Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы мемлекеттің стратегиялық даму жолына бағытталған бағдарламасы екендігі айқын. Бұл жолы да Елбасы мемлекеттің даму жоспарын әлемдік бағыт-бағдарлармен қатар алып жүруге жол көрсетті. “Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде”, – деген Елбасы елімізді алдыңғы қатарлы технологиялармен дамыту қажеттігін алға тартып, осы бағытта кешенді жұмыстарды жүргізуді талап етті. Президент өз сөзінде әлемнің технологиялық өзгерісі көз ілестірмейтінін алға тартып, елімізде төртінші өндірістік революция жасау қажеттігін айтты. Жолдауда үстіміздегі жылы жүзеге асырылуы тиіс нақты он бағыт белгіленген. Оларды жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың міндеті болып саналады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде мамандар даярланады. “Foundation” факультеті, қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтының да кадр мәселесінің сапалылығына қосар үлесі зор. Біздің университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де қуантарлық. Еңбек нарығында біздің түлектер сұранысқа ие болып отыр.

Елдің болашағын сенімді қолға тапсыру үшін жоғары оқу орындары алдында білікті кадр даярлау зор міндет болып табылады. Осы бағытта да біздің университеттің алдына қойып отырған мақсаттары бар. Елбасы Жолдауының жетінші бағыты білім саласында еңбек етіп жүрген мамандарды толғандырары анық. “Адами капитал – жаңғыру негізі” деп аталатын бағыт елдің даму стратегиясында маңызды орын алады. Президент бізге білім сапасының жаңа қадамына өтуді, оның бағдарламаларының өзгерістеріне үнемі бейім болуды және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыта білу керектігін тапсырды.

Педагогтердің беделін арттыру – еліміздің білім беру жүйесінің басым бағыты. Сондықтан педагог мамандарын даярлауда өзіндік үлесі бар біздің университет заманауи технологияларды игере отырып, бүгінгі күннің талабына сай кадр даярлаудың кешенді жоспарын жетілдіріп келеді. Университетте кадр тапшылығын жою, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату, білім беру жүйесіндегі жаңашылдық мәселелері ескеріліп, жаңа бағдарламалар әзірленуде. Президент педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керектігіне баса назар аударды. Мамандардың біліктілік деңгейлерін әрі қарай да арттыру – біздің мекемеміздің маңызды талаптарының бірі.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жаңа индустрияландыру негізінде саланы стандарттау мен коммуникациялау және білім беру жүйесіне бейімдеу мақсатында дуалды оқыту жүйесін қолға алды. Білім алушылардың академиялық ұтқырлық шекарасын кеңейту де нәтижелі тәсіл екендігі сөзсіз. Студенттерді жасанды интеллект және “үлкен деректермен” оқыту мәселесі жоспарланған. Жоғары оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары кең ауқымды жұмыстарды жүргізуге дайын. Біз жас ұрпақты ғылыми-зерттеу және өнеркәсіптік-технологиялық ортаға баулуымыз қажет. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, “дөңгелек үстелдер” және басқа да іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Университетте мұнай және газ химиясы, агроөнеркәсіптік кешен, био және IT-технологиялар бойынша студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріледі.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: “Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады”, – деп атап көрсетті. Бұл еліміздің білім ордаларындағы біраз мәселелердің шешімін табуға жол ашпақ.

“Ауыл шаруашылығы” кафедрасында Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірге Солтүстік Қазақстан орманды-дала аймағында пайдаланудан шығарылған алқаптарды, құнарлылығы төмен (селдір) аймақтарды жоғары өнімді шабынды және жайылымға айналдыру жобасы әзірленуде. “Шағала-Агро” компаниясы әріптес әрі инвестор ретінде өз қызметін ұсынды. Жобаның іске асырылу мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланды. Бұл бағдарлама белсенді ауыл шаруашылығы айналымына 900 гектар құнарлылығы төмен жерді енгізуге мүмкіндік береді.

Білім ордасының жас ғалымдар кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры конкурстық комиссияның шешімімен 2017 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылды. Жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу жұмысын ынталандыру үшін жақында СҚМУ-дің төрт жас ғалымына жалпы сомасы 600 000 теңге болатын гранттар бөлінді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті конкурсының қорытындысы бойынша білім ордасында ашылған университеттің ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыру кеңсесі “Өнімді инновацияға ынталандыру” жобасына 116 млн. теңге сомасында грант берді.

Бүгінге дейін СҚМУ шетелдік ұйымдармен және университеттермен 135 келісімшарт жасады. Сондай-ақ, “Эразмус+” бағдарламасы шеңберінде халықаралық жоба жүзеге асырылуда. Жоғары оқу орнында идеологиялық жұмыстарды дамыта отырып, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де жобалық офис ашылды және ғылыми-педагогикалық әлеуеті бар сарапшылар тобы құрылды.

Тұтастай алғанда, Елбасы Жолдауы қазіргі заманғы қоғамның барлық басым салаларын дамытуды көздеген. Біздің міндетіміз – жоғары мектепке қатысты болғандықтан, Жолдаудың негізгі ережелерін ескере отырып, жоспар әзірлеу мен іске асыру бағытында іс-қимылдар жасау және одан жақсы нәтиже шығару болмақ.

Серік ӨМІРБАЕВ,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.