкілдеп өсіп келе жатқан өндірдің тұла бойына сіңіре де білген. Ұл баланың тәрбиесін әкесінен, қыздың тәрбиесін анасынан таныған. “Әкеге қарап оқ жонар, шешеге қарап тон пішер” деп текке айтылмаған. Ертеден қара кешке дейін компьютерден түспейтін жастардың бойынан инабаттылық, сыпайылық, мейірімділік қасиеттердің жетіспейтінін көргенде осылар неге қатыгезденіп барады деген суық ойдың сумаңдап қоя беретіні бар. Дұрыс бағыт-бағдар алған баланың таңдаудан қателеспейтінін, өмірден өз орнын табатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Қандай қиын-қыстау кезде де суық ақылға, ыстық жүрекке жүгінгендердің небір “тар жол, тайғақ кешуден” сүрінбей өтері анық.

Мектеп жасына жеткен баланы ата-анасы ұстаздар қауымына сеніп тапсырады. Ұстаз үшін нағыз сын басталады. Осы үдеден көріну оңай емес. Аянбай еңбек ету, тер төгу аз. Ата-анамен үнемі тығыз қарым-қатынас жасай отырып, сапалы білім берумен қатар, рухани жағынан жан-жақты кемелденуіне де ерекше мән берген дұрыс. Осындайда хакім Абайдың: “Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады”, – деген хақлия сөзі ойға еріксіз оралады. Шынында да, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғынды қай жаққа исең, сәмбі талдай сол жаққа майысып тұрады. Бір ғана ағат, жаңсақ қадам арқылы сындырып алу, болашағына балта шабу оп-оңай. Тәрбие мен білім – егіз деп жататынымыз сондықтан.

Қазіргі таңда ұстаздар алдына баланы дербес тұлға ретінде қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін жетілдіру сияқты міндеттер қойылып жатқанымен, таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпаған абзал. “Аға тұрып іні сөйлегеннен без” демей ме? Кей балалар білгеннің жөні осы екен деп, тіл безеп, “білімпаздыққа” салынып жатады. Тәрбиенің кемшіндігі осындайда байқалып қалады. Ұлы ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби тәрбие туралы: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі”, – деген болатын. Осы сөздерді әрдайым жадымызда ұстайық.

Гүлнарай ТАЛАСБАЕВА,

М.Ахметбеков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.